Қоғам

Ұтымды ұсынысқа ұйымшылдықпен үн қатты

Written by Aray2005

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 23 наурыздағы №6 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталған болатын. Осыған орай жер-жерде елорда атауының Нұр-Сұлтан қаласы болып ауыстырылуын қолдау бойынша акциялар өтуде. Сондай шараның бірі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Тараз локомотив депосында өтіп, сала мамандары аталмыш бастаманы қолдайтындықтарын білдірді.

1998 жылы бой көтеріп, аз ғана уақытта әлем назарына іліккен Астана осы уақыт аралығында еліміздің барлық аймақтарын стратегиялық тұрғыда біріктіріп, өңірлер дамуының драйверіне айналғаны белгілі. Бұл жетістіктер Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының баянды бастамалары негізінде жүзеге асырылды. Жиын барысында осы тақылеттес пікірлер бір арнада тоғысып, Мемлекет басшысының Жарлығын қолдайтындықтарын жеткізді. Басқосуда ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту біріншіден Елбасының еңбегіне лайықты құрмет көрсету болса, екіншіден Тұңғыш Президенттің саяси бағытының сабақтастығының кепілі болып табылатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаевтың теміржол саласы бойынша да тың бастамаларды көтеріп, шойын жолдың дамуына сүбелі үлес қосқанын жеткізді. Мәселен, Елбасының тікелей ықпалымен қолға алынған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында «Алматы – Шу» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы да еліміздің транзиттік әлеуетін ұлғайтуға оң септігін тигізді. Сондай-ақ елордада тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсете алатын жаңа «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігі үшін қызмет атқаруда.
Мұнан соң сөз алған «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген бүгінде елорда мен Елбасының есімі қатар айтылатын егіз ұғымға айналғанына тоқталып, Астананың Ұлт көшбасшысының ойынан шыққан, арманынан туындаған, тынымсыз тірлігінен іске асқан ғажайып жобасы екендігін сөз етті.
Сонымен қатар Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев Наурыз айы еліміз үшін тарихи шешімдер мерзімі болғанын атап өтіп, бүгінде бақыт пен қуаныштың, ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың қазыналы қаласына айналған Астананың Нұр-Сұлтан болып аталуы– талас тудырмайтын шешім екеніне тоқталды. Өз кезегінде облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров 30 жыл бұрын елорданың Целиноград қаласы болып тұрғанда сол шаһарда медициналық білім алғанын сөз етіп, қазіргі таңда оның адам танымастай өзгеруі Елбасының батыл бастамасының нәтижесі екенін атап өтті.
Астананың Нұр-Сұлтан болып аталуына бірауыздан қолдау білдірген аталмыш акция облыстық филармония мен Тараз қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының патриоттық сарындағы концертімен қорытындыланды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР