Жамбыл жаңалықтары

Жүктелген міндет жүйелі атқарылуы тиіс

Облыс экономикасын өркендету өзекті мәселе. Сондықтан, өңірді дамыту бағытында атқарылуы тиіс шаралар салыстырмалы түрдегі санмен емес сапамен, ақ парақтағы ақпаратпен емес, қарқынды жұмыспен өлшенетіні белгілі. Өйткені, кез келген іске нақтылықпен жауап бергенде ғана шын мәнінде жұмыс жүйесін табады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жыл басында аймақтың экономикалық өсімін өрістетуге негіз боларлық межелер белгілеп, барлық аудандар бойынша нысаналы индикаторлар бекітіліп, арнайы тапсырмалар жүктеуінің сыры да осында. Десе де, есепті кезеңде жүктелген міндетті жауаптылар мүлтіксіз орындай алды ма? Алты айда аудан әкімдері ауыз толтырып айтарлықтай қандай тірліктер жасады? Міне, осы жұмыстарды таразылау мақсатында өңір басшысы Асқар Исабекұлы өткен аптада Байзақ, Жуалы, Қордай, Шу аудандарына арнайы жұмыс сапарымен барып, сан салаға қатысты негізгі міндеттерді саралаған еді. Ал, осы аптаның басында аймақ басшысы Талас, Сарысу аудандарына ат басын бұрып, жергілікті биліктің алты айдағы жұмысын сүзгіден өткізді.

Шу ауданы шаруасын шалқыта алмай отыр

Ең алдымен өткен аптаның соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов есепті кезеңдегі жұмыстарын електен өткізген Шу ауданының тіршілігіне тоқталсақ.
Шырайлы Шу өңірі өндірісті өркендетуге, шаруашылықты шалқытуға өте қолайлы өлке. Әйтсе де, тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан бұл бағытта толайым табысқа қол жеткізіп отыр деп айта алмаймыз. Оған жыл басында белгіленген индикаторлық межелердің ойдағыдай орындалмауы да негіз бола алады. Әсіресе, жартыжылдықтың қорытындысындағы кейбір көрсеткіштерде Шу ауданы облыс бойынша ең төменгі орындардан көрінгені көңілді күпті етеді. Өткен аптада аудан активімен кездескен өңір басшысы Асқар Мырзахметов аудандағы жұмысы сылбыр, тірліктің тетігін таппай отырған жауапты тұлғаларды сын тезіне алып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиында ең алдымен облыс әкімдігінің басқарма басшылары салалары бойынша аудандағы шешімін күткен мәселелерді баяндап, кемшіліктерге жол берген тиісті тұлғаларға қатысты ойларын білдірді.
Рас, өткен жылмен салыстырғанда экономикалық-әлеуметтік салалардың біразында айтарлықтай өсім болғанымен, шешімін күткен мәселелер де жетерлік. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ауданда барлығы он жеті межеге қол жеткізілмеген. Соның ішінде облыс пен аудан әкімдері арасында жасалған келісімдегі өнеркәсіп өнімінің және негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі, мың адамға шаққанда қылмыс деңгейінің орындалу индикаторы көңіл көншітпей тұр. Сондай-ақ, басқармалармен болған келісімдегі он үш индикатор орындалмағаны анықталған. Әсіресе, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар, туризм және тағы басқа бірқатар көрсеткіштерде жоспардың жартысы жүзеге аспаған.
Ауданда ауыл шаруашылық саласындағы олқылықтар да көзге ұрып тұр. Егіндік үлесі, майлы дақылдар мен қант қызылшасының көлемі, пайдаға асырылмаған егістік алқап, сүт өндіру, жұмыртқа және кооперативтерде өндірілген ет көлемі міндеттелген межелерге жетуде жұмыстың сылбыр жүргенін көрсетеді. Майлы дақылдардың егістік алқабын 16 845 гектарға жеткізу жоспарланғанымен, ол 11 488 гектарға ғана, яғни, 68,2 пайызға орындалған. Бұл ретте Далақайнар, Дулат, Тасөткел ауылдық округтерінің шаруалары жоспарды орындауда құлықсыздық танытқан. Тәтті түбір алқабының жоспары 2 000 гектар болса, қызылша небәрі 601 гектарға ғана отырғызылып, орындалу көрсеткіші 30,1 пайызды құраған. Оған 12 ауылдық округ шаруаларының немқұрайдылығы себеп болып отыр.
Бүгінде ауданда 4 471 гектар егістік жер пайдаланусыз жатыр десек, оның
1 200 гектары суармалы алқаптар. Осыған баса назар аударған өңір басшысы А.Мырзахметов шулық шаруалар тарапынан егістік жерлерге деген сұраныстың қаншалықты екенін сұрады. Өз жауабында аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков қазіргі таңда 48 адам егістік жер кезегінде тұрғанын, олардың барлығының сұранысы 10 мың гектарға жуықтайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ол бұған тиесілі аудандық бөлімнің жұмыс істемейтінін, бос жерлер бойынша конкурстар өткізуді енді ұйымдастырып жатқанын тілге тиек етті.
– Неге бұл конкурстар сонау қыс шыға салысымен, ерте көктемде ұйымдастырылмайды? Көктемгі дала жұмыстары кезінде қайда қарадыңдар? 4 500-ге жуық гектар егістік жер игерусіз жатыр. Ал, 48 адам кезекте 10 мың гектар жер сұрап отыр. Бұл не сонда? Игереміз деген шаруаны, бос жатқан жердің кезегіне қою кімге керек? 1 200 гектар суармалы жер екен. Ол аз алқап емес. Бабын таба білген диқан 1 200 гектардың өзінен мол өнім алып, табысқа кенеледі. Қарамағындағы бөлім жұмыс істемесе, оған кім кінәлі? Неге ұстап отырсыңдар жұмыс істемейтіндерді? Мүмкін, жұмыс істемейді емес, өздеріңіз істете алмайтын шығарсыздар. Егістік жерлердің игерілмей бос жатуы – барлық ауданға тиесілі мәселе. Бұған басқарманың қатысы бар. Тезірек мәселе шешілмесе, аудандағы жауапты басшылармен қатар тиісті басқарма басшысының да жауапкершілігі қаралады, – деді А.Мырзахметов.
Бұл ғана емес, аудандық шаруалар облыс басшылығы тарапынан шешілген тегін тыңайтқыш алуда да белсенділік танытпаған. Бұл бағытта жоспар орындалғанымен, көлемнің аздығы күмән туғызады. Дегенмен, аудан басшылары жолдың ұзақтығын, тасымал бағасының қымбаттығын сылтауратып, ақталуға тырысты.
– Ауданда 2 700-дей шаруа қожалығы бар. Тыңайтқышқа деген сұраныс бар-жоғы 1 300 тонна. Бұл қисынсыз ғой. Ауданның әлеуеті жоғары, сұраныс та, жоспар да соған сай болуы керек. Болмашы жоспар қойып алып, асыра орындадық деу кімге керек? Бағасы қымбат дейтіндей сатулы емес, тегін тыңайтқышты алып кеп, топырақ құнарлылығын арттырып, мол өнім алуға неге ынталы емессіздер? Бұған аудан, ауылдық округ басшылары атсалысу керек еді. Аудан мен ауылдық округ әкімдері арасындағы индикаторлық келісімде минералды тыңайтқышпен қамту көрсеткіші бар ма? Басты индикаторлардың ішінде осы тұруы керек қой. Егер жоқ болса, онда бұл бағыттағы жұмыстың әлсіздігі, – деген облыс әкімі бастысы ынта болса, тасымал жағы шешілетінін ашып айтты. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында техниканың жетіспеушілігі де байқалады. Шаруашылыққа бейім ауданда жеті ғана кооперативтің тіркелгені, оның бесеуі жұмыс істеп тұрғаны да көңіл көншітпейді.
Өзге де салалардағы келеңсіздіктер жиында көтеріліп, жан-жақты талқыға түсті. Оның бірқатарын облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов жіпке тізгендей етіп баяндап берді.
– Аудан бойынша 12 елді мекен қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған полигондармен қамтамасыз етілмеген, қалдықтарды алып кету жұмыстары бойынша арнайы келісімшарт жасалмаған. Қалдықтарды жинау, алып кету, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифтері және қалдықтардың түзілу, жинақталу нормалары бекітілмеген. Бар полигондардың өзі санитарлық-экологиялық стандарттарға және құрылыс нормаларына сай келмейді. Жеті полигонның қоршауы, екі қоқыс төгу орындарына берілген жер учаскесінің мемлекеттік жер актілері жоқ, – деген Нұржан Молдиярұлы су шаруашылығы жүйелерін тазалаудағы кемшіліктерді де мәлімдеді. Айта кету керек, бүгінге дейін аудан басшылығы тарапынан қатты қалдықтар, санитарлық тазалық бойынша кемшілікке жол бергендерге 463 ескерту берілгенімен, бірде-бір рет айыппұл салынбаған екен.
Басқосуда аудан тұрғындары үшін басты мәселенің бірі – электр энергиясының тапшылығы да көтерілді. Қуат көздерінің жеткіліксіздігі кәсіпорындардың жұмысына кедергісін келтіріп, тіпті, жабылуға әкеп соғуда. 2014 жылы бұл жағдайды шешу үшін Шу қаласындағы «Жайсаң» қосалқы стансасының құрылысы басталғанымен, ол белгілі себептермен тоқтап қалған. Ал, салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың саны күннен-күнге артып, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр.
Аудандағы ауызсу, көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарында да «әттеген-айлар» көп. Бүгінде аудан тұрғындарының 52,7 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Бұл – облыс бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Ал, осы бағыттағы жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу шаралары сын көтермейді. Ауданда 100 мыңнан аса адам бар болса, табиғи газға зәру тұрғындардың саны 79 мыңнан асады. Яғни, тұрғындардың жетпіс пайызы көгілдір отынның игілігін көре алмауда. Бұл орайда Асқар Исабекұлы газ, ауызсу құбырлары ауыл, көшелерге тартылғанымен, тариф пен кіргізу құнының қымбаттығына байланысты қамтылмай отырғандардың жайын қозғады. Көпшілікке жеңілдіктер бар екенін, соны түсіндіруге басшылар белсенділік таныту қажеттігін сөз етті.
Денсаулық саласындағы маман тапшылығы, оқушылардың қашық жерден қатынап оқуы, кейбір ауыл әкімдерінің өз орындарынан табылмайтындығы, санитарлық тазалық, жергілікті полицияның жүйесіз қызметі секілді мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Өз кезегінде аудан әкімі Қайрат Досаев кей мәліметтердің дұрыс еместігін жеткізіп, кемшіліктерді түзейтінін айтып, жұмыстарды жандандыра түсетініне сендірді. Облыс басшысы кеткен кемшіліктер, ұсыныстар бойынша шешім қабылданатынын атап өтіп, айтылған сын-ескертпелер бойынша тапсырмалар берді.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, ендігі кезекте жұмыс осылай өрбиді. Талап қатал болса, жұмыс нәтижелі. Бұл әзірге бастамасы ғана. Уақыт өте бұл жүйені жетілдіре түсеміз. Керекті-керексіз индикаторларды қайта қараймыз. Әрбір тапсырма қараусыз қалмайды. Бәрі белгіленген уақытта орындалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапкершілік мәселесі қаралады. Шу ауданы шаруашылыққа да, өндіріске де бейім аймақ. Дегенмен, көрсеткіш көңіл көншітпейді. 2-3 қана кәсіпорынның тіркелгені ащы шындық. Жердің игерілу жағдайы да мәз емес. Ауылдық округ әкімдері өздері басқарып отырған елді мекендердегі жер жайынан хабарсыз. Бұған аудан әкімдігі талапты күшейту керек. Аудан әкімдігі тек бюджет қаражатын әрі-бері бөліп, нысан салумен айналыспауы тиіс. Ең бірінші экономиканы көтеру жолында жанталасып жұмыс жасаған абзал. Кіріс көлемін арттыру үшін тер төккен ләзім. Экономиканы көтеру арқылы, басқа мәселелерді шешуге жол ашылады, – деді А.Мырзахметов.

Таласта тірлік неге тұралап тұр?

Осы аптаның басында өңір басшысы әуелі Талас ауданы әкімінің активімен жиын өткізді. Басқосу барысында ауданның агросекторында 3 негізгі индикаторға қол жеткізе алмағаны белгілі болды. Сондай-ақ, егін шаруашылығына бағытталған 20 мың гектар алқаптың тең жартысы кәдеге аспай тұр. Оның 5 000 гектары суармалы егістік алқабына жатады. Таластық шаруалар мал басы мен техникаға мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржыны да пайдаланып, табысын еселеуге құлықсыздық танытқан. Бұл аудан әкімдігі тарапынан ақпараттандырудың тиісті дәрежеде жүргізілмегендігін аңғартады.
Мұнан бөлек, кәсіпкерлік саласында да көз қуантатын нәтиже байқалмайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны аз әрі өндірістік әлеуеті төмен. Күні кеше қолданысқа берілген ірі жобалардың өзі өнім өндіруде қабілетсіздік танытуда. 2 жыл бұрын іске қосылған «Жамбыл Недр» цемент зауыты солардың қатарында. Жаңадан ашылған кәсіптік нысандар саусақпен санарлық. Аудан орталығында кәсіпкерлік мақсатта пайдаға жаратуға лайықты 12 ғимарат қаңырап бос тұр. Өйткені, жергілікті кәсіпкерлік саласында ауқымды инвестициялық жобалар тартылмаған. Өңір басшысы, экономиканың өзегі болған қос саладағы жүйесіздікке жол берген аудан әкімдігінің жұмысын сын тезіне алды.
Ауданда ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікпен бірге әлеуметтік саладағы жұмыстың да аяқ алысы сүйсінте алмайды. Аймақтағы ауызсу мәселесінің шешімі табылмаған. 55 мың таластық орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанымен 22 мың тұрғын суды арнайы кестеге сай тұтынып келеді. Қыл­мыс деңгейінің төмендемеуіне де аудан тұрғындары алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, жыл басынан бергі алты айда бұрын істі болғандардың қатысуымен 26 құқық бұзу фактісі тіркелген. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен пәтер ұрлығы да өрши түскен.
Жиында өңір басшысы аудан әкімдігіне осынау мәселелерді шешу жолдарын уақыт оздырмай қарастыруды тапсырды. Ендігі кезекте таластық шенділерге түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, тоғыз айлық жұмыстың көрсеткіштерін түзетуге күш салып, тер төгуге тура келеді.

Сарысуға серпін керек

Өңір экономикасының сан саласын­дағы маңызды мәселелер мен оларды шешу жол­да­ры облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Сарысу ауданы активімен кездесуінде де жан-жақты талқылауға түсті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне жүргізілген талдау нәтижелері мұнда да экономиканың негізгі салаларында бірқатар түйіні тарқамаған түйткілдердің бар екендігін көрсетті. Атап айтқанда, өңір экономикасының өзегі саналатын кәсіпкерлік саласы жаңа жобаларға зәру. Ауданда индустриалды-инновациялық жобаларды жандандыру жұмыстары әлі де ақсап тұр. Тіпті, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандардың өзінде мәселе шаш етектен. Мәселен, жұмысын жақында ғана бастаған «Асыл тұз» кәсіпорынын шикізатпен қамтамасыз ету кенжелеп тұр. Өлкеде қызметін тоқтатқан, алайда, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға болатын кәсіпорындардың да ортақ базасы жасалмаған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы межелі міндеттердің дені орындалғанымен, аудандағы агросектор алшаң басты деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, 7 000 гектарға мақсары дақылын еккен шаруалар күні ертең дайын өнімді өткеру мәселесіне тап болғалы тұр. Сол секілді, өңірде сүт өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Актив жиынында басқарма басшылары Сарысу ауданындағы айналымнан шығып қалған жер телімдері мен жайылымдық жерлерді игеру мәселесіне де ерекше назар аударды. Басқосуда бұл салада білікті маман тапшылығы да айтылды.
Жыл санап халқының саны арта түскен Жаңатас қаласында құрылысқа қарқын қосатын кез жетті. Себебі, аудан орталығындағы 16 тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, кей ауылдарға ауызсу әлі күнге дейін сағаттап қана беріледі. Осындай қолайсыздыққа қарамастан судың бағасы өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат.
Дәл осы мәселелерді басты назарға алған өңір басшысы аудан әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, облыс әкімдігімен, салалық басқармалармен түзілген индикаторлық көрсеткіштерді орындау қажет екендігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР