Ырым-тыйымдардың мәні неде?

0 2

Бәріміз де бала күннен «босағаға керілме, табалдырықта тұрма, үйге жүгіріп кірме» деген тыйымдарды естіп өстік. Бірақ, ол тыйымдарды орындамағанда не болатынын көбіміз біле бермейміз.

Анығында ырым-тыйымдардың астарында үлкен мән-мағына жатыр. Көнекөздерден естуімізше, халық нанымында табалдырыққа құт дарыған. Егер табалдырықты басып, тұрып қалсаң, ол жерден құт қашады дейді екен. «Босағаға керілме» сөзі де осы мәндес. Себебі, әркім үшін де өз үйі ең жайлы, өзін бақытты сезінетін шаңырағына кіретін босаға біздің халық үшін қасиетті саналады. Ал, «Үйге жүгіріп кірме» деген ескертпенің де өзіндік себебі бар. Шапқыншылық заманда сырттан жау келе жатса, аттандап үйге қарай жүгірген екен. Сондықтан да бұл ырым үйге жүгіре кіріп, жамандық шақырма дегенді нұсқайды.
Өткеннің өнегесін кейінгілерге жеткізіп, ұлттық құндылықтарды түгендеп жүрген жанның бірі, жазушы Зейнеп Ахметова бұл жөнінде:
– Қазақтың ырым сөзі – ұлттық тәрбие көзі. Халқымыз «тыйым көрмеген баладан тексіз адам шығады», «тектеу көрмегеннен кісілік сұрама» деп ұрпағын ұнамсыз мінез-құлықтан, ерсі іс-әрекеттен шектеп, жақсылыққа баулыған. Баланы жастайынан ерсі әдеттерден тиып, тектеп өсіру – бойына әдептілік әліппесін сіңіру. Адамның кемелді адам болып жетілуінің алтын арқауы да, халық педагогикасының қайнар бастауы да – әдептілік. Рас көптеген тыйым сөздің әуел бастағы мағынасы көмескіленіп, тыюдың себебін тек «жаман болады» деп шолақ қайыру нұсқасы қалған. Сондықтан болар қазіргі жаңа буын қазақы тыйымның түпқазығын түсінбеген соң оны орындамайды. Тіпті бос сенім, ескіліктің сарқыншағы ретінде қарайды. «Үлкеннен өнеге көрмеген балада ұлағат болмайды» деген бабаларымыздың тектеу мен тыйымдарының әрқайсысының өзіндік мән-маңызы бар. Мысалы, «дастарқанды баспа, дастарқанды аттама, дастарқанды теріс жайма, дастарқанды кесіп, қима» дегенге тоқталайық. Дастарқан – қазақтың кір жуытпай, таза ұстайтын, қастерлейтін дүниесі. Өйткені отбасы түгел бас қосып, ас-дәмін бірге бөлісе ішіп, әдемі әңгіме-дүкен құратыны осы дастарқан басы. Сондықтан да дастарқанды баспай, аттамай, қажет болған жағдайда шетін қайырып барып өтеді. Бұрын біз «Бүйіріңді таянба» дегенді жиі еститінбіз. Қазір оған мән берілмейтінін күнделікті бүйірін таянып тұрғандардан-ақ байқауға болады. Негізінде жақынын жоғалтып, үйінде біреуі қайтыс болғандар оны жоқтап, егіле жылағанда әл-дәрмені құрып, бүйірін таянып, бойын тіктейді. Бүйірін таяну – амалсыздан, қазаның үстінде қара жамылып отырғанда қажеттіліктен басқа түсетін жағдай. Сондықтан, жайшылықта жамандық шақыру, өлім тілеу нышанындай болғандықтан қатал тыйым саналған. Тағы бір тыйым – қолыңды төбеңе қойма. Себебі, айналасынан зәбір көріп, тұрақтайтын тиянақ таба алмай, жанашыр сезімге зар болған адам ел-жұртынан безіп кетуге бел буғанда қолын төбесіне қойған. Ал «Тізеңді құшақтама» деудің мағынасы – сүйенер-сүйкенер жанашыры қалмай, жалғыз қалушылықтан сақтандыру. Қазақтар аяқты айқастырғанды алдағы басып өтер жолын тұйықтау, өзіне-өзі тосқауыл қою деп санап, «аяғыңды айқастырма» деп тыйымдайды, – дейді.
Сол секілді балаларға, аяғы ауыр келіншектерге, ер адамға қатысты да ырым-тыйымдар бар. Мәселен «Ерім – пірім» деп білетін қазақ келіндері ер адамның киімін баспайды, аяқастына тастамайды, жолын кеспейді. Тіпті үйге не көлікке кірерде де алдымен ер адамды өткізеді. Бұл – үлкен ізгіліктің белгісі.
Ал, «Үлкеннің жолын кеспе, сөзін бөлме» деген тыйымдар халқымыздың үлкенді құрметтейтін қасиетін байқатады.
«Тойдым деме, қанағат де», «Сүйінші сұрағанның қолын бос қайтарма», «Тілі шықпаған баланы үйден құр қол шығарма» дегендер шүкірлікке, қуанышты жаңалыққа садақа беріп, жақсылықты жалғастыруға, пәк пейілді періште сәбидің көңіліне кірбің түсірмеуге жетелейді.
Яғни ырым-тыйымдарда ешқандай діни мағына жоқ, тек парасаттылыққа жетелеген тәрбиенің таптырмас құралы іспеттес. Көрегенділіктің көзі дерлік ырым-тыйымдарға құлақ түріп, негізіне үңілсек, ұтылмасымыз анық.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.