«Экологиялық еріктілік трендке айналып келеді»

0 0

Президент Жарлығымен жарияланған Волонтер жылының алғашқы үш айы да түгесілді. Осы уақытта елдегі, өңірдегі еріктілер қозғалысына тың серпін сыйлап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуымен ерекшеленді. Бұған дейін волонтерлікті қариялардың үй шаруасына көмектесу деп ұғынатын көпшіліктің санасында сең қозғалғандай болды. Сәйкесінше еріктіліктің ерекше түрлеріне де мән беріле бастады. Олардың қатарында ел назарын экологиялық мәселеге аударып жүрген белсенді жастар да бар.
Республикалық «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мен «Шаңырақ» экожастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ілияс Отанмен болған сұхбатта табиғатты қорғап, сақтау ісінде еріктілік жасаудың жай-жапсары сөз болды.

– Ілияс Алмасұлы, экология саласындағы еріктілікке екінің бірі мойын бұра қоймайды. Өңірді айтпағанда республика көлемінде жастардың санасына табиғатты қорғауды, оны көздің қарашығындай сақтауды дәріптеп жүрген жастар ұйымдары некен-саяқ. Соның бірі де бірегейі болып отырған сіз жетекшілік ететін қоғамдық бірлестіктердің биылғы жылға жұмыс жоспары қалай?
– Волонтер жылы аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен арнайы Жол картасы бекітілді. Біз экология саласына қатысты 34 жоба енгізілген Жол картасын өңірде өз деңгейінде іске асыру жауапкершілігін мойнымызға алып отырмыз. Бұл картаға енгізілген жобалардың ерекшелігі көңіл қуантады. Өткен айдың соңында өңірдегі экобелсенділердің қатысуымен үлкен жиын ұйымдастырдық. Бұл шараға көптеген жастар келіп, өз ойлары мен ұсыныстарын жеткізді. Жергілікті жоғары оқу орындарында «Экология» мамандығы бойынша магистратураны аяқтайтын жас ғалымдардың презентацияларынан да көптеген тың мағлұматтар алдық.
Алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктердің ұйытқы болуымен экопатрульдер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ экобелсенділердің мәліметтер базасын жинақтау жұмыстарын жүргіземіз. Жастар қозғалысы ретінде «Таза әлем» жалпыұлттық жобасын жергілікті жерде іске асыруға атсалысамыз. Экологиялық еріктілерді қолдау орталықтарының жұмысын жүйелеуді жоспарлап отырмыз.
28 наурыз күні дүниежүзілік «Жер сағаты» акциясы ұйымдастырылмақ. Бізде ол акция кешкі сағат 20:30 бен 21:30 аралығында өтеді. Дүние жүзінде осы аралықта әр азамат өз еркімен акцияға қолдау білдіріп, үйінің, кеңсесінің жарығын сөндіреді. Сол секілді көгалдандыру айлықтарына да өз үлесімізді қосамыз.
Еріктілерді тарта отырып ерекше қорғалатын аумақтарда сенбіліктер жүргізіледі. Осы айдан бастап «Пакет? Жоқ, рақмет» акциясы басталды. Тамыз айына дейін созылатын бұл акция көпшілік арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, пластикалық пакеттерді күнделікті қолданыстан шектеуге шақырады. Әлемдегі, елдегі қалыптасқан соңғы жағдайларға байланысты бұл акция әзірге әлеуметтік желілер арқылы үндеу жариялау сипатында жүргізіліп жатыр.
– Бұл жоспарларды сіздермен бірге жүзеге асыруға ниетті жастар көп пе?
– Біз қоғамдық бірлестік болғандықтан экология саласына қатысты жоспары бар кез келген азамат мүшелікке өте алады. Олармен кез келген уақытта серіктес болуға әзірміз. Менің өзім 13 жасымнан «Шаңырақ» экожастар қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне өтіп, оның жобаларына атсалыса бастадым.
Жалпы қазіргі жастардың табиғатты пайдалану мәселесіне атүсті қарамайтындығы қуантады. Жақында өткен экологиялық слетке көптеген жастар қатысты. Сол жиынға Жамбыл ауданының Аса ауылында еңбек ететін жас дәрігер келді. Алматы қаласында туып, сонда білім алып жолдамамен Асаға келіп қызмет етіп жатқан маман оған дейін әлеуметтік желі арқылы маған жазып, өңірдегі экологиялық волонтерлік қозғалыстың тыныс-тіршілігі жайында сұрастыра бастаған еді. Соны экослетке арнайы шақырдым. Өз кезегінде ол жастарды бұл бағыттағы Алматы қаласының тәжірибесімен таныстырды. Бір сөзбен айтқанда жастар арасында экологиялық еріктілік трендке айналып келеді.
Оған қоса Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарында «Туризм» мамандығы бойынша жыл сайын 100 студент білім алып шығады. Олармен байланыс орнатып, өндірістік тәжірибені экотуризм бағытында жүргізуге кеңес береміз. Осыдан соң олардың бұл салаға деген қызығушылығы да арта түседі. Әне-міне дегенше туристік маусым да басталады. Бұл дегеніңіз біздің қатарымыз жастармен толыға түседі деген сөз.
– Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың қолынан Қазақстандағы экоамббасадор екеніңізді растайтын сертификат алдыңыз. Бұл марапаттың мән-мазмұны қандай?
– Бұл сертификат біздің табиғат алдындағы жауапты екенімізді растайтын құнды құжат болып табылады. Яғни біз табиғат пен экологияның қорғаушыларымыз.
Қоғамдық бірлестік жетекшісі ретінде мен жастарды үнемі табиғат аясына серуендеуде айналаны ластамауды дәріптеп отырамын. Кейбір азаматтардан кейін сол аумаққа шетелдік туристі ертіп бара қалсақ, бейберекет шашылған қоқыстан аяқ алып жүре алмай, олардың алдында ұятқа қалып жатамыз. Сондықтан қоғамдық ұйым ретінде ең әуелі көпшіліктің санасына қоқысты жинау, реттеу мәдениетін сіңіргіміз келеді.
– Бейберекет шашылған қоқыстан бөлек, өңір үшін өзекті экологиялық мәселе ретінде нені айтар едіңіз?
– Менің ойымша ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын уақыт оздырмай қолға алу керек. Қала көшелерінде су ағатын арықтарды тазалап, ретке келтірсек көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарының бойына қан жүрер еді. Мұнда да ерікті жастардың көмегіне жүгінуге болады.
Сонымен қатар пластикалық пакеттердің кең қолданысы да үлкен экологиялық мәселелерді туындатып отыр. Мұнда бір рет қана қолданылған пакетті қайта өңдеу технологиясын жетілдіре түсу маңызды. Қазір мұндай технология Дания мемлекетінде жақсы дамыған. Олар тіпті өзге мемлекеттерден қоқысты сатып алып жатады. Даниялық инвесторлар қоқысты қайта өңдеу бойынша Қазақстан нарығына кіруге құштар. Жалпы шетелдіктер ұғымында қоқыстың өзі табыстың көзі саналады. Ондағы қайта өңдеу кәсіпорындары қоқыстан электр энергиясы мен жылу алады. Қайта өңдеу өндірісінің қалдығын жол құрылысында қолдануға болады. Ал бізде пластикалық пакеттер үлкен мәселе туындатып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.