Жастар.kz

«Заман қанша өзгерсе де дәстүрлі өнер өлмейді»

Written by Aray2005

Заман ағымымен жастар батыстың даңғаза әуеніне елтіп, дәстүрлі өнер соның көлеңкесінде қалып бара жатқандай көрінетін. Көңілімізді күпті еткен осы ойдан туған халқының өнері десе ішкен асын жерге қоятын жастарды көріп арылдық. Өз елінің өнерін бәрінен биік қоятын өрелі жастың бірі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айгүл Есекеева. Жалынды жас жақында ғана облыстық «Текті сөздің төресі – терме» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, республикалық сынға жолдама алды. Дүбірлі додаға дайындалып жүрген әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– «Алма ағашынан алыс түспейді» дейді, өскен ортаңыз, ата-анаңыз өнер адамдары болар…
– Өзім осы Тараз қаласында туып-өстім. Ата-анам Қызылорда өңірінен. Үйдің тұңғышы болғандықтан, мен ата-әжемнің тәрбиесінде болдым да, әкемді көке, анамды жеңге деп атап кеттім. Нағашыларым домбыраның құлағында ойнайтын, жезтаңдай, өнерлі жұрт. «Сыр елі– жыр елі» демекші, түп-тамырымыз өнерден құралақан емес. Анам үнемі домбыра тартып, ән айтып отыратын. Соған еліктеп, «мен де солай ән айтсам ғой…» деген қызығушылықпен домбыраны үйрендім. Кейін қосылып бірге ән айттым. Мектепте оқып жүріп, қосымша домбыра үйірмесіне ақылы негізде қатыстым. Орта білімді тәмамдаған соң Абай атындағы педагогикалық колледждің «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын қызыл дипломға бітірдім. Кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен музыкалық жоғары білім алдым. Маман атанған соң өзімді оқытқан колледждің тәрбие орталығында 3 жыл жұмыс істедім. Содан кейін облыстық филармонияға келіп, осында қызмет етіп жүрмін.
– Жаңа сөзіңізде ата-әженің қызы болғаныңызды айтып қалдыңыз. Әдетте, біздің қазақта қыз баланың әнші болғанын қаламайды. Сіздің өнер жолына түсуіңізге үйіңіздегі үлкендер қарсылық танытпады ма?
– Әрине, қарсы болды. Әжем «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді ұстанатын, бала тәрбиесіне өте салмақты қарайтын адам. «Әншілік қыз балаға қол емес, мұғалім бол» деп педколледжге түсіртті. Жақсы оқыдым, дегенмен бар көңілім әнге бұрып тұратынын көрді, сезді. Және мұғалімнің жұмысы ауыр ғой, көп уақытыңды арнағаныңды талап етеді. Қағазы да көп. Түн ортасына дейін сабақ әзірлеп, таңғы сағат 4-5-терде тағы да кітап ақтарып отырған ұйқысыз түндерімді көріп, жаны ашыған әжем «Жарайды балам, жоғары білімді өзің таңдаған мамандықпен жалғастыр» деп батасын берді. Содан кейін университетте музыкалық білім алдым. Колледжде жұмыс істеп жүргенімде облыстық филармония әншілікке кастинг жариялады. Қасымдағы құрбыларымның кеңесімен қатыстым. «Мені қабылдай қояр деймісің» деп, әнімді айтып болғасын үйге қайтқанмын. Ертесіне «Сіз қабылдандыңыз» деп жұмысқа шақырды. Колледждегі жұмысымды да тастамай, екеуін қатар алып жүрдім. Бірақ бәрібір көңілім сүйген іске көбірек уақыт арнағым келе берді. Ақыры колледжден түбегейлі шығып, филармонияға келдім.
– Кезінде әнші болуыңызға қарсылық білдірген үлкендерге өнеріңізді мойындаттыңыз ба?
– Иә, көптеген байқауларға қатысып, жүлдемен келетінмін. Қалалық, облыстық байқауларды айтпағанда, республикалық, халықаралық конкурстардан топ жарғанымда әжем мен үшін шын қуанды. Атап айтсам, Украинаның Алушта қаласында өткен «Жемчужина Крыма» атты конкурсына екі халық әнін алып барып, сондағы барша жұртқа қазақтың өнерін насихаттап, І орынды олжаладым. Мәскеуде ұйымдастырылған «Лучший город KZ.» жобасына Тараз қаласының атынан қатысып,
ІІІ орынды иелендім. Шу ауданында өткізілген белгілі күйші Әбдімомын Желдібаевтың атындағы әншілер мен күйшілер байқауынан бас жүлдені жеңіп алдым. Облыстық Дельфийлік ойындардан «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша І орыннан көріндім.
– Қазір жастардың көбі эстрадалық әнге құмар. Сіздің өз қатарластарыңыздың қалауынан бөлек, жыр-термеге құмартып, дәстүрлі әнді дәріптеуіңізге не ықпал етті?
– Сірә, ата-әжемнің тәрбиесі болар. Адам қанша жерден басқаныкіне еліктегенімен, өз байлығынан артықты таппайды. Мейлі, батыстың тарс-гүрс еткен музыкасын тыңдасын, бәрібір ол одан шетелдік бола қалмайды. Керісінше өзінде бар құндылықтан айырылып, шерменде күйде қалады. Не ары емес, не бері емес, дүбәра күй кешеді. Ал өзіндегі құндылықтың қадірін білген адам байыған үстіне байи түседі. Біздің халықтың жыр-термелері тәлімдік негізге құрылған, өткеннен қалған өсиет кеңінен түсіндірілетін, сөзі мағыналы, әуені жүрекке жетердей әдемі болып келеді. Мұндай байлықты қалайша дәріптемеске?! Өздеріңіз де білесіздер, кезінде мықты саясаткерлер өзге елді даңғаза әнмен-ақ, шайқассыз жаулап алуды мұрат еткен. Сондықтан замандастарымды, іні-сіңлілерімді тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын, әуені жүректі тербетіп, сөзі санаға маңызды ой салатын дәстүрлі ән, жыр-терме тыңдауға шақырамын. Заман қанша өзгерсе де дәстүрлі өнер өлмейді. Мен осыған сенемін.
– Домбырадан басқа қандай музыкалық аспаптарда ойнай аласыз?
– Қазір баянды үйреніп жүрмін. Әзірше үйде бос уақытта «слухпен» тартып көріп, тілін меңгеруге тырысудамын. Негізі, ақылы түрде үйрететін ұстазға барсам деймін. Ондай шебер кісіні тауып та қойдым.
– Баян сізді несімен қызықтырды?
– Той, құдалықтарға барғанда көпшіліктің домбыра мен баянды қоса сүйемелдеу арқылы ән айтқанды қалайтынын сездім. Сондықтан халықтың сұранысына сай болу үшін баянның тілін білгенді жөн санадым. Адам бір ғана бағытта тоқтап қалмай, үнемі өзін дамытып, жаңа дүниелерді меңгеріп отырса ғана уақыт көшіне ілесе алады емес пе? Мен де тек бір домбырамен шектелгім келмейді. Пианиноға, гитараға, жетігенге де қызығамын. Бұйыртса, бәрі де өз уақытымен келер деген ойдамын.
– Ізденімпаздығыңыз расында да сүйсіндіреді екен. Қазір тұрмыстасыз, бала күткен анасыз. Ал өнер еңбегі уақыт талғамайды. Бәріне қалай уақыт табасыз?
– Бұрын үлкен кісілерден «Қыздың қырық жаны бар» дегенді жиі естуші едік. Расында да біздің жаратылысымыз солай шығар. Әйтпегенде, еңбектің түрлі саласында жүрген қыз-келіншектер үйімен қоса қызметін үйіріп әкетер ме еді?! Әлгінде айтып кеткенімдей, көп уақытты талап ететін қиын қызметтің бірі – ұстаздық. Оның жауапкершілігі де тым жоғары. Дәрігерлік, мейірбикелік те дәл солай. Ал біздің елде қаншама мұғалім, дәрігер келіндер, аналар бар. Үнемі жол үстінде жүретін қызметтерде де әйел адамдар көптеп саналады. Қазір байқасақ, нәзік­­жандылар араласпаған сала қалмаған сияқты. Темір тұлпарды да тізгіндеді, егін, мал шаруашылығының да, құрылыс, құқық қорғау, әскери қызметтердің де қазанында қыз-келіншектер қайнап жүр. Және әйел адамдар қызметте белсенді келеді. Егер олар үй шаруасына, баласына алаңдамаса, барлық істі бір өздері-ақ дөңгелетіп әкетер ме еді? Үйде күйеудің күтімін жасап, ата-енеге қызмет етіп, баланың бабын тауып, жұмыс та істеп жүрген аруларға өз басым тамсанамын. Яғни табиғаттың өзі бізге бәріне уақыт тауып, үлгеру қасиетін беріп қойған секілді.
– Өнер жолының оңай еместігін өзіңіз көрдіңіз. Ертеңгі күні балаларыңыз осы жолды таңдағанын қалар ма едіңіз?
– Әзірше бір ғана ұлым бар. Екі жаста. Қазірден-ақ әнге құмарлығы байқалады. Әуен естілсе, бірден билеп ала жөнеледі. Домбырамды сүйреп әкеп береді, «Ән айт» деп тәтті тілімен былдырлайды. Егер балаларым өздері таңдаса, олардың мақсаттарына жетулеріне ешбір қарсылық білдірмеймін. Әркім де өзінің мұратына жету жолында қандай қиындық көрсе де еңсеруге тиісті. Себебі арманның қиындығы да тәтті келеді ғой.
– Жақында ғана терме байқауынан бас жүлдені олжалап, республикалық конкурсқа жолдама алдыңыз, дайындығыңыз қалай?
– Қолым қалт етсе терме айтып, барынша дайындалып жүрмін. Бұл байқаудың негізгі мақсаты– термені кеңінен дәріптеу және «қазір терме жазылмайтын болды» деген пікірді жоққа шығару. Сондықтан да байқаудың биылғы тақырыбы Жастар жылына арналып отыр. Бұрынғылардан қалған термені бүгінгі ақындардың қазіргі қоғамның бет-бейнесін жырлаған шумақтарымен жаңғырту қолға алынды. Өзім де облыстық байқауда орындаған термемнің дайын сегіз жолдан 2 шумағына тағы сегіз жолды Самат Тоқпанов есімді жас ақынға шығартып қостым. Жастар жылына арнап әзірледік. Енді республикалық байқауға да дәл солай сөзін жаңаша дайындап жатырмыз. Өткендегі байқауда өздеріңіз де көрдіңіздер, кейбір қатысушылар саясатты, кешегі өткен сайлауды қосып жіберді. Бұл жағы енді артықтау болды. Себебі терме деген өмір тәжірибесінен алынған өсиет негізінде өрілуі тиіс. Оған саясатты қосудың мүлдем қажеті жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР