Вакцинаны үйде салуға рұқсат берілді

0 3

Қазақстан Республикасы мемлекеттік Бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, енді мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау ісі үйде де жүргізілетін болды.

 

Коронавирустық инфекцияның ауыр не болмаса жеңіл өтуі көбінесе адамның жасына байланысты. Егде тарта келе, адамның ағзасында зат алмасу процесі бәсеңдейді. Осыған сәйкес иммунитет те әлсірейді. Сондықтан өкпе немесе бронхитпен, жүрек-тамыр ауруларымен және қант диабетімен ауыратын адамдар вакцинаны мүмкіндігінше тезірек ектіруі қажет. Жұқпалы аурулар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде жатқан пациенттердің басым бөлігі – қауіптілер тобына жататындар. Сондықтан оларды емдеуде аса сақтық қажет.

Жалпы вакцина – COVID-19 жұқпалы індетінен қорғаудың ең тиімді әдісі. Коронавирустың таралу динамикасын ескере отырып, ерте ме, кеш пе, инфекцияны адам бәрібір жұқтыруы мүмкін. Сондықтан оған ағзаны алдын ала дайындап, кем дегенде ішінара иммундық қорғаныспен қамтамасыз еткен абзал.

Вакцинаның халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында Жамбыл облысының жылжымалы бригадалары қауіпті топқа жататын егде кісілер мен созылмалы аурулары бар пациенттердің үйіне барып, егу жұмыстарын жүргізуді бастады. Тоңазытқыш қондырғысы орнатылған рефрижераторлық үлгідегі термоконтейнерлер вакцинаны тасымалдап, «суық тізбекті» сақтай отырып, жұмысты жүзеге асыруға өте қолайлы. Мобильді егу бригадасының құрамында терапевт дәрігер мен екпе егетін медбике бар. Вакцина салар алдында адамның қан қысымы мен жүрек соғысы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер қалыпты болса, онда екпе салуға болады және пациент үй жағдайында 30 минут дәрігердің қарауында болады.

 

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.