Диагноз

«Электронды емхана» елге тиімді

Елбасы биылғы Жолдауында «Қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруды міндеттегені белгілі. Қазіргі медицинада енгізіліп жатқан цифрландыру жүйесі де осы мақсатты көздейді. Бүгінге дейін ел медицинасын қағазбастылықтан арылтуға қатысты қабылданған жобалар аз емес. 2016 жылы қолға алынған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында да денсаулық сақтау саласын ақпараттық технологиялармен қамтамасыз ету, көптеген құжатты электронды нұсқаға көшіру, дәрігерлердің есеп беру қағаздарын азайту жөнінде арнайы айтылды. Десе де, Мемлекет басшысының Жолдауы бұл бағыттағы жұмыстарға серпін бергені анық.

Әлбетте, медицина ұйымдарын электронды құжат айналымына 100 пайыз көшіру үшін алдымен денсаулық сақтау нысандары түгел интернет желісі бар компьютерлік техникамен жабдықталуы тиіс. Қазіргі таңда республика бойынша медициналық мекемелердің компьютермен қамтамасыз етілуі 82,7 пайызды құрайды екен. Ал, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында интернет желісіне қосылуы тиіс 406 мекеменің 330-на ғана желі тартылған, қалған 76-сы ғаламтордан қол үзіп отыр.
Жалпы, өткен жылы аймақта облыстық аурухана мен «Human Development Group» акционерлік қоғамы арасында «ELSI-MED» медициналық ақпараттандыру жүйесін енгізу жөнінде келісімшарт жасалған болатын. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 470 миллион теңге бөлінген екен. Нәтижесінде, өңірдегі 406 мекеме медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Сондай-ақ, өңірде 5 501 медициналық қызметкерлердің жұмыс орны бар болса, оның 5 026-сы компьютермен қамтылған. Нақтырақ айтқанда, медицина қызметкерлерінің 91,4 пайызына компьютер берілген. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мамандарының сөзінше, алдағы уақытта жергілікті бюджеттен 152 миллион теңгеге тағы 1 013 компьютер сатып алу жоспарланып отыр екен. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу үдерісі жүргізілуде. Осы арқылы ағымдағы жылдың соңына дейін медицина мамандарын заманауи құрылғымен 100 пайыз қамту межесі қойылған. Сонымен бірге осы уақытқа дейін 758 компьютерлік техника сатып алыныпты.
Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда аймақта «ELSI-MED» медициналық ақпараттық жүйеcінде 5 449 медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Аталған ақпараттық айдынға 102 398 стационарлық және 1 091 989 амбулаториялық карта енгізілген.
Қорыта айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық ұйымдарды қағазсыз жұмыс форматына көшіреміз деп ниеттеніп отыр. Осы уақытта аурухана жағалаған науқастар стационарлық ем-домды және жеңілдікпен берілетін дәрілер рецептісін электронды нұсқада ала алатын болады. Бұл бастама ақ желеңді абзал жандардың жұмысын едәуір жеңілдететіндігі сөзсіз.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР