Ұстыны бөлек ұстаз

Қарақат ауылының тұрғындары Н.Сүлейменовтің есімін мектепке беру туралы бастама көтерді

0 26

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын іске асыру мақсатында Қарақат ауылдық мәдениет үйінде «Ерлік пен елдіктің өшпес ізі» тақырыбымен мәдени жиын өтті. Аталмыш іс-шара соғыс ардагері, талай жылдар бойы ауыл мектебін басқарған ұлағатты ұстаз Нұрмаш Сүлейменовке арналды. Тағылымы мол шараға сала мамандары, қызметтес болған әріптестері, туыстары, ауыл тұрғындары және оқушылар қатысты. Жиын барысында ізгі тілектер, есті естеліктер, ұтымды ұсыныстар да айтылды.
Ауылдың ардақты да асыл азаматына айналған Нұрмаш Сүлейменов 1922 жылдың мамыр айында Қарақат ауылында дүниеге келген. 1932 жылы Қарақат ауылындағы бастауыш мектепте білім нәрімен сусындап, 1935 жылы бітіріп шығады. Бала Нұрмаш өз білімін жетілдіру мақсатында 1938 жылы аудандағы орта мектепке түсіп, 1940 жылы тәмамдайды. Өзінің өнегелі өмір жолында сан салалы қызмет атқарған Нұрмаш Сүлейменов еңбек жолын туған ауылында мұғалім болып бастайды.
Сұрапыл соғыс қазақ жерінен талай азаматты майданға аттандырғаны тарихтан белгілі. Нұрмаш Сүлейменұлы да әскер қатарына шақырылып, соғыстың алғы шебінде болады. Алғашында Воронеж майданына соғысқа аттанып, ерен ерлігімен танылады. Сонымен қатар 1943 жылы Украинаның Харьков қаласын жаудан азат ету кезінде ерекше ерлік көрсетеді. Алайда майдан шебінде жауынгерге оқ тиіп, емделіп, 1943 жылы ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды. Жалпы атты әскер қатарында болған майдангер сұрапыл соғыста екі рет жараланады. Майдандағы жан аямас ерлігі мен батылдығы үшін бірнеше орден, медальмен де марапатталған. Атап айтар болсақ, 1947 жылы «Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерен еңбегі үшін» орденімен, 1978 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1985 жылы «Ұлы Отан соғысы» орденімен, 1986 жылы «Жеңістің 30 жылдығы» медалімен, 1996 жылы «Жеңістің 40 жылдығы» медалімен, 1997 жылы «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған.
Нұрмаш Сүлейменұлы 1943 жылы елге оралып, Қарақат ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасып, бір жылдан кейін директор қызметі жүктеледі. Сөйтіп, 40 жыл қатарынан табан аудармай мектепті басқарып, көптеген ілкімді істің ұйытқысы бола білді. Атап айтар болсақ, Нұрмаш ұстаздың ықпалымен сол кезде мектепте тек оқушыларға ғана емес, кешкі оқу сыныптары ашылып, әріп танымаған ауыл азаматтарына да дәріс берілді. Сондай-ақ қазіргі уақытта ауыл балалары дәріс алып жатқан білім ошағы да Нұрмаш ағайдың арқасында бой көтергенін тілге тиек ете кетейік. Дәлірек айтар болсақ, ұстыны бөлек ұстаздың ұйымдастыруымен асарлату дәстүрі арқылы мектептің кірпіші қаланған. Бұл туралы жиында аталмыш игі дәстүрдің ауыл аумағында жүзеге асуына өзіндік үлесін қосқан қадірлі қария Тұрғынбек Қарағаев мәлімдеді. Ақсақал өз сөзінде Нұрмаш Сүлейменұлымен бірге жүрген кезінде орын алған қызықты жайттарды да көпшілікке кеңінен әңгімелеп берді.
Кеш барысында өзге де қонақтар сөз сөйледі. Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров Н.Сүлейменовтің еңбегі орасан зор екенін айта келе, дәл осындай форматтағы жиындар көптеп ұйымдастырылып тұру керектігін жеткізді. Мұндай бастамалар ұстаздарды құрметтеуге, мәртебесін көтеруге септігін тигізетінін тілге тиек етті. Ал аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов кеш кейіпкерінің ауыл үшін жасаған еңбегі өлшеусіз екеніне тоқталып, алдағы уақытта іс-шараны аудандық көлемде де ұйымдастыру туралы өз ұсынысын ортаға тастады.
Кеш барысында мектеп мұғалімдеріне жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеш үшін Нұрмаш ұстаздың үлкен ұлы Омар ақсақал алғысын айтты. Омар Нұрмашұлы әкесінің мектептегі мінезін ғана емес, үйдегі жүріс-тұрысын, балаға деген көзқарасын кеңінен әңгімеледі.
Ал әріптесі болған Болаткүл Дарханбекова Нұрмаш Сүлейменовтің мектепте еңбек атқара жүріп, ұстаздарға үздік тәлімгер, адалдық пен ерліктің ұйытқысы, ұйымдастырушы, білікті басшы бола білгенін әдемі естеліктерімен әңгімелеп берді.
Жиында ұстаздан тәлім алып, биікке жеткен шәкірттері де сөз сөйледі. Солардың бірі – Тұрсынхан Жаманбаев. Ұзақ жылдар бойы аудандық басылымды басқарып, одан бөлек мәслихат хатшысы болған Тұрсынхан Есімқұлұлы «Дәл осы биіктерге жеткенім, Нұрмаш Сүлейменовтей білімді ұстаздардың арқасы» дей келе, мектеп басшысына өзінің соңғы жазылған «Ән-ғұмыр» атты кітабының бірнеше данасын тарту етті. Мектептің кітап қорын көбейткендердің қатарына Салима Нұрмашқызын да жатқызуға болады. Кеш барысында ұстаздың қызы балаларға арналған 21 дана кітап пен бағалы сыйлық тарту етті.
Жиында сөз сөйлеген қонақтардың басым бөлігі ауыл мектебіне Нұрмаш Сүлейменовтің есімін беру керектігін айтып, ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Тіпті осы уақытқа дейін бұл баянды бастама талай рет көтеріліп, өкінішке қарай, аяқсыз қалғанын да сөз етті. Құзырлы мекемелерге барған құжаттар неге екені белгісіз бірнеше рет кері қайтарылыпты.
Расымен, Нұрмаш Сүлейменовтей азаматтың есімін өзі іргетасын қалаған мектепке неге бермеске?! Біздің ойымызша, ұлағатты ұстаз бұл құрметке әбден лайық. Алдағы уақытта аудан басшылары бұл бастаманы жан-жақты қарастырып, қолдайды деген сенімдеміз.
Салтанатты шара соңында мектеп дәлізінен ұстазға арналған арнайы бұрыш ашылды. Онда ұстаздың өмірін бейнелейтін естелік суреттер, қолжазбалары қойылған.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ,
журналист.
Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.