Этномәдени бірлестіктер белсенділік танытуда

0 1

Қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттердің қоғамда көрініс табуы ұлтқа, дінге байланысты емес екені анық. Өйткені бұл кез келген адам бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттер. Мұны сөз етуіміздің басты себебі – облыс аумағындағы өзге этностардың аймақтағы ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен бірліктің нығаюына атсалысып қана қоймай, өңірдегі қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық іс-шараларына да белсене араласуында.

Бұл игі шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығы жанынан құрылған этномәдени бірлестіктер, өзге этнос өкілдерінің меценаттары, жастар тарапынан жүзеге асып отырғанын айта кетуіміз керек. Мәселен елімізде коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланғалы бері өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктер қиындықты бірге еңсеруге өз үлестерін қосып келеді. Олар қайырымдылық шараларын жасау арқылы облыста әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, көмек қолын созуда. Тарқата айтсақ, республикалық «Bіz bіrgemіz!» акциясы аясында облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциясының мәдени орталығы, «Шиват Цион» еврейлер мәдениет орталығы, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы, «Самшобло» грузин этномәдени бірлестігі, облыстық гректер қоғамы, облыстық тәжіктер қоғамы, «Туран» әзербайжан этномәдени бірлестігі, «Низами» әзербайжан этномәдени бірлестігі, «Барбанг» күрділер қоғамдық бірлестігі, «Отечество» ұлттық орталығы» славян қоғамдық бірлестігі, «Радонеж» орыстар қауымдастығы қоғамдық бірлестігі, равноапостольный Кирилл және Мефодий атындағы славяндар қоғамдық бірлестігі, Бірлік-балқар-қарашай ұлтының «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы және «Вайнах» шешен-инғұш мәдени орталығы секілді қоғамдық ұйымдар арқылы қала, аудан бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 9000 жуық отбасыға 16 миллион теңгеден астам қаражат көлемінде көмек көрсетілген.
Бұрнағы күні «Барбанг» күрді этномәдени бірлестігі тарапынан Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында қайырымдылық шарасы жасалды. Олар аз қамтылған отбасыларға құны 5-10 мың теңге тұратын азық-түлік себеттерін таратты. Сонымен бірге үйде пісірілген дәмді тағамдар мен нан және тәттілерді дүкен сөрелеріне тегін қойып, мұқтаж адамдардың алуына мүмкіндік береді.
– Мұндай игі істер алдағы күнде де жалғасын табады. Өйткені халқына қарайласқысы келетін қайырымды жандардың қатары күн санап артуда. Осындай сын сағатында бір-біріне қол ұшын созған азаматтарға қарап, ел бірлігінің бекем екенініне көзіміз жеткендей, – дейді «Барбанг» күрді этномәдени ассоциациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Сабри Асанов.
Коронавирус індетінің алдын алу бойынша осы ауданға кіретін жолдарда бірнеше блок-бекет жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Онда полицейлер тәртіпті қадағаласа, медицина қызметкерлері жолаушылар мен жүргізушілердің дене қызуын өлшеп, мәліметтерін жазып алуда. Осыған байланысты Жалпақтөбе-Гродеково блок-бекетіндегі қызметкерлерге «Bіz bіrgemіz!» акциясы аясында Жалпақтөбе ауылының мешіт жамағаттары, дүнген этномәдени бірлестігі мүшелерінің демеушілігімен ыстық тамақ таратылды. Бұл қолдауға полицейлер мен әскери қызметкерлер, дәрігерлер ризашылығын білдіріп отыр.
Бұдан бөлек облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі «Қарасу» ықшамауданында орналасқан №25 жатақхананың мүмкіндігі шектеулі тұрғындары мен аз қамтылған көпбалалы 80 отбасыға 1 миллион теңге көлемінде азық-түлік себеттерін таратып, қайырымдылық жасады.
Кеше де қайырымдылық шаралары өз жалғасын тауып, «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігі Тараз қаласында 25 отбасыға 300 мың теңге көлемінде көмек берді. Облыстық тәжіктер қоғамы болса, 69 мың теңге көлемінде 4 жағдайы төмен отбасыға қол ұшын созды. Бірлік-қарашай-балқарлардың «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл филиалы Қордай ауданында, «Мехрибан» этномәдени бірлестігі Жуалы ауданында осындай игі істің ұйытқысы болды. Бүгін «Вынхуа» дүнгендер ассоциясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Қордай ауданы Сортөбе ауылында аз қамтылған бірқатар отбасыларға азық-түлік таратады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.