Қоғам

Ыстық су тамыз айында беріледі

Written by Aray2005

Осы айдың басында Тараз қаласында ыстық судың өшірілуі әулиеаталықтар үшін күтпеген жағдай болды. Жыл сайын жаз шыға ыстық судың тоқтатылатынына үйренген қала тұрғындары бұл жолы «Енді Таразда ыстық су үздіксіз беріледі» деген әкімдіктің былтырғы уәдесіне иек артқан-ды. Оған қоса карантин талаптары күшейіп, моншалардың қызметіне тыйым салынған сәтте ыстық судың берілмеуі үлкен дауға айналды.

Бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жеке бақылауына алып, апта бұрын тиісті мекеме басшыларының қатысуымен арнайы жиын өткізіп, оларға тиісті тапсырмалар берген болатын.
Ал апта басында дәл осы түйіткілге қатысты өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн баспасөз конференциясы өтіп, сала мамандары ыстық судың нақты берілу уақытын айтты.
– Қазір алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындалу мақсатында жылу желілерін қысыммен тексеру және жөндеп, қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мақсат – тамыз айына таман көппәтерлі тұрғын үйлерге ыстық су беру. Белгіленген мерзімнен кеш қалмау үшін жұмыстар 3 ауысымдық режимде жүргізілуде. Бүгінде ыстық су беру жоспарланған РК-4 аудандық қазандығы шаһардағы 612 көпқабатты тұрғын үйді қамтитынын айта кеткім келеді. Негізінен жүргізіліп жатқан шаруаларды 2 аптаның ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін тұрғындарға ыстық су берілетін болады, – деді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Князь Тұртаева.

Бұдан кейін сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев жүзеге асып жатқан 17 жоба бойынша 1,8 миллиард теңге бөлінгенін, қазандықтар мен ыстық су құбырларын жөндеу жұмыстарының барысын баяндады.
– 1 шілдеде ыстық су беру тоқтатылған қазандықтар мен жылумен жабдықтау желілеріндегі негізгі жөндеу жұмыстары екі аптада аяқталады деп жоспарлануда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласында 7 жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. 853 метр желілер қайта құрылды. Екі қазандық жаңадан орнатылады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ыстық сумен қамтамасыз етуді жылдам қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануда. Арнайы техника мен жұмысшылар саны көбейтілді. Жобаларды екі апта ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін тұрғын үйлер ыстық суға қосылады. Барлық бағыттағы жұмыстардың барысы қатаң бақылауда, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР