ҰЙЫҚТАП ҚАЛСАМ ЕКЕН…

0 17

Бүгін жұмыстан көңілді оралдым. Енді ше. Жалақымыз 10 пайызға көбейетін болды. Қуанышымда шек жоқ. Жағымды жаңалықты әйеліме жеткізгенше асықтым. Үйге келсем келіншегімнің көңіл-күйі пәс. Оны да түсінуге болады. Бірақ ол бүгінгі жаңалықты білмейді ғой. Әзірше әрине. Арсалаңдап кірген бойда ту сыртынан құшақтап, шөпілдетіп сүйіп алдым. Мұндай қылығымды бұрын-соңды көрмеген әйелім жақтырмай бетін тыжырайтты. Бірақ оған мән берген мен жоқ.
– Кемпір, шайыңды дайында. Дастарқанға барын салшы, – дедім қутыңдап. Бетіме ожырая қараған ол:
– Үйде түк жоқ. Нан мен қара шай ғана. Әне тұр, өзің іше бер, – деп шаңқ етті.
– Жарайды, бүгінше нанмен шай ішейік. Ал ертең шұжық пен сары май жейміз.
– Қайдағы шұжық, қайдағы май?
– Енді үндемесейші. «Құдай берем десе, терезе мен тесіктен де береді» ғой.
Аузыма түскен бұл сөзге өте разы болып, жымың-жымың етіп қоямын. Жалақымның 10 пайызға көтерілгенін естігенде есі шығып қуанған әйелімнің келбетін көз алдыма да әкеліп үлгердім.
– Шұжық пен сары майың қымбаттады,– деді ол жайбарақат қана.
– Онда ет пен жұмыртқа жейміз.
– Ол да оңып тұрған жоқ.
– Ірімшік, айран, сүт, қаймақ, – дедім мен де өршелене түсіп.
– Азық-түліктердің барлығы қымбаттады. Алатын 70 мыңыңды қайда жеткіземін.
– Жоқ 70 емес, бүгіннен бастап 77 мың. Айлық көтерілді, – дедім мен қуанышымды бұдан әрі жасыра алмай.
– Қызың биыл 11-сыныпты бітіреді, – деді әйелім қуанудың орнына селқос қана.
– Тамаша!
– Киетін көйлегі жоқ.
– Аламыз.
– Туфлиі де тозған.
– Табамыз.
– Банкеттері болады. Ақша жинап жатыр.
– Береміз.
– Грантқа іліне алмай қалса, оқуға түсіру керек.
– … көреміз. Болды ма?
– Жоқ. Болған жоқ. Ұлың 9-сыныпты бітіргелі отыр. Олардың да отырыстары бар.
–Болсын.
– Ол да костюм-шалбар алам! – дейді.
– Алсын.
– Колледжге барам! – дейді.
– Барсын.
– Анау кішкентайың да….
– Жарайды. Бас қатырмай тоқетерін айтшы. Кімге не, қанша керек?
– Енді өзің есептей бер. Қыздың көйлегі құрығанда 40 мың. Біреу емес, екеу алуы керек. Туфлиі 20 мың. Банкеті 15 мың. Суреті 10 мың.
Менің екі құлағымда тұрған екі езуім салбырап төмен түсті. Әйелім түңілген түріме қарайтын түрі жоқ. Жалғастырып жатыр.
– Кішкентайды қойшы. Бір мәнісі болар. Киімін жамап-жасқасам да жалаңаш қалдырмаспын. Ал ана 9-сыныпты бітіргелі отырған жүгермегіңнің киім-кешегі мен кафесіне құрығанда 70-80 мың теңге керек.
Көзім қарауытып, басым айналды. Ақылым айран, ойым ойран. «Еще» ет пен шұжық жеп, қаймақ пен сүт ішкім келеді. «Ал енді ішіп-жеп көр» деймін өз-өзіме кіжініп.
Осы кезде кішкене балам кіріп келіп, алдыма отыра кетті.
– Әке, әке, – деді түрткілеп.
– Не?!
Оқыс шыққан даусымнан шошып кетсе керек, көзі мөлт-мөлт еткен балам жәутеңдеп шешесіне қарады. Қателігімді түсініп, ұлымның маңдайынан сипап, бетінен сүйдім. Дауысымды мейлінше бәсеңдетіп:
– Айта қойшы, құлыным, не болды?–дедім.
– Әке, қарным ашты. Айран ішкім келеді.
– Ішейік. Бірақ бүгін емес, ертең. Қазір шаршап тұрмын, – дедім де лып етіп көтеріліп, жатын бөлмеге кіріп кеттім.
Теледидарды қоссам, жаңалық жүріп жатыр. Жүргізушінің «депутаттардың жалақысы 50 пайызға артып, 1 миллионға жетті» дегенін құлағым шалып қалды.
1 милли-и-о-о-н. Өз құлағыма өзім сенер емеспін. О, Құдайым-ау, ондай да жалақы болады екен-ау. «Біз халық үшін қызмет етеміз. Халықтың қамын ойлағанымыз сонша күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмыттық. Лаж жоқ, сессия барысында көз шырымымызды аламыз. Қалғып-мүлгіп отырып-ақ, қаулыны да қабылдап, заңды да шығарып жатырмыз. Мемлекеттік қызметкерден неміз кем.
1 миллионға еңіріп жүріп енді ғана жеттік. Айлығымыздың артқанына ағайындар көз алартпай-ақ қойсын. Біздің де құлқын, біздің де құлындарымыз бар», деп журналистке сұхбат беріп тұрған сақалды депутат сайрап тұр:
Осы кезде менің де құлынымның «Әке, айран ішейінші» деген дауысы шықты. Шешесі: «Әкең ұйықтап жатыр, мазасын алма», деп шыр-пыр болуда. Ал баламның қыңқылы басылар емес. Мен көзімді тарс жұмып, басымды жастықпен жауып алдым. Иә, шынында да ұйықтап қалсам екен. Ұйықтап.

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.