Қоғам

Ыстық су қашан беріледі?

Written by Aray2005

Жақында Тараз қаласы халқының басым бөлігі, яғни «Таразэнергоорталығы» АҚ арқылы ыстық су алатын 610 үй желіден ажыратылды. Оның алдында «ТемірЖол-Жылу» кәсіпорнының «Газовая» қазандығынан ыстық су алып отырған Байзақ батыр көшесіндегі 19 үй де ыстық сусыз қалған еді. Қазір қала бойынша «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнына тиесілі РК-1 қазандығынан қаладағы көпқабатты 82 тұрғын үйге ғана ыстық су келіп тұр.

Әрине, мұндай жағдайда тұрғындардың шағымы көбейіп, кәсіпорын жұмысының да берекесі кететіні белгілі. Тіпті «Facebook» әлеуметтік желісінде осы жағдайға қатысты жазбаларда қала халқының наразылығы өрши түсті. Дегенмен әкімдіктегі коммуналдық шаруашылыққа жауапты басқарма мен жылу өндіруші және жеткізуші кәсіпорын басшылары Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында шұғыл брифинг өткізіп, журналистер алдында мән-жайды түсіндіріп берді.
– Өздеріңіз білетіндей, облыста жылыту маусымына дайындық жұмыстары ертерек басталып кетті. Және ол өз ретімен, белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Соның ішінде Тараз қаласындағы М2 және М4 магистральді желілерінде жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жалпы жобамен биылға 9,3 шақырым магистральді жылу желілерін ауыстыру жоспарланған. Ыстық суды қосуды қыркүйекке жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар биыл 23 мамырдан бастап «ТаразТрансЭнерго» кәсіпорны арқылы облыс орталығындағы 610 үйге және де «ТемірЖол-Жылу» кәсіпорнымен 19 үйге ыстық су бердік. Аталған кәсіпорындар қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізіп, тиісті қазандықтарын ретке келтіруі қажет болғандықтан ыстық су беру қыркүйек айына дейін тоқтатылды, – деді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев.
Оның айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында М2 және М4 магистральді жылу желісіне қарайтын Сыпатай, Көшеней, Ниетқалиев, Қойгелді, Суханбаев, Дулати, Комратов және Қонаев көшелері мен Абай даңғылындағы желілер ауыстырылып жатыр. Алайда 610 көпқабатты тұрғын үйге уақытша қырық күндей ыстық су М1 желісі арқылы беріліп келген. Дегенмен бір желінің шамасы жетпегендіктен тұрғындар тарапынан шағымдар түсіп, әлеуметтік желілер арқылы да көптеген түсініспеушіліктер болған.
– Әрине, істеп тұрған М1 магистральді желісімен ыстық су бере беруге болар еді. Бірақ оның гидравликалық күші тек орталықтағы үйлерге жетіп, магистральдің соңындағы үйлерге не қалыпты қысымы, не тиісті температурасы сақталмай жетуіне байланысты ол жақтың тұрғындарынан шағым түскен соң бәрін өшірдік. Жөндеу жұмыстары қалай бітеді, солай ыстық суды желіге қосамыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ал «Таразэнергоорталығы» АҚ президенті Абутәліп Серікбаев пен «Таразтрансэнерго» МКК директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жогибаев нақты қандай жұмыстар қолға алынғанын және ол қалай жүріп жатқанын айтып өтіп, жағдайды олар да түсіндіріп беруге тырысты.
Естеріңізге сала кетсек, жөндеу және сынақ жұмыстары ойдағыдай өтсе, 15 қазаннан бастап облыста жылыту маусымы басталады.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР