Sport

Жүлде жауған күн

Ресей мемлекетінің Анапа қаласында кикбоксингтен жалауы желбіреген IX Әлем кубогы өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз жасындай жарқылдап, елге абыроймен оралып отыр.

Екі жылда бір өтетін «World Cup Diamond» деп аталатын Әлем кубогына бас-аяғы 25 мемлекет­тің 1 200-ден астам кикбоксшылары қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Жастар, кадеттер және ересектер арасында өткен дуы басым додада ел намысын 100-ден аса спортшы қорғаса, оның 28-і жамбылдықтар. Айта кетерлігі, осы 28 кикбоксшымыздың 25-і жүлдеге қол жеткізіп, даңқымызды аспандатып тастады. Атап айтқанда, олардың 9-ы тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, Әнұранымызды шырқатып қайтса, тағы 9 спортшымыз күміспен күптелген және 6 жерлесіміз қоланы қанағат тұтқан.
Жүлдеге қол жеткізгендердің қатарында болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы­ларымыздың да қатары қалың. Мәселен, №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің еңбегін айрықша айтпай кетпеске болмас. Құмшағал аумағындағы №19 орта мектептің спорт залында жаттығатын олар әлемді бағындырып, спорттық баптарында екендіктерін байқатып отыр. Осы мектептің оқушысы 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Сұлтан Сәрсенбекұлы жастар арасында әлем кубогының чемпионы атанса, Инаят Жолдас күміспен күптелген. Сондай-ақ, осы мектептің оқушылары 56 келіде Жанәділ Әділханов екінші, 47 келіде Усман Кауханов, 57 келіде Жанғазы Сейітқазиев үшінші орындарды иемденіп отыр.
Иә, бұл Жамбыл спорты үшін толайым табыс. Саңлақтарымыздың жеңісті жорықтары жалғаса берсін деп тілейміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР