Қоғам

Ұялы телефоныңызды тіркеттіңіз бе?

Written by Aray2005

Ұзатылған жылдың соңында ұялы телефондарды IMEI-код бойынша тіркеу туралы мәселе көтеріле салысымен қарапайым халық абыр-дабырға салынып, SIM-карталарын тіркеуге кірісіп кеткені белгілі. Тіпті, бұл мәселе халық арасында қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер де айтылды. Сондай-ақ тіркелмеген номерлер Жаңа жыл келе салысымен өшіріледі деген қауесеттер де жерде жатпады. Бірақ міне жыл басталса да тіркелмеген номерлер сөндірілген жоқ. Оның себебі неде? Айтылған өзгерістер сөз жүзінде ғана қалып кетті ме? Осы мәселенің түбіне майшаммен үңіліп көрсек.

Жасыратыны жоқ, ұялы телефондарды тіркеу ережесі еліміз бойынша бірінші рет жүргізіліп отырған жоқ. Қалың бұқара осыдан 2-3 жыл бұрын да жаппай номерді, қала берді телефон ІМЕІ-кодын тіркетіп, әбден әбігерге түскен болатын. Сол жолы да құқық қорғау органдары бұл бастаманың жоғалған телефонды тез табуға көмектесетініне сендірген еді. Өкінішке қарай, одан ұялы телефонын «он үшінші ағзасына» балап кеткен халық еш нәтиже көрген жоқ. Сөйтсе тек номер мен ІМЕІ-кодты ғана тіркеу телефонның шын мәніндегі иесі кім екенін анықтауға жеткіліксіз көрінеді. Жаңа жүйе бойынша SIM-картаны, телефонның ІМЕІ-кодын және жеке сәйкестендіру (ЖСН) номерін қосып тіркеу керек. Яғни, IMEI-кодтардың бірыңғай базасында қай телефонның және қай номердің кімге тиесілі екені тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Егер ол телефонға өзге SIM-карта салынса, байланыс бірден үзіледі. Бұл, ең алдымен, телефон ұрлығын түбімен жояды. Енді базар маңындағы «телефон аламын, сатамын» деп жүретін жабайы сауданың соңы құрдымға кетеді. Сәйкесінше қолды болған сымсыз байланыс ломбардтарда да тұрмайды.
Осындай өзгерістер бойынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қалың бұқараға оңтайлы болуы үшін қолданыстағы ұялы байланыстарын смс-хабарлама арқылы ЖСН номерін жіберіп, ешқайда сабылмай-ақ тіркеуге жағдай жасады. Көпшілік осы жолмен номерлерін тіркеткенімен, кейбіреуінікі анау айтқандай нәтиже бермеді. Себебі ол номерлер өзгенің атында болған. Аталған жағдайдан кейін халық ұялы байланыс операторларына барып, қолданыстағы номерлерін жапа-тармағай тіркете бастады. Ондағы ұзын сонар кезектің соңы тіпті төбелеспен де аяқталып жатты. Оны өз көзімізбен көріп, жаға ұстадық. Ол аз десеңіз, аудан орталығында ондай ұялы байланыс операторлары болмағаннан кейін түздегі тірлігін тастап, жұртшылық үлкен қалаларға сабылды.
Алайда Жаңа жыл келгеннен кейін тіркелмеген номерлер сөндіріле қойған жоқ. Осыған қарап, халық қайтадан ұялы телефондарды тіркеу ережесіне күмәнмен қарай бастады. Біз осы мәселенің мәнісіне үңіліп, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне хабарласқан едік. Аталмыш министрлікке қарасты байланыс саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысы Ержан Тоқтағұловтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап абоненттік құрылғыға қойылған SIM-картаны автоматты түрде тіркеу жүргізіліп жатыр екен. Дегенмен осы уақытқа дейін қолданушы өзі туралы мәліметті толықтыруына мүмкіндік берілген. Ал осы жылдан бастап белгілі бір мәліметті өзгерту қиынға түсуі мүмкін. Бірақ 1 қаңтардан бастап SIM-карталардың бәрі де құрылғыларға байланыстырылып жатыр екен. Сондықтан ұялы байланыс операторлары қазіргі таңда қызмет көрсететін қолданушылардың мәліметтер базасын жаңартып жатқан көрінеді.
– Осыған дейін біз халыққа ұялы байланыс номерлерін ЖСН номерлері арқылы өз аттарына тіркету қажеттігі туралы ақпарат тараттық. Сондай-ақ 1 қаңтарға дейін тіркеу керектігін түсіндірдік. Олай болмаған жағдайда номер кімнің атына тіркелсе ұялы телефоны да соның атына тіркелетінін ескерттік. Қазіргі таңда операторлар тіркелмеген номерлерді бұрынғы иесінің атына автоматты түрде тіркетіп жатыр. Сонымен қатар SIM-карта тұрған ұялы телефон да соның атына тіркелуде. Ендігі жерде абонент SIM-картасын жоғалтып, операторға барған жағдайда, оған номердің иесін шақыруды міндеттейтін болады. Бүгінде еліміздегі абоненттердің 80 пайызы ЖСН жіберу арқылы номерлерін өз аттарына ауыстырып алды. Ал қалған 20 пайызы автоматты түрде тіркеліп кетті, – дейді Е.Тоқтағұлов.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты байланыс саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысының сөзіне сүйенсек, «Тіркелмеген номерлерді өшіру мерзімі екі айға ұзартылыпты» деген әңгіме шындыққа жанаспайды екен. Осыған дейін БАҚ-та айтылғандай ұялы телефондар тек тіркелген номерлері бойынша ғана жұмыс жасайды. Бұл тұрғыда қазіргі таңда операторлардың барлығы тіркелмеген номер­лерді автоматты түрде тіркеу жұмыстары­мен айналысуда. Өйткені базаны қосуға нақты тіркелмеген номерлер әсер етуі мүмкін.
Сондықтан уақыт барда ұялы телефоны­ңызды тіркетуді ұмытпаңыз. Бұл еліміздің байланыс жүйесіне енгізілген талап. Одан ешкім қашып құтыла алмайды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР