"Тарих. Таным. Тағылым."

Зардабы мол зобалаң

Written by Aray2005

Жамбыл жеріндегі шенділерді де айналып өткен жоқ

Бұл қазақ не көрмеді? Соғыс салған зобалаң мен ашаршылық секілді түрлі нәубетті бастан өткерген халқымыздың тағдыры қасіретке толы. Әсіресе 1937 жылдардағы қуғын-сүргін елімізді аса ауыр зардапқа душар етті. Кеңестік жүйедегі тоталитарлық тәртіптің ұлт жанына салған жарасы жайында ашылмаған тың деректер, қаузалмаған тақырыптар жетерлік. Мәселен, дерек бойынша 1937-1938 жылдары 135 мыңнан астам қазақтың зиялы қауым өкілдері саяси репрессияның құрбаны болыпты. Бұл – жүрекке зіл болар көрсеткіш.

Әсіресе ату жазасына кесіліп, итжеккенге айдалғандардың басым бөлігін ұлтымыздың бетке ұстар ақын-жазушылары құрайды екен. «Халық жауы» деген жалаң ұран кесірінен ату жазасына кесілгендердің ішінде ұлт тағдырын ойлайтын партия басшылығындағы қызметкерлер бар болғанын екінің бірі біле бермейді. Қазақ халқының тарихында көзіңе еріксіз жас үйіретін осындай ауыр кезең болғанын бүгінгі буын біліп өсуі тиіс. Қолдан ұйымдастырылған ұлтқа қарсы қасіретті науқан өз облысымызда да белсенді жүзеге асырылғанын өткен күндер растайды.
Саяси репрессияларды жүргізу механизмін теңселмелі маятник түрінде болды десек, оның бір шетінде республикалық орталық, траекториялық қозғалыстың орта бөлігінде – облыс орталығы, ал келесі шеткі нүктесінде қалалар мен аудандар болғандығы анық. Қалалық және аудандық деңгейдегі партия және кеңес кадрлары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары өздерінің республиканың саяси өміріндегі маңызын біртіндеп арттыра түскен еді. Оларды қалыптасқан тәртіпке байланысты Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитеті ғана қызметке бекітетін. Оның үстіне теңселмелі маятник ұғымына сәйкес саяси қудалаулар орталықтың бастамашылдығымен аудандар мен мекемелерде жүргізілсе, кейбір репрессиялық акциялар аудандарда туындап, одан облыс орталығына жетіп, тіпті соңында орталықтағы саяси күштердің орналасуына да өз әсерін тигізе алды. Аудандық атқару комитеті мен партия және Кеңес билігі органдарындағы ерекшеліктің маңыздылығы – олардың халықпен қоян-қолтық араласып, қажетті жағдайда оларға нақты әсер ете алатындығында жатыр. Олар орталықта қалыптасқан саясатты жүзеге асыруда соңғы буынның рөлін атқарды. Репрессиялық саясатты жүргізу барысындағы партия және кеңес номенклатурасын жаппай тазалау науқанында барлық аудандық атқару комитетінің хатшылары мен аудандық атқару комитеті төрағаларының көпшілігі құрыққа ілікті.
Аудандық деңгейдегі кадрларға қарсы репрессиялар «стандартты»– «буржуазиялық ұлтшыл», «қаскүнемдікпен шұғылданды», «сын мен өзара сынды тұқыртты» деген айыптауларға қосымша «бүгінде әшкереленген халық жауымен байланыста болды» немесе «халық жауының қойған адамы» деу негізінде қылмыстық іс қозғауға ұласты.
«Облыстық атқару комитетіне әбден кірігіп алған халық жаулары, атқару комитеті хатшылығы мен аудандағы басшылық жұмыстарға халық жаулары мен кез келген күдікті, тексерілмеген адамдарды қоюмен келді» деген секілді деректер республика бойынша өткізілген үлкен бір облыстық конференцияда сипатталған. Сипаттау бойынша әсіресе қатты былғанғаны аудандық атқару комитеті бірінші хатшысының орны болды. Л.И.Мирзоян Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қ(б)П-ның Қарсақбай атқару комитетіне жолдаған жеделхатында «ұлтшылдығы үшін» айыптау фактілерімен мұқият танысып, тексеріп шығуды тапсырды. Осындай аудандық деңгейдегі кадрларды мұқият «тексерудің» нәтижесі 1937 жылдың 3-10 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қабылданған «ҚК(б)П ОК бюросының партия және Кеңес билігі органдарының басшы қызметкерлерін жұмыстан шығару жөніндегі шешімінде» анық көрсетілген еді. «31п. Әбдіразақовты Оңтүстік Қазақстан облысы №49 ат зауыты директорлығынан босату. 37п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П-ның Н.Данияровты Сарысу аукомының хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау. 38п. Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің С.Баймахановты Мирзоян аукомы ҚК(б)П хатшылығынан алу туралы ұсынысы мақұлданды. Осылай аудандық комитет хатшылары мен аудандық шаруашылық қызметкерлеріне қарсы қолданылған репрессиялардың ОК Бюросының қаулысы негізінде жүзеге асырылуы кездесіп тұратын.
Әйтсе де бастамашылардың басқа да түрлері бар болатын. Қазақ телеграмма агенттігінің облыстық бөлімшесі күні қойылмаған, бірақ аталған орталық комитет бюросының шешімінен бұрын «Комсомолдар халық жауларын әшкереледі» деген хабарлама таратты. Онда «Сарысу ауданының комсомол ұйымы өз қатарларын халық жаулары – ұлтшыл, фашистер мен троцкистік-бухариндік сатқындардан тазарту үшін күресуде» деп көрсеткен. Ары қарай аудандық атқару комитетінің бұрынғы хатшысы Дүйсенбековтың және аудандық «Астық дайындау» («Заготзерно») кеңсесінің меңгерушісі Оралбековтың «әшкереленгендігі» туралы айтады. Аталған адамдар – комсомолдар, ал оларды аудандық атқару комитетінің бастауыш комсомол ұйымының жиналысында әшкерелеген. Оларды осы уақытқа дейін «әшкереленіп қойған» Сәдуақасовпен байланыста болғансыңдар деп кінәлайды. Бұл арада «ҚК(б)П Сарысу аукомының хатшысы Данияровтың осы халық жауларының Сәдуақасовпен байланысты екендігін біле тұра үндемегендігі» айтылады. Алматыға барған кезінде Данияров Сәдуақасовпен кездесіп, оған Дүйсенбековтың жазған хатын көрсетеді. Комсомолдар өз сөздерінде аудандық атқару комитетінің хатшысы Данияровтың таптық қырағылық танытпағандығын және ұлтшыл-фашистік элементтерді әшкерелеуге күш салмағандығын атап өткен. Онда «Әлі күнге дейін Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып халық жауы Сапарбековтың баласы ( ҚК(б)П БҚО облыстық атқару комитетінің 1937 жылдың қазанына дейінгі бірінші хатшысы – автор) жұмыс істеп келеді. Данияровтың өзі Дүйсенбековтың көмегіне сүйенген. Дүйсенбековтың Сәдуақасовтан сұрануы бойынша, Данияров Шаян ауданына жұмысқа жіберіліп тұрған жерінен Сарысу аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметінде қалдырылған» делінген. Осылай атқару комитетінің хатшысы Данияровқа «қырағылықты жойғаны», «халық жауларымен байланыста болғаны» және «халық жаулары қойған адаммен» қарым-қатынас жасағаны үшін айып тағылған. Бұл саяси айыптаулардың кез келгені оңай қауіп емес, бұл көздегенін құрдымға жіберетін зобалаң болатын. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Нұрыш Данияров (1899-1938ж.ж.) 1934-1937жылдары ОҚО ҚК(б)П Сарысу атқару комитетінің хатшысы болған, 1938 жылдың 19 ақпанында КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен ату жазасына кесіледі.
Басқа аудандардағы осындай жағдайлардың өзіндік ерекшеліктері болғанымен, жалпы алғанда, бәрі де ортақ сценарий бойынша жүріп жатты.
Мирзоян қаласында қазақстандық алғашқы журналист- коммунист Сабыр Айтқожиннің де қызметі тоқтатылды. 1936 жылы ол Мирзоян аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметіне келіп, 1937 жылдың 2 қазанында тұтқындалады. Оған «контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл ұйымға қатысқансың және мектеп құрылыстарын салу мен сауатсыздықты жоюға бағытталған іс-шараларды қаскөйлікпен бұздың», деген айыптар тағылды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясы С.Айтқожинді ату жазасына кесті. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің президиумының 1937 жылдың 4 қазанындағы қаулысына сәйкес, Мирзоян аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Досымбаев халық жауы ретінде облыстық атқару комитетінің пленумының құрамынан шығарылады.
Осылай 1937 жылдың күзіне дейін Мирзоян ауданының бірінші басшылары түгел репрессия құрығына ілініп біткен болатын. Қаскүнемдікке байланысты тағы бір іс «Дән дайындау» («Заготзерно») ұйымында болып, ол бойынша бірнеше қызметкерлердің мәселелері қаралған екен. Олардың ішінде аса зардап шеккені – 1910 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Талас ауданында туған, Сайрам ауданының Манкенттегі «Дән дайындау» пунктінің меңгерушісі болған Заманбек Байдуанов еді. Оны Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының коллегиясы 1937 жылы 15 жылға бас бостандығынан айырып, еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберді.
Жалпы алғанда, аудандық деңгейдегі кеңестік билік ауыр зардап шекті. 1938 жылдың 1 сәуіріне дейінгі облыстық атқару комитеті пленумының 22 мүшесінің 16-сы халық жауы ретінде оның құрамынан шығарылды.
Соның өзінде кеңестік репрессиялық аппарат өздерінің бар тактикалық мүмкіндіктерін пайдаланып, көпшіліктің пікірін партиялық баспасөз арқылы сұрыптап, қалыптастыра алды. Сол кезеңде қалыптасқан саяси сөздік қоры жалпы халыққа барынша түсінікті түрде жеткізіліп, мұның өзі Кеңестердің саяси беделден жұрдай болмауына мүмкіндік берді. Ал ІІХК органдарының атқару комитетінің хатшыларына бағынбауы, олардың ойына келген ойранды жүзеге асыруына жағдай жасады. Осылардың бәрі біріге келе, аудандық деңгейдегі кадрлардың тағдырын қасіретке ұшыратты. Бұл кеңестік қоғамда түзілген ұлт тарихына қатысты қасіретті парақтардың бірі ғана.

Сейдехан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты

ПІКІР