Қоғам

Зейнетақы салымына зер салдыңыз ба?

Зейнетақы жинақтарының сақталуы әрбір қазақстандықты толғандыратын өзекті мәселе екені жасырын емес. Бүгінгі салымшылардың басым бөлігі ондаған жылдардан кейін зейнетке шығатындықтан, өз салымдарына алаңдауына түсінікпен қарауға болады. Тіпті, қарттық шағына қаржы жинауға асықпайтын кей отандастарымыздың арасында «Зейнетақымыздың сақталатынына кім кепіл?» деген ой айтатындар да жоқ емес. Десе де, Қазақстан – азаматтардың зейнетақы жинақтарының зейнетке шығу сәтіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуына кепілдік беретін бірден-бір мемлекет болып табылатындығын ұмытпағанымыз жөн.

Міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейтін Жапония, Чехия, Словакия сынды елдермен салыстырмалы түрде алатын болсақ, оларда зейнетақы жинақтарына инвестициялық табыс мүлде қарастырылмаған. Бұл елдердегі басқарушы қорлар жарналардың номиналды, яғни нақты жиналған сомасының сақталуына ғана кепілдік береді. Яғни, инфляция есепке алынбайды, инвестициялық табыс нөлге теңестіріледі. Басқаша айтқанда, адам қорға қанша жарна аударса, ақырында қолына сонша қаржы тиеді.

Словенияда басқарушылардың шекті табысы мемлекеттік облигациялардың орташа табыстылығының 40 пайызынан кем болмауы заң жүзінде бекітілген. Чилиде басқарушы қорлардың табыстылығы әркелкі, бірақ алдыңғы 36 айдағы шынайы табыстылықтың орташа көрсеткішінің 2 пайызынан кем болмауы тиіс. Германияда зейнетақы қорлары зейнетке шыққан күнге 2,25 пайыз табыстылыққа кепілдік береді. Венгрияда зейнетақы қорларының инвестиция табыстылығы мемлекеттік облигациялар табыстылығының 15 пайызынан кем болмауы кепілдендірілген. Ал, Австрия, Швеция, Эстония, Израиль, Мексика және Норвегия сынды елдерде зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік мүлде қарастырылмаған.

Ал, біздің елімізде зейнетақы жүйесі қалай жұмыс істейді? Зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесін Қазақстан осыдан 15 жыл бұрын қолға алды. Сол шақта салымшылардың нақты аударылған зейнетақы жарналарының зейнетке шыққан сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына мемлекет кепіл болатыны құқықтық тұрғыда негізделді. «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңда атап көрсетілгендей, «Мемлекет салымшыларға міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының (МКЗЖ) нақты салынған мөлшерінің зейнетақы алу құқығы туындаған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуын қамтамасыз етеді».

2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуы да бірінші кезекте салымшылардың мүддесін қорғауға бағытталған болатын. Бұған дейін жұмыс істеген жеке зейнетақы қорларының бірқатары активтерді тиімсіз басқарғандықтан, салымшылардың есепшоттарындағы табыс көрсеткіші нөлден төмен түсіп кеткен. Жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшылардың мүддесінен олардың қожайындарының мүдделерін жоғары қойды.

Қазір салымшылардың жинақтары бірыңғай оператордың жауапкершілігінде. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және бірегей акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Қордың мемлекеттік акциялар пакеті Ұлттық Банктің сенімді басқаруына берілген. Зейнетақы активтерін Ұлттық Банк Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеспен бірлесіп басқарады. Салымшылардың зейнетақы жарналары диверсификациялау негізінде тәуекел мен табыс арақатынасын сақтай отырып, түрлі қаржы құралдарына салынады. Зейнетақы активтерінің 40 пайыздан астамы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздарына, қалғаны – инвестициялық декларацияға сәйкес республика аумағындағы, шет елдердегі квазимемлекеттік компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің құнды қағаздарына, корпоративтік облигацияларға, басқа да қаржы құралдарына салынады.

Нарық заңдылығына сәйкес инвестициялаудан түскен табыс инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Осыған орай, жарна мен инфляция деңгейін есептегендегі табыстың жиынтығынан тұратын шынайы зейнетақы жинақтары мен салынған зейнетақы жарналарының арасында айырмашылық туындайды. Егер инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, айырма сомасы азамат зейнетке шыққан шақта төленеді.

Айта кету керек, мемлекеттің кепілдігін алу құқына зейнеткерлер зейнет жасына толған сәтте ие болады. Мемлекеттік кепілдікке құқы бар азамат қайтыс болса, оған тиесілі өтемақы мұрагерлерінің еншісіне өтеді.

Мемлекет кепілдігін алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік төлемдер жөніндегі ведомствоаралық есептеу орталығына тұрғылықты мекен-жайы бойынша арыз жазу керек. Әрбір алушыға тиесілі сома арнайы жасалған әдістеме бойынша жеке есептеліп, оның банк шотына аударылады.

Айырма сомасы (мемлекеттік кепілдік) мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Оның мөлшері азаматтың зейнетақы төлемдерін алу құқы туындаған сәтке инфляция деңгейін ескере отырып нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналары мен БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының арасындағы айырманы құрайды.

Егер инвестициялық табыс көлемі инфляцияның рұқсат етілген деңгейінен артық болса, онда салымшыға мемлекеттік кепілдік төленбейді. Қалған жағдайларда салымшылар өздеріне тиесілі өтемақыны алады. Осылайша, Қазақстанда қазіргі күні азаматтардың зейнетақы жинақтарын сақтаудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Тек 2017 жылы мемлекеттік кепілдік ретінде 12,7 миллиард теңге төленді. Мұндай кепілдік тіпті өте дамыған елдерде жоқ екенін ескерсек, көптеген сарапшылар Қазақстанның зейнетақы жүйесін әлемдегі озық үлгілердің санатына қосып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, өздерінің зейнетақымен қамту саласындағы құқықтары, мүмкіндіктері, зейнетақы жинақтарының көлемі, шоттарының жай-күйі туралы білгісі келетін азаматтар үшін БЖЗҚ әрбір тоқсан сайын «Ашық есік» күндерін өткізуде. Сонымен қатар, қордың сайты, әлеуметтік желілердегі аккаунттары, байланыс орталығы арқылы да кеңес алуға болады. Жұртшылыққа зейнетақы жүйесінің жұмысын кеңірек түсіндіру үшін қор мамандары кәсіпорындар мен мекемелерде көшпелі таныстырылымдар өткізіп тұрады. Бұл шаралар қор жұмысының сапасын көтеруге, ашықтығын қамтамасыз етуге, осы арқылы жұртшылықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттыруға оң септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Наурызхан Джармуханбетов,
«Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қоры» АҚ
облыстық филиалының директоры

ПІКІР