"Шамшырақ"

«Ustaz ýnıversıtetі» тың технологияны жетілдіре түсуде

Written by Aray2005

Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық
университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор

COVID-19 пандемиясының өршіп кетуінен және коронавирустың тез таралуынан сақтану мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі де шұғыл шешім қабылдап, барлық білім беру жүйесін дер кезінде қашықтықтан және онлайн оқыту форматына ауыстырған еді. Өйткені балалар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүкіл әлемдік білім беру қоғамдастығының алдында тұрған басты міндет екендігі анық.

Көппен бірге Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті де 16 наурыздан бастап қашықтық форматына көшті. Десе де қашықтықтан оқыту жүйесі университетімізде бұған дейін де қолданылғандықтан біз үшін бұл үдерістің еш таңсықтығы жоқ.
Қалыптасқан жағдайға байланысты біз университеттің академиялық саясатына сәйкес барлық шараларды қабылдадық. Бұрын жоспарланған барлық іс-шаралар тоқтатылып, күндізгі отырыстарды, жиналыстарды өткізу оффлайн режиміне ауыстырылды. Университет қызметкерлері де жұмыс орнына келмей-ақ, өз міндеттерін сырттай орындауда.
Қашықтықтан оқытуға шұғыл көшу үшін біз бірқатар техникалық міндеттерді шештік. Қолда бар платформаның қуатын арттыру бойынша жұмыс жүргізілді. Интернет жүйелері іркіліссіз жұмыс істейді. Сондықтан оқу орнының барлық электрондық ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Университет білім алушылары мен профессорлық-оқытушылар құрамының жұмысы қашықтықтан білім берудің түрлі технологияларын пайдалана отырып, электрондық-ақпараттық білім беруге сай ұйымдастырылған.
Оқу сабақтары әдеттегі оқу кестесіне сәйкес өтеді. Қашықтықтан оқыту және Moodle білім беру порталдарында барлық қажетті оқу материалдары: дәрістер конспектілері, видеолекциялар, презентациялар, тест және жазбаша тапсырмалар берілген. Сонымен қатар студенттер Moodle жүйесі аясында Cisco Webex, Google Classroom, Zoom, Microsoft teams, Hangouts сияқты бағдарламалардың көмегімен нақты уақыт режимінде online оқытылуда.
Айта кету керек, ТарМПУ-де 7000-нан астам білім алушы бар. Оқытушыларымыз қашықтықтан оқу үдерісін ұйымдастыруға байланысты техникалық және әдістемелік мәселелерді үнемі қарастырады, синхронды және асинхронды оқыту әдістерін қолданады. Бірыңғай жұмысты ұйымдастыру үшін олар студенттер қол жеткізуі тиіс оқу нәтижесінен бас тартып, осы жерден оқу нәтижесіне сүйеніп «Мен өз студенттерімді неге үйреткім келеді?», «Студенттер бұған қалай үйренеді?», «Біз оларға қалай қолдау көрсете аламыз?» деген сұрақтарға жауап беретін әрекет алгоритмін әзірледі.
Мысалы, шығармашылық мамандықтар бойынша жеке тапсырмалардың орындалуын оқытушы визуалды Zoom немесе WhatsApp арқылы бақылайды. Күні бойы, осылайша, кесте арқылы жүздеген сабақ өтеді. Бұл күрделі кезеңде тәртіп пен түсінік көрсеткен біздің оқытушылар мен студенттердің үлкен еңбегі.
Қалыптасқан жағдайда жоғары оқу орнында емтихан сессиясы мен қорытынды аттестацияның әдеттегі форматын да өзгерту керек.
Биыл бізде барлық аттестациялық іс-шаралар жазбаша және компьютерлік тестілеу түрінде ұйымдастырылады. Оларды университет порталы базасында «Платонус» ААЖ-да және қажет болған жағдайда басқа да бағдарламалық жүйелер арқылы, бейне және аудиобайланыс сервистерін пайдалана отырып өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал студент жұмысы антиплагиат жүйесі арқылы тексеріледі.
Сондай-ақ шалғай ауылдарда тұратын студенттер үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Егер емтиханды белгіленген уақытта тапсыра алмай қалса, студент өз ыңғайына қарай кешкі 20:00-ге дейін тапсыра алады.
Ал денсаулық жағдайына немесе желінің мүлде тартпай қалу жағдайы сынды қиындықтарға тап болған студенттер үшін емтихан уақытын ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Ол қажет болған жағдайда маусым айының соңына дейін, ерекше жағдайларда тамыз айының бастапқы күндеріне дейінгі уақытты қамтиды.
Оқу пәндері бойынша емтихандарды емтихан орталығы қызметкерлерінің техникалық қолдауымен тиісті лекторлар қабылдайды. Студент өзінің жазбаша жауабын fdo.moodle жүйесінде кері байланыс түрінде бекітуі керек. Содан соң ақпараттық технологиялар орталығының қызметкерлері плагиаттан өткізіп, тексереді.
Қашықтан оқыту технологиясы жағдайында ЖОО-ның академиялық саясатына сәйкес ағымдағы форматта өткізілетін емтихандардың нәтижелері тиісті дәлелдік материалдармен (оқу нәтижелеріне қол жеткізуді көрсететін бейне файлдар) расталуы тиіс. Мұндай материалдар электронды тасығыштарда деканатта және fdo.moodle жүйесінде сақталуы керек.
Сондай-ақ студенттер курстық жұмысты жазғы семестрлерде жазу мүмкіндігіне ие болды. Жазғы семестрде ақысыз тапсырады. Курстық жұмыстардың кейінге шегерілуі емтихан балына ықпал етпейді.
Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қорытынды аттестаттау ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғау түрінде өткізілетіндігі бәрімізге мәлім.
Бітірушілердің біліктілік жұмыстары мен магистрлік диссертацияларын ауызша қорғауды ұйымдастыруда біз техникалық жұмыстар көлемінің өсуінен және ЖОО мемлекеттік аттестаттауды өткізу үшін тартатын жұмыс берушілер форматының жетілмеуінен басқа тәуекелдерді көріп отырған жоқпыз. Сонымен қатар ақпараттық жүйелер арқылы дипломдық жұмыстар, магистрлік диссертациялар басшыларынан пікір, сыртқы тұлғалардан рецензия алу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Комиссия алдында сөз сөйлеу регламентке сәйкес қатаң түрде бейнеконференция байланыс арқылы қашықтан өтетін болады.
Біздің университетіміз үшін тағы бір жаңалық – биыл біз дипломдық жұмыстарды қағаз түрінде ұсыну қажеттілігін жойғымыз келеді. Бірнеше жылдан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарының мәтіндері плагиатқа тексеру және ақпараттық ортада орналастыру үшін электронды түрде жиналады. Сондықтан қағаз тасығышты жою оңай болады.

Қашықтықтан оқыту жағдайында болашақ педагогтардың педагогикалық тәжірибесі

Қазақстандық жоғары оқу орындары үшін карантиндегі жағдай төзімділікке сыналып, сондай-ақ осы бағыттағы өз жұмыстарын көрсетуге жақсы мүмкіндік болуы мүмкін.
Жоғары білім беру стандарттарын ұстана отырып және оқу сапасын жетілдіре келе, біз цифрлық технологияларды пайдалануға негізделген өзіміздің инновациялық даму стратегиямызды әзірледік. Оның басты элементі «Цифрлық Қазақстан – Цифрлық ТарМПУ» жобасы болды. Бұл студенттер мен оқытушылардың өзара қарым-қатынасына арналған онлайн-алаң. Осы жоба аясында университетте студенттерге оффлайнда ғана емес, қашықтықтан оқыту жағдайында педагогикалық практикадан өтуге мүмкіндік беретін электрондық портфолио әзірленді.
ЖОО-ның білім беру ортасын ұйымдастыру үшін шешім таңдап, оны қолданыстағы инфрақұрылымға біріктіру талап етілді. Жаңа формат студенттердің оқу жетістіктерін бағдарламалық қосымша негізінде электронды портфолио арқылы жинақтауды көздейді.
Бұл платформаның артықшылықтарының бірі – студенттер үшін кәсіби тәжірибені ұйымдастырудың тиімді құралы болуында. Бұл ретте, оған Қазақстан аумағында да, шетелде де кез келген нүктеден қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік мектептерде, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге практиканы мерзімінде өтуге ықпал етеді.
Ауылдық квота шеңберінде түскен студенттерді кейіннен жұмысқа орналастыру үшін практикадан өтуде аудандарға жіберіп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесеміз. Осыны ескере отырып, енді жұмыс берушінің электронды портфолиосы арқылы рекрутинг өткізуге және өзінің кадрлық резервін құруға мүмкіндігі бар.
Алдағы уақытта электронды еңбек биржасы базасына «Enbek.kz» ТарМПУ түлектерінің электрондық портфолиосын ресми бекітуді жоспарлап отырмыз және осы арқылы кез келген аймақтағы жұмыс берушілер ұсынылған түйіндемелерді ғана емес, сонымен қатар біздің түлектеріміздің жетістіктерін қарастыруға мүмкіндік алады.
Оқытуды ұйымдастыру үшін осындай инновациялық құралдарды пайдалану біздің университетке Қазақстанның білім беру қызметтері нарығында бәсекелестік артықшылық береді деп санаймын.

Университеттің әлеуметтік және қайырымдылық миссиясы қандай?

COVID-19 пандемиясы жағдайында халыққа көмек көрсету мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бірқатар әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларды қабылдады.
Біздің басты бастамаларымыздың бірі – сабақтарға дайындық шеңберінде оқушыларды тегін оқыту, сондай-ақ компьютерлік сауаттылықты арттыру бойынша мұғалімдерге әдістемелік қолдау және көмек көрсету.
Психологтардың пікірінше, мәжбүрлі оқшаулау балалардың психологиялық жағдайының нашарлауына, тәртіптің бұзылуына, жанжалдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан, өзін-өзі шектеу кезінде балалардың оқуды жалғастырып, болашаққа жоспар құруы аса маңызды.
Осы жұмыс шеңберінде оқушылар әлеуметтік желілер мен Zoom сервисі платформаларында универсиеттің жоғары мектептерінің профессорлары және оқытушыларымен кездесу жоспарлануда, онда балалар өздерін қызықтырған сұрақтарды қоя алады, сондай-ақ өмірге пайдалы дағдыларды дамыту бойынша тренингтерге қатыса алады.
Оқушылардың прогресін қадағалау және үнемі қолдау көрсету үшін танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде топтық чаттар құрылады. Онда үй тапсырмаларын талқылаудан басқа, балалар конкурстарға және басқа да онлайн-активтерге қатыса алады.
Сонымен қатар университетте ғылыми-зерттеу тобы құрылды. Ол оқушылардың қашықтан оқыту технологиясы жағдайында оқу процесін қабылдауын, бұл процесс оқу сапасына қаншалықты әсер ететінін, білім алушылардың өзін-өзі реттеу деңгейін және коммуникативтік мәдениетін анықтауды зерттейтін болады. Өйткені қашықтықтан оқыту жүйесі мотивацияның жоғары деңгейін, өзін-өзі оқытудың дамыған дағдыларын және дербес жұмысты жоспарлауды талап етеді. Сонымен қатар біздің ғалым-педагогтарымыз тек білім алушыларға, мұғалімдерге ғана емес, ата-аналарға да психологиялық қолдау көрсетуге дайын.
Мектеп оқушылары сабақтарының қашықтық форматқа көшуіне байланысты біз Тараз қаласының мұқтаж оқушыларына компьютерлерді беруге қатысты тағы бір шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда университеттен онлайн оқыту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін 300-ден астам компьютер берілді. Техниканы қашықтықтан оқыту кезінде балалардың заңды өкілдері тегін алды.
Біз 500 компьютерді тегін негізде беруге дайынбыз. Бірінші кезекте оларды көпбалалы және аз қамтылған отбасылар алады. Осындай көмек алғандардың қатарына – университеттің қызметкерлері мен техникалық қызметкелер кіреді.
Бұл күрделі уақытта біз бір-бірімізге көмектесіп, қолдау көрсете алатынымызды көрсетуіміз керек. Президент халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға баса назар аударып отыр. Бұл өте маңызды.
Айта кету керек, бұл елдегі эпидемиологиялық жағдай кезінде халыққа жасаған алғашқы көмек көрсетуіміз емес. Бұған дейін біздің оқытушыларымыз қала тұрғындарына өздері тіккен маскаларын таратып, қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

ПІКІР