«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»

Немесе баланың қандай болмағы отбасындағы тәрбиеге байланысты

0 8

Әрбір отбасы – Отаны­мыз­дың бір бөлшегі. Әр шаңырақ­тағы жағдай мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне тікелей әсер ететіні ақиқат. Сондықтан да біздің елде отбасы мәселелеріне айрық­ша көңіл бөлініп, жергі­лікті әкім­дік­терде арнайы комиссия, хатшылық жұмыс істейді. Ал 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні деп белгіленген.

Алайда бала тәрбиесінде әлі де әлсіздік бар екенін жасөспірімдер мен балалар арасында жиі орын алатын кикілжіңдерден, түрлі келеңсіздіктерден анық байқауға болады. Бір үйдің еркесі мен тентегі теріс қылықтар жасаса, қоғамның қынжылысын тудыратындықтан бүгінгі атаулы күн қарсаңында «Қиын бала қайдан шығады?» деген сауалға жауап іздемекпіз.
Бүгінгі таңда облыс бойынша полиция бөлімдерінде 252 «жайсыз отбасы» есепте тұр екен. Осы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 312 бала полиция бөлімдерінде есепке алынған. Олар әлеуметтік қауіпті жағдайда, яғни қадағалауы жоқ, панасыз, қаңғыбастыққа салыну, қайыр тілеу, психоактивті, токсиндік заттарды, спирттік ішімдіктерді тұтыну, темекі шегу секілді әрекеттерімен көзге түскен. Сонымен қатар әкімшілік құқықбұзушылық жасап, қылмыстық белгiлерi бар іс-әрекеттерге барған.
Бала түгілі өзінің жауапкершілігін сезінбейтін жайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар мемлекет бақылауынан бір сәтке де тыс қалған емес. Осы тұрғыда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның атқарып отырған жұмыстарына тоқтала кетейік.
– Жас өскіндердің тарапынан болатын түрлі қылмыстың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында полиция бөлімдерінің есебіне алынған және мектепішілік есепте тұрған кәмелетке толмағандарды қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге қамту жұмыстары ұйымдастырылады. Бүгінгі күні полиция бөлімдерінің есебінде тұрған 91 оқушының 57-сі спорт секцияларына, 5-еуі спорт мектептеріне, 5-еуі қолөнер, 7-еуі сурет, 1-еуі шығармашылық, 3-еуі қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы, 10-ы техникалық үйірмелерге, 5-еуі патриоттық бағыттағы үйірмелерге қамтылған.
Мектепішілік есепте тұрған 2 916 оқушының 2 355-і спорт секцияларына, 51-і спорт мектептеріне, 67-сі қолөнер, 25-і сурет, 46-сы шығармашылық, 15-і көркем-эстетикалық, 10-ы жаратылыстану, 132-сі қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы үйірмелерге, 15-і әлеуметтік-педагогикалық бағыттағы үйірмелерге,
20-сы тілдік, 6-ауы өлкетану, 77-сі техникалық, 3-еуі экологиялық, 95-і патриоттық бағыттағы үйірмелерге қамтылып отыр.
2021 жылдың 3 айында облыстағы білім беру ұйымдарында (мектепішілік және сыныптарда өткізілген аудандық, қалалық іс-шараларды қосқанда) құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған түрлі форматтағы жалпы 1518 іс-шара (38 акция, 6 форум, 16 брифинг, 58 байқау, 195 кездесу, 198 дөңгелек үстел отырысы, 79 пікірталас, 89 онлайн саяхат, 174 онлайн дәріс, 240 онлайн спорттық және құқықтық челлендж, 35 конференция, 91 семинар-тренинг) ұйымдастырылды. 42 сауалнама,
1 140 тәрбие сағаты, 628 рейдтік іс-шара өткізілді. Оларға 138 120 оқушы қамтылды. Жыл басынан 429 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Білім басқармасы тарапынан білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік-психологиялық қызметті ұйымдастыру бойынша қаңтар-наурыз айлары аралығында мектеп психологтарының, әлеуметтік педагогтардың және директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының теориялық білімін, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 1 психологиялық кеңес беру айлығы, 9 вебинар (3 әдістемелік вебинар, 1 тәжірибелік вебинар, 1 онлайн семинар,
3 озық іс-тәжірибе тарату вебинары, 1 виртуалды дәріс) өткізілді, – дейді аталмыш комиссияның жауапты хатшысы Бақыт Жақсылықова.
Облыстың барлық мектептері мен колледждерінде заңға қайшы әрекеттері байқалған отбасылармен және балалармен жұмыс жүргізу үшін құқықтық, яғни профилактика жөніндегі кеңестер құрылған. Оның құрамына мектеп инспекторлары, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар комитеттері мен ҮЕҰ өкілдері енгізілген.
Осы бағытта облыстық прокуратура, ішкі істер департаменті мен білім саласы қызметкерлерінің 785 өкілінен құрылған 91 мобильді топ тұрақты жұмыс атқарып келеді екен. Жыл басынан бері мобильдік топтардың 239 отырысы өтіп, құқықбұзушылық жасауға бейім 93 оқушымен, 186 қолайсыз отбасымен әңгімелесу, заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды жобалар мен акциялар («Мектепке жол», «Түнгі қаладағы балалар», «Жетістіктер баспалдағы», «Құқықтық мәдениет», «Бала бақылауда», «Берекелі шаңырақ», «Мен және заң» тағы да басқа) білім беру ұйымдарында іске асырылып келеді.
Бұларға қоса білім беру мекемелерінің директорларымен, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен және оқу-әдістемелік кабинеттерінің ұйымдастыруымен тәрбиеге бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар да жүзеге асырылып отыр. Алайда мұның бәрі де жеке отбасындағы махаббатпен үндескен тәлімнің орнын толтыра алмасы анық. Дүниенің сан қырынан бейхабар, оң-солын айыра білмейтін жасөспірім тұлғаға әке мен ананың жан жылуын, қамқорлығын, бауырларының жанашырлығын сезінуден артық бақыт жоқ. Бұны да мемлекеттік мекемелер назардан тыс қалдырмай, барынша әр шаңырақтағы үлкендердің жауаптылығын жандандыруға күш салып отыр. Айталық, 2021 жылдың әр айының 1 және 3-аптасы «Ата-аналар күні» деп жарияланып, қазіргі карантиндік талаптарға орай онлайн режимде кездесулер ұйымдастырылуда.
Бүгінгі күнге дейін 6 «Ата-аналар күні» өткізіліп, отбасындағы бала тәрбиесі, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке қыздар тәрбиесі мәселелері бойынша құзырлы мамандармен кездесулер өткізілген.
– Әрине, біз қолдан келгенінше тиімді деген тәсілдерді қолданып, барынша ұтымды шараларды жүзеге асырамыз. Бірақ баланың өзін еркін де бақытты сезінетін бірден-бір ортасы өз үйі болуы керек. Яғни тәрбиелеу, білім беру орындарынан бұрын өз шаңырағындағы шаттыққа ештеңе жетпейді. Сондықтан баланы дүниеге әкелген ата-аналар өз ұрпағының алдындағы үлкен жауапкершілікті, ең аяулы міндетті естен шығармаса екен дегім келеді, – дейді Бақыт Жақсылықова.
Рас, адамзат үшін Отан оттан да ыстық болса, отбасы – бақ ордасы. Шаңырақтың шырқы бұзылмасын, шаттығы тарқамасын!

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.