Ясауидің шежіресі мен мөрі табылды

0 1

Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік та­рихи-мәдени қорық-музейі ұйым­­дастырған «Ясауи ізімен» атты ғылыми-экспе­диция мүше­лері Өз­бекстан Респуб­ликасы Наман­ган қаласынан Қожа Ахмет Ясауи бабамызға қатысты шежіре мен ислам әлеміне әйгілі 11 шайықтың есімі жазылған мөр тапты.

Бұл жәдігерлер Қожа Ахмет Ясауидің ұрпағы саналатын ғұлама ғалым Ибра­хим­жан Шарифхужаевтің қолында сақталып келген екен. Қазір 98 жастағы ақсақалдың туған жері – Түркістан қаласы. Бала кезі атасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында өтіпті. Әке­сіне топырақ Түркістаннан бұйырған.

Діни сенімдерге қарсы атеистік көз­қарас дендеп, тақуа жандар қудалауға түсіп, ислам кітаптары өртелген сонау қиын жылдары Шарифхужаевтер әулеті Түркістан қаласынан қоныс аударып, 10 жасар Ибра­химжан мен анасы екеуі Наманганға бас сауғалапты. «Баба мұрасы – насабнама (шежіре) мен мөрді аман сақтап қалу үшін көп қиындық көрдік» депті қария. Құнды мұраны ұзақ жыл топыраққа көміп жасырған. Жер астында көп жатқандықтан насабнама, яғни шежіре жазбаның кейбір бөлігінің бояуы өшіп, шіри бастағандықтан, қария көзінің тірісінде бұл аманатты бабасы жатқан кесене қорына табыстауды армандаған екен.

Насабнама-шежіренің ұзындығы – 2,5 метр, шағатай тілінде жазылған. Мұра қай ғасырға тән екені анықталу үстінде. «Алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тари­хи-мәдени қорық-музейі тарапынан бұл жәдігерге қатысты толыққанды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу ісі қолға алынады» дейді қорық-музей қызметкерлері.

Наманган ғана емес бүкіл өзбек жұрты құрметтейтін ғұлама ғалым Ибрахимжан ақсақалдың сегіз ұл, үш қызынан тараған ұр­пақ үлкен әулетке айналған. «Ұл – қыз­дарым Қожа Ахмет Ясауи ұрпақтарынан болған­дығына мақтанады. Үлкен ұлым діни ілімді мең­геріп, менің жолымды жалғастыруда» дейді қария.

Икрамжан қажы үйінің бір бөлмесін босатып, атасы Қожа Ахмет Ясауиге арнап шағын көрме ашыпты. Мұнда Ясауидің шежіресіне қатысты насабнаманың көшір­месі мен мөрі және Түркістанға қатысты суреттер мен кітаптар қойылған екен.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.