Sport

Элдар ерледі!

Written by Aray2005

Кейінгі жылдары өңір спортшылары пауэрлифтинг спортынан жасындай жарқырап, жеңіс тұғырынан көрінуде. Әсіресе жастарымыз қарсылас шақ келтірмей, ел біріншіліктерінен бөлек, Азия құрлығын да аузына қаратуда. Міне, сондай жампозымыздың бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Элдар Хаитбаев жуырда өткен байрақты бәсекелерден қос алтынмен оралып, мерейімізді үстем етті.

Элдар ең алдымен Ресей, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің атынан қатысқан 500 спортшының арасында жүзден жүйрік шығып, алтыннан алқа таққан. Жарыс жолынан 20-дан аса қарсыласын ысырып тастаған ол 67,5 келіде «WPC KAZAKHSTAN» турнирінің теңдессіз спортшысы атанды.
Одан кейін Азия біріншілігіне аттанған Элдар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан спортшыларының ішінен де қара үзіп шықты. Осылайша екі бірдей бәсі жоғары бәсекеде қарсыластарын қоғаша жапырған ол өз есімін Азияға танытты.
Жалпы, жампозымыз – пауэрлифтингтен спорт шебері, үш дүркін Азия чемпионы. Сондай-ақ Түркменстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Үш мәрте Түркменстан рекордына өзгерту енгізген.
Біз де саңлағымызды толайым табысымен шын жүректен құттықтаймыз!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР