Uncategorized

Ынтымақ ырысқа бастайды

Written by Aray2005

Егемен ел болып, өз алдымызға отау тіккенімізге биыл 28 жыл толып отыр. Қазақстан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде етек-жеңін жинап, шекарасын шегендеп, өз алдына дербес, зайырлы мемлекет құрды.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси ролінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық» деген еді.
Расында да, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап конституциялық және саяси реформаларды дер кезінде жүзеге асырудың арқасында мемлекетімізде қоғамдық келісім мен бейбітшілік толық қамтамасыз етілді. Елімізде кез келген ұлттың өз дінін, бабадан қалған салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамытуға толық жағдай жасалып, барлығымыздың тең құқылы болуымыз, көпұлтты мемлекетімізде тыныштық туының желбіреуіне басты негіз болды. Татулықтың арқасында түтінімізді түзу түтеттік. Елдегі ішкі саяси тұрақтылық берік орнығып, халықтың әлеуметтік жағдайы түзелді. Ойға алған асыл мұраттарымызға кезең-кезеңімен қол жеткізе бастадық.
Қазақстан Республикасы бүгінде қауіпсіз мекенге, бейбітшілік пен рухани келісімнің, тұрақтылықтың, жаңару мен дамудың ордасына айналды. Еліміз дүниежүзіне ынтымағы жарасым тапқан бейбітсүйгіш ел ретінде танылып, біз жаңа дәуірге, мыңжылдық өркениетке, әлемдік қауымдастықтың көшіне, жаңа сипатта, жаңа тұрпатта ілесуге бел будық. Осының бәрін сырттай бақылап, көріп, біліп отырған өзге мемлекеттерді біздің ынтымағымыз бен өзге де құндылықтарымыз қызықтыратыны хақ.
«Бақ бағалағанның басына тұрақтайды» дейді халық даналығы. Сол себепті қазақстандықтар егемендіктің қадір-қасиетін бағалап, бүгінгі қол жеткізген игіліктерімізге құрметпен қарауы тиіс. Бұл жөнінде Президентіміз «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деп текке айтпаған. Себебі біз бағындырған белестердің арқасында қазіргі таңда әлемдегі озық елдердің қатарына енуге ұмтылудамыз. Бұған Президентіміздің сұңғыла саясаты мен қазақстандықтардың Елбасына деген нық сенімінің арқасында ие болдық. Халқымыздың бір-біріне деген достық ниетінің, барлығымыздың ортақ бір мүддеге жұмыла білуіміздің арқасында елде орнаған тұрақтылық пен татулық тәуелсіздігіміздің бойтұмары іспетті. Бұған халықаралық деңгейдегі сарапшылардың айтқан тұжырымдары дәлел бола алады. Бұл тұрғыда ТМД елдерінде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарғаны анық. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің тиімділігін мойындап отыр.
Жалпы, қай елдің болмасын баянды болашағы жан-жақты білімді, ұшқыр ойлы, талантты, талапты жастардың қолында. Осы тұрғыдан келгенде Ұлт көшбасшысының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы бекер емес. Бұл өз кезегінде жастарға әдеттегіден көбірек көңіл бөлінетінін білдіреді. Десе де, жастар мемлекеттің ұсынған қамқорлығын солай болуы тиіс заңдылық деп қабылдамауы керек. Өйткені мемлекет бар жағдайды жасаса, жастар да бардың қадірін түсініп, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын жүзеге асыруда аянбай тер төгуі тиіс. Жастар қоғамның қозғаушы күші болғандықтан бізге артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Ал соның үдесінен шығу біз үшін бұлжымас парыз. Осы орайда «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері Елбасы артқан сенімді ақтау, тәуелсіздігіміздің баянды, татулығымыздың ғұмырлы болуы жолында аянбай еңбек ете береді.

Зайнутдин Махусеев,
облыстық «Вынхуа»
дүнгендер этномәдени бірлестігінің өкілі,
«Ақ желкен» жастар
лигасының төрағасы

ПІКІР