Ынтымақтастық ырысқа, татулық табысқа бастайды

0 10

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тәжікстан Республикасы­ның Қазақстан Республикасын­дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзоданы қабылдады.

Кездесу барысында облыс әкімі ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысының ұсынысы Жамбыл жеріне алғаш рет келген елші тарапынан да қолдау тапты. Бердібек Сапарбаев қонаққа облыстың аграрлық-индустриялық аймақ екенін айтып, негізгі бағыттарымен таныстырды. Егіншілік және мал шаруашылығы бойынша үлкен әлеуетке ие өңірде минералды тыңайтқыштар өндірісі дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Қазақстан мен Тәжікстан да Азия елдері болғандықтан, бізге ортақ дүниелер көп. Екі жақтың да мүдделері тоғысады. Бізде экономиканың түрлі салаларында, атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм бойынша өзара ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік жеткілікті. Тек оны тиімді пайдалануымыз қажет, – деді Б.Сапарбаев.
Өз кезегінде Хайрулло Ибодзода Тәжікстан жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына, оның ішінде Тараз қаласына оқуға жіберуге ниетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар Тәжікстан тарабы Қазақстанда екі көтерме-тарату орталығын ашуды жоспарлап отыр. Елші ондай орталықтың бірін Жамбыл облысынан салуға ұсыныс білдірді. Облыс әкімі бастаманы қолдап, орынбасары Алмас Мәдиевке аталған мәселе аясында зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ кездесуде туризм бағытындағы ынтымақтастықтың ырысқа бастайтыны, Тараздың тарихы терең қалалардың бірі екендігіне айрықша назар аударылды. Тәжікстан елшісі туристер бірден бірнеше көне қалаларды еркін аралау үшін Орталық Азия елдеріне бірыңғай виза жасау идеясымен бөлісті.
Айта кетейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасында қарым-қатынас оң жолға қойылған. Пандемияға қарамастан, өткен жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 910 миллион долларды құраған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.