Облыстық әкімдікте

Жүктелген міндет өз деңгейінде орындалуы тиіс

Written by Aray2005

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жұмысы қаралды.

Басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиевтің айтуынша корпорация өз қызметін негізгі үш бағыт бойынша жүргізеді. Ол перспективалы және бәсекеге қабілетті инвестициялық жобаларды іске асыру, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары. Корпорация құрылғаннан бері 44 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 69 жобаны жүзеге асырған.
Бүгінде өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Онда ұн, күріш, қарақұмық, қант, сәбіз, пияз, өсімдік майы, жұмыртқа секілді азық-түлік түрлері сақталуда. Қордағы бұл өнімдер ірі сауда нүктелерінен басқа коммуналдық базарлар мен әлеуметтік дүңгіршектерде де сатылуда.
– Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қызметі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан ол тиімді және нәтижелі ұйымдастырылуы тиіс. Өкінішке қарай, ондай қарқын байқалмайды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, Б.Сапарбаев корпорация орын алып жатқан экономикалық үдерістер мен сын-қатерлерге, нарықтық қатынастардың ағымына және тұтынушылық қажеттіліктерге нақты жауап беруде белсенділік таныта алмай отырғандығына назар аударды. Өңірге инвестиция тарту, бизнес-бастамаларды қолдау бойынша да тиісті жұмыстардың әлсіздігіне көңіл бөлді.
– Корпорация ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. Үкімет бұл мақсатқа тиісті қаражатты бөлді. Алайда, ауылдықтарға осы ақшаны тез және тиімді игеру ісінде сіздердің тараптан тиісті көмек ойдағыдай көрсетілмеген. Жүктелген міндетті қызметкерлеріңіз соңғы уақытқа дейін іркіліспен әрең орындады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы басқа да бағыттар бойынша жұмыстардың жүйесіздігін алға тартты. Атап айтқанда корпорация басшылығы тарапынан тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуда тиісті бақылаудың жоқтығын, әлеуметтік павильондардың жұмысы дұрыс жолға қойылмағандығын, олардың көпшілігі демалыс күндері жабық тұратындығын баса айтты.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровке «Тараз «ӘКК» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде мекеменің 2019 жылғы қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жасау, оның құрылымы мен штаттық кестесін қайта қарау тапсырылды.
– Корпорациядағы штат саны 60 адамды құрайды. Жалақылары қомақты. Алайда, олар оған сай жұмыс істеп отыр деп айта алмаймыз. Департаменттер арасындағы өзара қарым-қатынастарды нақты үйлестіру жоқ, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР