Қоғам

Ыстық су сәуірдің соңында беріледі

Written by Aray2005

Таразда жылда сәуір айының орта тұсында өшірілетін жылу мен ыстық су биылғы көктемде ертерек тоқтатылды. Ендігі елдің күткені – ыстық су болып отыр. Тұрғындардың сауалына жауап іздеп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарласқан едік.

Басқарма мамандарының айтуынша, ыстық су сәуір айының соңында беріледі. «Таразтрансэнерго» кәсіпорны 30 сәуірден 4 маусымға дейін ыстық суды беріп,
5 маусымнан 1 қыркүйекке дейін тағы тоқ­та­тады. Ал «Жамбыл-Жылу» мен «Темір жол-жылу» кәсіпорындары 1 мамырдан бастап іске қосатын ыстық суды жаз бойы тоқтатпайды.
Ыстық суды уақытша тоқтату себептерін тасымалдаушы кәсіпорындар жылу энергиясын таратушы жүйенің жұмысын жақсарту үшін тексеру, жөндеу шараларын жүргізумен түсіндіріп отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, биыл Тараз қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту мақсатында кейбір көшелерде ыстық су уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда, осы қатарға екінші магистраль (М-2) бойынша Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев көшелері және Жамбыл даңғылы еніп отыр. Сондай-ақ төртінші магистраль (М-4) бойынша Сыпатай батыр, Төле би, С.Аққозиев, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері тұрғындарының да сабыр сақтауына тура келіп тұр.
Айта кетейік, «Таразэнергорталық» акционерлік қоғамы жалпы 610 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтып отыр. Ал «Темір жол-жылу» және «Жамбыл-Жылу» кәсіпорындары «Қаратау», «Қарасу», «Қант поселкесі» ықшамаудандары мен «Қарасу» алқабын және теміржол вокзалы ауданындағы үйлерді қамтиды.

Қамар Қарасаева

Тараз қаласы

ПІКІР