Электронды билет– заманауи төлем

0 0

Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге «Е-билет» электрондық жүйесі енгізіледі. Ол екі кезеңде жүреді. Ағымдағы жылдың соңына дейін қолмен төлеу валидаторлары, келесі жылы дифференциалды тариф жүйесін енгізу арқылы төлем карталарымен төлем қабылдайтын стационарлы терминалдар қойылмақ. Бұл туралы кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда жол жүру ақысының тарифтері төңірегінде мәселелер де жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасап, қоғамдық көліктердің күнделікті кірісі мен шығысын анықтау бойынша жүргізілген 3,5 айлық хронометраждың қорытындысын мәлімдеді. Ол барлығы 37 тасымалдаушы маршрутқа зерделеу жүргізілгенін, анықталған көрсеткішті бір жылға шаққанда олармен барлығы 66 577 604 жолаушы қатынайтынын жеткізді. Ал жолақыдан түсетін табыс көлемі 2 миллиард 510 миллион 515 мың теңгені құраған. Тиісінше маршрутта қызмет көрсетуге кететін шығын көлемі 3 миллиард 400 миллион 868 мың теңгеге айналған.

Басқарма басшысы Тараз қаласындағы рентабельділігі бойынша жекелеген бағыттардың табыс көлеміне тоқталып өтті. Айталық, рентабельділігі жоғары 11 бағыттағы маршруттың жылдық таза табысы орташа есеппен 107 миллион 053 мың теңгені құраса, рентабельділігі орташа 16 бағыттағы автобустың орташа табысы 22 миллион 776,3 мың теңгеге айналған. Ал, рентабельділігі төмен 16 қоғамдық көліктің жылдық таза пайдасы 329,8 мың теңгеге шақталған. Сондай-ақ қала ішінде барлығы 43 бағыт бойынша тасымалдаушы 10 мекеменің 670 автобусы бар болса, оның 226-ның қолданыста жүргеніне 7-12 жыл құраған. Бақытжан Оразылыұлы автобустардың тозуына және жолаушылардың үлкен сыйымдылықты автобусқа сұранысының артуына байланысты 226 бірлік автобусты кезең-кезеңімен жаңарту керектігін жеткізді. Ол өз ұсынысында ағымдағы жылы 50, келесі жылы 80, 2021 жылы 96 қоғамдық көлікті жаңартуға болатының жеткізді.
Жиында, жол ақысын 65 теңгеден 80 теңгеге көтеру, рентабельдігі төмен 16 бағытқа субсидия қарастыру, электрондық билеттендіру жүйесін жыл соңына дейін енгізу мәселелері де қозғалды.
Асқар Исабекұлы бұл орайдағы барлық мәселелер қараусыз қалмайтынын, алайда жол ақысын көтеру бойынша асығыс шешім қабылдамау керектігін баса айтты. Өңір басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын назарға ала отырып, алдымен, электрондық билеттендіру жүйесін тезірек іске қосудың маңыздылығына назар аударды. Сол арқылы, қоғамдық көліктердің күнделікті табысын тағы да нақтылай түсіп, қажет болған жағдайда тариф мәселесін бірден емес, кезең-кезеңімен шешуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық көліктердің тиісті талапқа сәйкес болу керектігіне де аса көңіл бөлуді ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.