"Тарих. Таным. Тағылым."

Зергер көмбесі

Сан мәрте жермен жексен болып, құндылықтарымен бірге құмға батса да ойран-топанды басынан кешіп, отқа оранса да халқының туған жерге деген махаббатының мықтылығынан, ел ерлігінің энергиясымен қайтадан бой көтеріп, аңдыған дұшпанға ажалсыз қала болып көрінген текті Тараздың тарихын ешкім жоққа шығара алмайды. Қарахан әскері ат суарған асау Талас толқындары, сайы мен төбесінде сайрап жатқан текті Тектұрмастың ізі, табиғатына сіңіп қалған Айша бибінің сұлулығы мен Бабаджа хатунның адалдық парызы осыған дәлел. Тек сауда орталығы ғана емес, стратегиялық саяси шаһар болғанын дәлелдейтін елшілердің динарлары, қайталанбас сәулет өнерінің сұлу сырлары тек тараздықтардың ғана емес, бүкіл қазақ баласының тарихынан шежіре шертеді. Мұндағы қолы алтын зергерлердің туындылары да ардақты аналарға, қырмызы қыз баласының сұлулығына деген құрметтің асқақ символы десек артық айтқандық емес. Соның бірегейі Шахристан аумағындағы керуен сарай маңынан табылған «Зергер көмбесіндегі» асыл бұйымдар.

Қиындықтан қайыспай қиян-кескі шайқастарда ел қорғауға арналған қару-жарақты да, Ұлы Дала ұрпағының аналары мен шығыс шайырлары он ғасыр бойы ода жазып өткен Тараздың текті сұлуларының талайды тәнті еткен асыл әшекейлерін де жасап шығарған осы топырақтың оғлан зергерлері еді. Темірден түйін түйіп, мәрмәрдай маңдай терін мәңгіліктің маржандарын жасауға сарқып төккен шеберлердің өнеріне еріксіз бас иесің.
Газетіміздің «…Тараздан ғана табасың» атты жаңа айдарында айтқымыз келгені де осы топырақта ғұмыр кешіп, аты ұмытылса да, заты айғақтап тұрған зергердің үйінен табылған көмбе турасында қаузалмақ. Себебі, ондағы бұйымдардың жасалу стилі басқа ешбір елдің зергерлерінде кездеспеген екен. 2015 жылы «ҚазАрхеология» ғылыми орталығы қызметкерлерінің археологиялық ғылыми-қазба жұмыстары кезінде Тараз қалашығының шахристан аумағындағы керуен сарай маңынан табылған ерекше көмбенің иесі әлі күнге жұмбақ. Міне қызық, бір құмыраның ішінен алтын мен күмістен жасалған 100-ге жуық бұйымдар шыққан. Оның ішінде алтыннан жасалған білезіктер, сырғалар және ою-өрнекпен әдіптелген жапсырмалар, күмістен құйылған білезіктер мен Қарахан империясы дәуірінде шығарылған тиындар, өзіндік ерекше ою-өрнегі бедерленген үлкен ыдыс табақша да бар.
Ғалымдарымыз көмбені «Зергер көмбесі» деп атаған. Бұл заттардың ерекшелігі, әсіресе алтындарды ширата, орағыта орай отырып білезік жасап шыққандығы, ою-өрнектерінің Орта Азиядағы және шығыстағы зергерлердің ою-өрнектері мен әбзелдерінен басқаша, жаңаша түрде жасалынғандығы болып есептеледі. Тараз қаласын астанасы еткен Қарахан мемлекетінің ислам дінін қабылдай отырып, шығыстық үлгідегі ою-өрнектерден бір ерекше дүние жасап шығарғандығы көрініс береді. Әрине, бұл жерде зергердің жаңашылдығы мен оның өзіндік бір дүние ойлап тапқандығы да бар. Бір шетінен зергердің бұл дүниелерді өзінің жеке бір байлығы ретінде сақтағаны да байқалады.
Тарихшылар X-XII ғасырларға тиесілі жауһар жәдігерді өзінің дара дәстүрі, дербес тарихымен ерекшеленетін көшпенділер қолтаңбасының тайға таңба басқандай айрықша көрінісі деп әспеттеп отыр.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР