Қоғам

Ұзату тойлары ұлттық дәстүрден алшақтап барады

Той — халықтың қазынасы, шаттық пен қуаныштың ордасы. Өміріміздің құ­рам­дас бөлігіне айналып кеткен тойдың бүгінде түрлері де көп. Яғни, кез келген үйде күнде болмаса да жыл ішінде атап өтуге тұрарлық қызықшылықтар болып жатады. Иә, сол жиын-тойдағы салт-дәстүрдің заманға сай түрлене бастағанын аңғару қиын емес. Әсіресе, қазақтың кәделі тойы қыз ұзатуда сондай жөнсіз жоралғылардың көп орын алатынын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Мәселен, биыл жазда болған ұзату тойдың бірінде шашсыз шыққан бойжеткеннің қолын жоғары көтеріп, ерсі қылық көрсеткені әлеуметтік желіде отыратын әлеуметті дүр сілкіндірген еді. Ол БАҚ беттерінде берген сұхбатында бұл әрекетін алдын ала фотографтың кеңесімен жасағанын және шашын саналы түрде өзгеше болсын деген ниетпен сыпырып тастағанын айтып, жұрттың жағасын ұстатты.
Осы орайда, біз көпті көрген аналарды сөзге тартып, ой-пікірлерін тыңдап едік. Бұл тұрғыда Жуалы ауданы, Сұрым ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Райхан Кенжебаеваның өз айтары бар.
– Мен төрт қыз, 1 ұлдың анасымын. Қыздарымның алды тұрмыста. Өзім зейнетке шыққанша мектепте мұғалім болып қызмет атқардым. Сонда бір байқағаным, қазіргі заманның қыздарының психологиясы тым бөлек. Енді өзім де қыз тәрбиелеп отырған адаммын ғой. Бірақ, тәрбиедегі кемшіліктер әсіресе, той-томалақтарда қатты білінеді. Мәселен, бұрындары қыз ұзатуға бара қалсаңыз, тұрмыс құрғалы отырған бойжеткендер жүзін төмен салып, болашақ ата-аналарының көзіне оғаш мінезбен түсіп қалмайын деген сыңай танытушы еді. Қазір керісінше барлық «өнерлерін» көрсетеді. Тіпті, тойларда әне-міне босаға аттағалы отырған қыздар құрбыларымен қосылып тайраңдап «Флешмоб» билейді, болмаса микрофон ұстап алып, әке-шешесінен ұялмай болашақ күйеуіне ән арнайды. Ән айтқысы келсе, оңашада қалғанда шырқасын. Ал, енді ұзату тойында сыңсу емес, кәдімгі ән айтқаны дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді ардагер ұстаз.
Сыңсу – ұзатылғалы тұрған қыздың үйінен шығарда ел-жұртымен қоштасу әні. Ол өскен үй, туысқандарына деген қимастығын назымен жеткізіп, «қыздың қонақ» екенін өзінен кейінгі сіңлілерінің құлағына құяды. Бұрындары қыз сыңсуды жеке немесе сіңлі-жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп орындайтын болған. Қазір бұл дәстүрдің де мәні өзгерген. Қыздың қолынан танымал әнші, жұлдыздар жетектеп шығып, қоштасу әнін өздері орындағаны үшін қыруар ақшаға қарық болады. Тіпті, бай-бағландар жұлдыздарды шақырудан «бәсекеге» түсіп жатқандай. Әрине, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Бірақ, бағзыдан бастау алатын сыңсудың сыйын қашырмаған абзал.
– Әншілерді шақырса шақырсын, бірақ, ары кетсе 2-3 минутқа созылатын бұл рәсімге сонша қаржы жұмсаудың қажеті не? Мейлі, оны қоя беріңіз, сол шақыратын әншінің өмір тарихына да көз жүгіртіп алса болады ғой. Мәселен, теледидардан анау әнші ажырасыпты, болмаса көпшілік арасында мынадай өсекке ілігіпті дегендей жаңалықтарды көріп таңғаласың, бірақ тойларда қыздың қолынан ұстап, сол әнші қызмет жасап жүреді. «Қыздың жолы – жіңішке». Қызды құтты орнына жақсы ниетпен қондыру керек. Сондықтан, осы жайтқа баса мән бергеніміз жөн, – деген ойын жасырмады Райхан Кенжебаева.
Ал, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова жақында облыс жұртшылығымен өткен кездесуде қазіргі заман тойларының қазақы салт-санаға жат әдеттерге толып кеткенін сынға алды. Әсіресе, қыз ұзату тойында орын алатын кейбір жағымсыз көріністерге жеке көзқарасын білдірді.
– Қазір қыздар ұзату тойында сыңсу айтпай, әкесімен қоштасу вальсін билейді. Қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген? Мұндай салт ешбір ата-бабамызда болған жоқ. Ұят емес пе? Бағып-қаққан қызын жат жұрттық етіп жіберіп отыр ғой… Демек, қызын тұрмысқа берген әке қуанып емес, жүрегі қобалжып, езіліп тұр емес пе?
Одан қалса қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдетті қояр емес. Улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр, дегенмен, оған мән беріп жатқан ешкімді байқамайсың. Дәстүрімізде тұрмысқа шыққан қыз өзінен кейінгі сіңлісіне немесе өкшесін басқан жақын туысына қыз кезінде таққан үкісін үлестіріп, ырымдап бермейтін бе еді? Осыны бүгінгі тойға әдемі етіп неге кіргізбеске? – дейді ұлт жанашыры.
Дәстүрді дәріптеуші Зейнеп Ахметованың пікірін Жамбыл ауданы­ның тұрғыны Бегімбет Оспанов та қолдап, бұл үрдісті құп көрмейтінін жасырмады.
– Қазір расымен де той көп. Айына кем дегенде 5-6 тойға барып жатамыз. Бірақ, қыз ұзату тойында ақ босаға аттағалы тұрған бойжеткеннің әкесімен құшақтасып вальс билеп жатқанын көрсем ұялып, жерге кіріп кете жаздаймын. Әкесінің қызының белінен құшақтап билеп жатқаны тым ерсі көрінеді. Бұл қайдан келген салт екенін білмеймін. Мәселен, шетелдерде қызды қолынан жетектеп өз әкесі жолдасына табыстап жатады ғой. Бәлкім, бұл да соның бір көрінісі шығар, – дейді ол.
Иә, той төңірегінде айтылар әңгіме көп. Дегенмен, «Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз ұлтымыздың күретамыры, ал күретамырға селкеу түссе, ұлттың ұстыны өзгеріп, ұрпақ болашағына қауіп келтіруі әбден мүмкін. Ол қауіп төніп те келе жатқандай, оның алдын алмасақ, барымыздан айырылып қалуымыз да мүмкін» деп Зейнеп Ахметова айтпақшы, біреудің қаңсығын таңсық көріп жүріп, ұлттық рухымыздан, салт-дәстүрімізден айырылып қалмасақ болғаны.

Айжан Өзбекова

ПІКІР