Жамбыл жаңалықтары

Ұжымдық шартқа үрке қараған кім?

Елімізде төтенше жағдай режимі алынғанымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шаралары жеңілдей қойған жоқ. Соның есебінен бірқатар кәсіпкерлік нысандары мен өндіріс ошақтары әлі де өз қызметтеріне кірісе алмай отыр. Ал бұл онда қызмет ететін мыңдаған азаматтың табысынан қағылуына ықпал етуде. Сәйкесінше дәл осы секторлардағы еңбек қатынастарының заңға сай жүзеге асырылуы, жұмыс берушінің жұмысшы алдындағы жауапкершілігін сезіне алуы негізгі мәселе саналды. Аталған жайт облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиынның күнтәртібіне қойылды.

Басқосуда облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев баяндама жасап, өңірдегі еңбек қатынасын реттеудің жай-жапсары туралы мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде күні бүгінге дейін 3262 жұмысшы ақысыз, 10904 жұмысшы ақылы еңбек демалысына жіберіліпті. Сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайға байланысты 10904 жұмыскер өз қызметін қашықтықтан жалғастырып жатыр. Ал түрлі еңбек ұжымдарындағы 4109 жұмысшы толық емес жұмыс режиміне көшкен.
Жұмысшылардың жұмыстан негізсіз қысқартылуы мен құқықтарының аяқасты болуына жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында 8274 меморандум қабылданған екен. Бұл облыс аумағында тіркелген заңды тұлғалардың 90,1 пайызын құрайды.
Өз кезегінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қандай жағдайда болмасын әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселесі назардан тыс қалмайтынына тоқталды.
– Ұжымдық шарт – жұмысшылардың құқығын қорғайтын бірден-бір құжат. Сондықтан еңбек қатынастарын реттейтін үшжақты комиссия, кәсіподақ ұйымы өңірдегі әрбір мекемеде осы шарттың жасалуын қадағалап, соған ықпал етуі тиіс. Біз кәсіпорындарды аралап, басшылардың өз жұмыскерлерінің алдында ұжымдық шарттың орындалуы туралы есебін тыңдау үрдісін тәжірибеге енгізуіміз керек. Міне, сонда еңбеккер өзінің құқығы туралы, ал басшылық тарап ұжыммен жасасқан шарттарды орындау керек екенін білетін болады, – деді Бердібек Машбекұлы.
Қазіргі таңда ұжымдық шарт жасасу бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде жыл басынан бергі 5 айда түрлі еңбек ұжымдарында 44 ұжымдық шарт жасалыпты. Салалық басқарма басшысының мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін облыс аумағындағы заңды тұлғалардың 55,4 пайызында жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты заңға сай жүргізуде аталмыш шартқа иек артылған. Өз кезегінде бұл статистика өңірде ұжымдық шарт жасауға бей-жай қарайтын ұйымдардың да бар екенін аңғартады.
Сол секілді кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелендіруге де ықылас танытпайтындар баршылық. Бұл жайында өз сөзінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мәлімдеді.
Облыс орталығындағы ұжымдық шарт жасасу, еңбек қатынастарын реттеуге атүсті қарайтын мейрамхана қызметіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев олар өздерінің штаттық бірліктерін толық көрсетпейтінін жеткізді. Ал Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев «Ақбақай» кен орны басшылығының ұжымдық шарт туралы талапты көзге ілмей отырғанын айтты. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы бұл мәселені Мойынқұм ауданына келесі жолғы іссапары барысында осы кен орнының басшыларымен арнайы кездесу кезінде талқылайтынын айтты.
Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі жауаптыларға еңбек қауіпсіздігін сақтау, жалақыны кешіктермей төлеуді бақылау, бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР