Жүрегімде желтоқсанның жарасы

0 7

«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары –
Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласынан алынған үзінді. Мақалада Мемлекет басшысы осыдан отыз жыл бұрын кеңестік тар құрсаудан шығып, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің арғы-бергі тарихын түгендеп, батырлармен қатар тәуелсіздікті жақындата түскен айтулы оқиғаларды және қуанышы мен қасіреті қатар келген даталарды ұрпаққа ұлағат ретінде насихат ету керектігіне баса мән береді. Сондай тарихи сәттердің бірі – 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығын, оның қаһармандары мен құрбандарын ұмыт қалдырмау керектігін айтады.
Осы ретте біз де газет бетінен осы оқиғаға қатысты тың дүниелерді жариялап тұруды жөн көріп, белгілі журналист Мақұлбек Малдарбековтің мақаласын назарларыңызға ұсынбақпыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Қазақ халқының тағдырында мәңгі ұмытылмас қайғылы оқиғалар аз болмаған. Жиырмасыншы ғасырдың өткеліне жеткенде тағы бір аса ауыр қасіретке тап болды. Кеңестік империяның өктем саясаты мен озбырлығына наразылық білдірген Алматыдағы қазақ жастарының 1986 жылдың желтоқсан айында бұрқ еткен бейбіт ереуілі дүниені дүр сілкіндірді. Міне, сол Желтоқсан көтерілісіне биыл 35 жыл толады. Аз уақыт емес. Бір ұрпақтың өмір жасы. Жүректі жылатып, жүрекке жара салған оқиғаны ұмыту әсте мүмкін емес.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген соң Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Аk jоl») газетінде тілші болып еңбек жолымды бастадым. Ұжымда көбіне жасы үлкен ағалар қызмет ететін. Ішіндегі ең жасы мен ғанамын. Облыстағы бірден-бір ақпарат құралында мүйізі қарағайдай мықты журналистермен бір сапта жүргенімді мақтан етіп, сол ағаларымдай болуға барынша тырыстым. Бұл 1978 жыл болатын.
Газеттің бас редакторы Баттал Жаңабайұлы редакцияның барлық бөлімінде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, қабілетімді сынап көрді. Ойдағыдай өткен сияқтымын. Ең соңында «Партия тұрмысы» бөліміне жіберді. Жүрексіндім, толқыдым. Өйткені бөлім аса жауапты әрі редакциядағы жетекші бөлім саналатын. Материалдарды дайындап, өңдеп, мұртын басып, кем-кетігін жөндеп, түзетіп беруін бересің ғой. Ал саяси сауаттылығың, парасат-пайымың, өрең қаншалықты жетеді. Мәселе сонда. Бұл асқан жауапкершілік болатын. Өзгелер әр бөлімде қаламының қарымын танытып, саяси және идеологиялық жұмыстарға тістері батпай жүргенде мен газеттің «Партия тұрмысы» бөлімінде өзімді дәлелдеп, тұрақтап қалдым. Бастауыш ұйымнан бастап, облыстық ұйымға дейінгі коммунистік партияның бүкіл жұмысын облыстық басылымда лайықты көрсету оңай болған жоқ. Жауапкершілігі жетіп артылатын.
Партиялық жұмыстың бел ортасында жүрсем де өзім коммунист емеспін. Партияға өту ойымда жоқ. Кәсіпорындар мен мекемелердің партком жетекшілері бірнеше рет мені жиналыстарына қатыстырмай, кеудемнен итерді. Партия мүшесі болмағандықтан менің жиналысқа қатысуға хақым жоқ екен. Газет басшылары кәдімгідей ойланып қалды. Не істеу керек? Ол кезде интеллигенция өкілдерін партияға қабылдай бермейді. Журналистердің партияға өтуі өте сирек.Ал жұмысшы табына жол ашық.
Күндердің күнінде «облыстық газеттен бір адамды партияға қабылдайтын болыпты» деген сөз гу ете түсті. Баттал ағам обкомға айтып жүріп, бір адамды алуға рұқсат алыпты. Партия ұйымының хатшысы Қыстаубай Байтуов мені өзіне шақырып: «Сені партияға аламыз», деп бір желпіндіріп қойды.
Біраз күндерден соң партия жиналысы өтетін күн де белгіленді. Онда мені партия қатарына қабылдау мәселесі қаралатын болды. Бірақ сол күні жиналыс өтпей, кейінге шегерілді. Қыстаубай ағам маған жайсыз хабарды жеткізді.
– Сен партияға өтпейтін болдың. Партияға мәдениет бөлімінің тілшісін аламыз. Обкомнан бір лауазымды кісі бастыққа телефон соғыпты, – деді.
Ештеңе демедім. «Обкоммен айқасатын күш қайда?» деп ойладым. Баттал ағам да дәрменсіздік танытты.
Бірер жылдан соң Желтоқсан көтерілісі басталып, қазақ жастары найзағайдай жарқылдап, бүкіл әлемді елең еткізді. Редакция қызметкерлері де қатты қиналып, елмен бірге жүректері езілді. Әсіресе Рахметбек Өзбеков кабинетінде отыра алмай, редакцияның ұзын дәлізінде теңселе ары-бері жүрумен болды. Коммунистер басқарған үкіметтің жауыздығына қабағы қатуланып, жүрегі сыздап, намыс оты қанында ойнап, ашуға ерік беріп, ыза мен кекке толы сөздерін айтып, ұлтының нағыз патриоты ретінде наркескендей өткірлігін біздерге сездіріп тұрды. «Егер де орталық алаңға адамдар шығатын болса, мен де солардың ортасында боламын. Менің іні-қарындастарымды аяусыз қырып жатқанда мен қалай терезеден қарап тұрамын?» деп, сыртқа қарай ұмтылғанда бөлім басқаратын екі ағамыз Рахметбектің жолын бөгеумен болды. Ақылдарын айтып, сабырға шақырды. 17 желтоқсан күні қалам ұстап, қағаз түрткен жоқпыз. Екі-үш жігіт Рахаңа демеу беріп, қолдау білдіріп, қасында жүрдік.
Рахметбек жүректегі қайнаған шерін жасырмай сыртқа шығарып, бізге рух беріп, халқымыздың асыл мұраттарына жетелеумен болды. Ағаларымыздың басу айтқан сөздеріне, бетін қайтармақ болған ниеттеріне пысқырған да жоқ. «Уақыт бәрін екшеп алады. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігін тарих таразылайды. Желтоқсандықтардың рухы ешқашан өшпейді, олар жеңіске жетеді, қазағым азаттығын алады», деп асқақ ойларын айтудан еш қорықпаған еді ер Рахаң. Алаш арыстарының қайраткерлігін, сол бабаларының мінезін қайталап, аманаттарына адалдықтың жарқын үлгісін қиын-қыстау шақта дәлелдеді.
Рахметбек шын мәнінде жүрек жұтқан журналист болатын. Сол кеңестік дәуірдің өзінде облыс өміріндегі өткір мәселелерді көтеріп, басын бәйгеге тігіп жүретін. Сексенінші жылдары облыстық газетте «Азаматтық диалектикасы» деген тақырыпта проблемалық зерттеу мақаласын жариялап, дүйім елдің көкейінде жүрген түйінді мәселені дөп басты. Облыс орталығындағы қазақ мектептерінің мүшкіл халін, олардың саны өсудің орнына кеміп бара жатқандығын, есесіне орыс мектептерінің айдарынан жел есіп, орыстандыру саясатының белең ала түскендігін, аралас мектептердің күш алып бара жатқандығын, бұл ұлтымыздың болашағына үлкен қауіп төндіріп отырғандығын ашына айтып, толғана жазды. Шын мәнінде, осы мақала облыстың сол кездегі басшысы Әнуар Жақыпов пен оның идеология жөніндегі орынбасары Ғайникен Бибатыроваға оңай тимеді.Обкомдағы талай үлкен әңгіменің арқауына айналды. Газет басшылығына тиісті жазасын берсе де, бірақ қайсар журналисті жұмыстан шығарып жіберуге дәрмендері жетпеді.
Рахметбек Өзбеков, Серік Айдарбеков, Абдулла Бақбергенов бастаған ұлт патриоттары Тараздың шағын аудандарында қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болды. Айтыс-тартыстың бел ортасында жүрді. Елден қол жинады, сөйтіп мақсаттарына жетті. Осылайша шағын аудандарда бірнеше қазақ мектептері ашылды. Әсіресе №48 мектептің қазақ мектебі болуына бұл азаматтар айрықша үлес қосты. Қазір бұл мектеп Тұрар Рысқұлов есімін иеленіп отыр.
Желтоқсан көтерілісінің дүбірі басылмай тұрған сол бір ауыр күндерде партияға адам алу туралы редакцияға «жылы» хабар келді. Қыстаубай ағам мен отырған кабинетке өзі келді.
– Бұл жолы сені партияға қалайда өткіземіз. Ешқандай кедергі болмайды. Мен уәдемді беремін, еш уайымсыз дайындала бер, – деп маған жігер беріп, сенімді сөйледі.
– Мен партияға өтпеймін, – деп бірден жауап қаттым.
– Қой, ондай сөзді қалай айтасың? Сен өсетін жігітсің, өсуің керек. Ол үшін партия қатарында болуың керек. Мұндай мүмкіндік бола бермейді, – деп хатшы ретінде ақыл-кеңесін аямады.
– Мен Г.Колбин басқаратын Қазақстан коммунистік партиясының қатарында болғым келмейді. Сондықтан партия мүшелігінен бас тартамын, компартияға үзілді-кесілді қарсымын, –
дедім. Қыстаубай ағам шошып кетті.
– Сен не деп тұрсың? Құрып кетесің ғой. Сен кіммен ойнап тұрсың өзі? Есіңді жи, ақылға кел, – деп хатшылық міндетіне сай мені райымнан қайтаруға тырысты.
Менің тұла бойымды ашу кернеп, ызадан булығып, қазақ жастарын аяусыз басып-жаншыған сол бір зұлмат кезеңді көз алдымнан өткізіп, ой құшағынан арыла алмай отырып қалдым.
Партия ұйымының хатшысы кейін де келіп: «Сенен басқа партияға алатын жөні түзу адам да жоқ. Көп сөзді қойып, дайындал», деумен болды.
Мен Қыстаубай ағама жазбаша түрде өтініш жаздым. «Ешқандай кінәсі жоқ халқымның өрімдей жас жігіттері мен қыздарын итке талатқызып, күрекпен, темір құралмен аяусыз сабап, соққыға жыққан, қаланың сыртына жүк көлігімен апарып, қақаған суықта тірідей лақтырып тастаған, ешбір тергеусіз, сотсыз түрмеге қамап, талай жауыздықты ұйымдастырушы коммунистік партияның қатарында болғанша, болмағаным жақсы», деп ақ қағазға қолымды қойдым. Оны оқыған ұйым жетекшісі сілейіп тұрып қалды. «Мұны ешкім естімесін» деп қағазды менің көзімше жыртып тастады. Газет редакторы шақырып алып, ағалық ақылын айтты. Келешекті ойлау керектігін санама сынамалап жеткізді. Үлкендердің сөзін тыңдап, кеңестерін алуды ескертті.
Аға сөзі жүрегімді толқытты. Г.Колбин басқаратын партияның қатарына ықтиярсыз кірсем де оның жүргізіп отырған саясатына құлықсыздық танытып, қызметіне жиіркенішпен қараумен болдым. «Қаңғып келген шүрегей» Колбиннің Қазақстанға, қазақ халқына ешқандай жақсылық жасамайтынына, қайта ұлтымыздың құндылықтарын аяққа таптап, орыстандыру саясатын одан әрі жалғастыра беретіндігіне еш күмәнім болған жоқ.
Көп кешікпей Кеңес одағы күйреді. Коммунистік партияның да жаназасы шығарылды. Партияның жақсылығын, қызығы мен шыжығын, пайдасы мен артықшылығын көріп, бақытқа кенелген коммунистер құрдымға кеткен партиясын қорғай да алмады. Ең болмағанда тұяқтарын серпіп, жан шығарда айтатын сөздерін де айта алмады.
Қазақстан талай аумалы-төкпелі заманды артқа тастап, өз егемендігіне қол жеткізді. Тәуелсіздік таңының атқанына да, міне, отыз жыл болды. Еліміздің ертеңіне үмітпен қарап, сенімді қадам жасап келеміз. Мың өліп, мың тірілген қазағымның, қазақ елінің жарқын да шұғылалы күндері мәңгілік жалғаса берсін деген тәтті тілек жүрегімді жылыта беретіні ақиқат.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.