"Заң және біз"

Зейнетақыңыз өсті ме?

Елбасы өз Жолдауларында базалық зейнетақы өзгерістеріне қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Осыған орай, бірер жылдан бері зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен өссе, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындау механизмі өзгерді. Осы арқылы базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен тұлғаның еңбек өтіліне және табысына қарамастан бәріне бірдей мөлшерде тағайындалмақ.

Жалпы, жаңа механизм бойынша базалық зейнетақыны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтіліне және 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне байланысты тағайындалатын болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Төртбаевтың айтуынша, өзгерістер бойынша азаматтың еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе еңбек өтілі мүлде болмаса онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды, ал, 10 жылдан еңбек өтілі асқан әрбір азаматқа әр жылы үшін 2 пайызға ұлғайтылады. Және еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған жағдайда ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайды. Сондай-ақ, азаматтың еңбек өтілі 20 жыл болса – 74 пайыз немесе 20 931 теңге, 10 жылға дейін болса – 54 пайыз немесе 15 274 теңгеге теңестірілмек.

Аталған өзгерістер бір жағынан үлкен еңбек өтілі бар, бірақ табысы туралы мәліметтердің жоқ болуына байланысты төмен зейнетақы алып отырған зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік әділдік орнатып отыр. Ал «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының аудандық, қалалық бөлімдерімен базалық зейнетақы мөлшерлерін арттыруға байланысты шешім жобалары дайындалып, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті арқылы бекітілген. Жаңа мөлшердегі төлемдер кесте бойынша 2018 жылдың шілде айының бірінші жұмыс күнінен бастап төлене бастады.

Базалық зейнетақы тағайындау механизміне енген өзгерістерде мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы да тыс қалмаған. Сол себептен, мүгедек баланың 18 жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы мөлшері 29 699 теңгеге дейін өсіп отыр. Аталған төлем мүгедек баланың 18 жасқа дейінгі кезеңінде қосымша көмегі ретінде енгізіліпті. Алайда, кәмелет жасқа толған мүгедек балаға күтім жасайтын ата-ананың қажеттілігін шешпейтіндігі белгілі. Сондықтан, Мемлекет басшысының өзі бұл мәселені назардан тыс қалдырмай жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, оңтайлы шешу қажеттігін тапсырған болатын.

– Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында жарияланған Елбасының Жолдауында Үкіметке 2018 жылдың шілде айынан бастап, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын 18 жастан асқан адамдарға арналған жаңа жәрдемақыны енгізу тапсырылған еді. Сондай-ақ, тиісті құқықтық-нормалық актілерге өзгерістермен толықтырулар енгізіліп, 1 шілдеден бастап, Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы ҚР 2005 жылғы 28 маусымдағы N 63 Заңына сәйкес, бірінші топтағы мүгедекке бала кезінен күтім жасайтын кәмелет жастан асқан адамдарға арналған жаңа жәрдемақының тағайындалуы қарастырылған. Осындай тапсырмаларға сәйкес, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мөлшері биылғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерін немесе 29 699 теңге болды, – дейді Нұржан Мейірханұлы.

Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтып, 1 шілдеден бастап қайта есептелінуде. Айта кету керек, мемлекеттік базалық зейнетақыны қайта есептеу процесі автоматты түрде жүргізіліп жатқандықтан зейнеткерлерге ешқайда жүгінудің немесе құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР