Елбасы Жолдауы

«Зейнетақы жүйесі туралы зерделі ой айтылды» 

Written by Aray2005

Бауыржан Мурбеков,
облыстық жастар ресурстық орталығының директоры: 

– Ел Президентінің Жолдауын жамбылдық жастар ерекше ықыласпен қабыл алды. Бағдарлы басты құжат отбасы институтын қолдау мен инклюзивті қоғам құру, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапалы болуын қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қолдау жүйесінің дамуы және отандық зейнетақы жүйесін дамыту сынды бес басым бағыттан тұрды. Сонымен қатар ел өмірінің барлық салаларындағы ахуалға терең талдау жасалып, нақты практикалық міндеттер қойылған.

Жолдауда қозғалған тиімді мемлекеттік басқару, бюджетті тиімді жұмсау, зейнеткерлік, медицина, білім беру сапасын жақсарту, мамандар даярлаудың отандық жүйесін жетілдіру, мәдениет саласының өзекті мәселелері – қоғам болып атсалысатын өзекті мәселелер. Президентіміз білім беру сапасын жақсартуда мамандарды даярлаудан бастауды, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беретін стандарттың негізін қалаудың қажеттілігіне тоқталды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдаудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы осы жылғы Жолдауда жастарды және отбасы институтын жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Және бұл өте дұрыс. Соның ішінде көпшіліктің көкейінен шыққан мәселе, ол – Жолдауда айтылған зейнетақы қорының бір бөлігін баспана және білім алуға зейнет жасына жетпей пайдалану мүмкіндігі. Бұл еліміздің жастары үшін зор мүмкіндік, қуанышты жаңалық болды.

Енді біз жас мамандар мен жас отбасылардың тұрғын үйге қол жеткізіп, баспаналы болудағы мүдделерін жеткізуге ықпал ету мүмкіндігіне ие боламыз. Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамыз.

Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Жолдауында ел-жұрттың осындай мұқтаждықтарының орнымен шешілуі қажеттігіне назар аударып, басымдық беруі қуантады. Бәрі де орынды. Жолдау көңіліміздегіні тап басты, жаңа жетістіктерге жігерлендіріп отыр. Алда үлкен өзгерістер мен көптеген шараның жүзеге асырылуы күтіп тұрғаны анық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр азамат Президент тапсырмаларын орындауда өз үлестерін қосып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаратын болсақ, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруге тағы бір қадам жасауға мүмкіндік аларымыз хақ. Біз, аймақтың жастары оған әрдайым демеу жасауға дайынбыз!

ПІКІР