Жүрек нұрланған шуақты шақтар

0 4

Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айын шын ықыласпен шығарып салдық. Бұл айдың артықшылығы мен кереметтері туралы ислам дінінде жан–жақты айтылған. Өздерін мұсылман санайтын пенделер Алланың разылығы үшін ораза ұстап, құлшылық ғибадаттарын шынайы ниеттерімен жасап, мұсылмандық парыздарын өтеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ораза – Аллаға құлшылық жасаудың есігі» деген. Демек, ораза – ғибадаттың есігі болып табылатындығы анық.

Расында, ораза пенденің Аллаға деген сезімін оятатын, Алланың ризалығына бөлейтін, пендені тамақ жемейтін және шөліркемейтін періште мәртебесіне көтеретін, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа жеткізетін ғибадат екендігін, оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық екендігін әрбір мұсылман баласы білулері тиіс. Иә, адам баласы бұл жалған өмірге сауап пен күнәні жию үшін келеді екен. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала сендердің қайсыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» (Мүлік» сүресі,2-аят), делінген.
Біздер бүгінгі күні ізгі істер жасап, сауап жинап жүрміз бе? Мал мен байлықтың буы пенделерді қабірге кіргенге дейін көзбояушылықпен алдап жүрген жоқ па? Құлшылыққа бет бұрып, Аллаға қаншалықты жақындап жүрміз?
Біздің бала кезімізде анам марқұм шілденің шіліңгір ыстығында ораза ұстағаны есімде. Аптап ыстық, күн ұзақ. Уақыт баяу өтуде. Ойын баласы болғандықтан ештеңенің байыбына бара бермейтін едік. Бірақ менде аяушылық сезімі оянып, анама қатты жаным ашитын. «Апам-ау, қиналдыңыз ғой, ауыз бекітпей-ақ қойсаңыз қайтеді», дейтінмін. «Балам-ау, Алла Тағала күш-қуат береді», дейтін анашым жай ғана маңдайымнан сипап. Әулиеата өңіріне белгілі Ысқақ молданың қызы болғандықтан ба, асыл дініміздің шапағатымен, Алланың рақымымен ортамызда жүрегі нұрланып, жүзі жарқырап жүретін. Тоқсанға келгенше бес уақыт намазы мен отыз күн оразасын қаза қылмай өткеніне айрықша тәнтімін. Сол кездегі құдайсыздардың қысымына, күннің ұзақтығына, кәрілігіне қарамастан, қысы-жазы оразасын үзбеген анам секілді ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қариялардың иманы мен шыдамдылығы не деген мықты болған десеңізші! Шын мәнінде ақ періштеге айналған Алланың ең адал құлдары болып, жүрегімде асыл бейнелері мәңгілік сақталып қалғандығы шындық. Біздер енді ғана оразаның парқын түсініп, оның қасиетін сезініп, мұсылмандық парызға адалдық танытып жатқан жайымыз бар. Көненің білгірлері мен емшілері дәрі ішкенше екі-үш күн ашыққанды жөн көргендерін енді біліп жатқандаймыз. Анамыз да науқастанып қалғанда берген дәріден бас тартатын. Дәрігердің жәрдемін емес, Алланың жәрдемін қалайтын. Қасиетті Құранымыздың «Фатиха» сүресін қайта-қайта күбірлеп қайталап отыратын. Содан сауығып кететін.
Құранның оразаны парыз еткен аяты: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалы болуларың үшін ораза парыз етілді» деп басталады.Тақуалық– жаманнан жирендіріп, көркем мінездерге бейімдейтін, жақсылыққа жетелейтін қасиетті күш. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Тақуалық қайда?» деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Сондағысы көкірегі ояу адамдарды тақуалы адамдар дегенді меңзегені ғой. Ораза тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі екендігі сөзсіз.
Анамыздың туған әпкесі Гүлжамал апай өте тақуа адам болатын. Елі мен жерінің, барша ағайын-туыстың, өзінен тараған ұрпағының амандығын ойлап, бір Аллаға сыйынып, имандылықты ту етіп, тура жолдан айнымаған ай дидарлы ақ әжеміз жарық дүниенің жақсылығын жалау етіп, ешкімге бұйыра бермейтін алтын ғасырын өткізді. 107 жыл ғұмыр кешкен асыл әжеміз тұла бойына кір жуытпай, Алла сыйлаған асқақ ойымен, нұрлы жүрегімен жұртына жақты. Көп балалы ана ретінде алтыннан алқа тақты. Ең бастысы – Алланың абыройына бөленді. Алла жолын таңдап, Алланың амалдарын жүрегінде жаттап өскен Гүлжамал әжеміз ғұмыр бойы бес уақыт намазын оқып, отыз күн оразасын ұстап өтті. Аузынан Алласын тастаған емес, «бисмилләсіз» сөзін бастаған емес. Араб әріптерін, Құран сүрелерін мүдірмей жатқа айтатын. Ұлы Жаратқан ием ол кісіні әуел бастан аса мейірімді етіп жаратқан секілді. «Осы өмірімде шыбынды да өлтірмедім» дейтіні сондықтан. Ұзақ жасаудың құпиясы осы мейірімділікке байланысты шығар деген ойға жүгінесің.
Тақуа адам – мейірімді адам екендігіне иланасың. Ертеректе болған оқиға деседі. Бір тақуа кісі алыс сапарларға жаяу шығып, жаяу қайтады екен. «Неге ат мініп шықпайсыз, шаршап-шалдығасыз ғой» деп достары мен жақындары жанашырлық танытыпты. «Ат мініп шықсам, жердегі жыбырлаған құрт-құмырысқаларды аттың табанымен таптап кетемін ғой. Ал жаяу жүрсем, табанымның астын көремін, Құдайдың жаратқан жәндіктерін баспаймын ғой», деп жауап қайтарыпты әлгі тақуа адам. Міне, тақуа адамның мейірімді болатындығын осыдан-ақ білуге болатын шығар.
Біздің ауылда Оңлабай есімді қария ғұмыр кешті. Өте тақуа кісілердің санатында болды. Шіркін-ай десеңізші, бас қосқан жиындарда, ас берілген дастарқан басында дана адамдай аз сөйлеп, көп тыңдайтын, қысқа сөйлеп, нұсқа қайыратын, елді жалықтырмайтын жағымды әңгімесіне талай сүйсінген едік. Байсалды, салиқалы қалпынан танбаған дара болмысымен жұрт жүрегінен орын алған еді. Ал діндарлығында шек жоқ еді. Құдайға деген құлшылығы, махаббаты алабөтен, дүниеге қызықпаған, шағын қараша үйін паналаған, бірақ жүрегі үлкен кеңпейілді жақсылардың шоғырында болатын.
Сол Оңлабай атам қала шетіндегі №6 совхоздан (қазіргі Түрксіб ауылы) облыс орталығындағы «Әулиеата» мешітіне жұма сайын жаяу қатынайтын. Жұма намазынан соң үйіне жаяу аяңдайтын. Ұзын бойлы, кең иықты, кесек бітімді, қолында асатаяғы бар қайратты қарияны көзіммен ұзатып салатынмын. Қайтатын мезгілінде далада мал бағып, доп ойнаған біздер оны қарсы алып, қызығып әрі таңданып қарайтынбыз. Күндердің күнінде оған жаным ашып, әрі балалық құштарлығым оянып, атама қарата: «Көлікке неге мінбейсіз, шаршайсыз ғой, ата», дедім. «Жоқ, шаршамаймын. Құдайдың берген денсаулығы бар. Оны қайтемін, ана дүниеге әкетем бе?» деп қасқайып қарап тұр маған. «Мүмкін, ақшаңыз жоқ шығар», деп екінші сұрағымды қойып үлгердім. «Қаражатсыз емеспін, ақшам жетеді», деп шүберекке орап түйілген тиын-тебенін көрсетті.
Міне тақуа адамның кескін-келбеті мен көркем мінезін осы кісіден көріп, жүрегімде жарқын бейнесі осы күнге дейін жатталып қалды.Тақуа адамды Құдай қолдап, ұзақ ғұмыр сыйласа керек. Оңлабай ақсақал тоқсанға жақындап, жақсылықтың шамын жағып, Алланың нұрымен о дүниеге аттанды.
Тақуалыққа жеткен кісілер ауылымызда аз болған жоқ. Нұрман қарияны (шын аты – Нұрмағанбет) солардың қатарына жатқызуға болады. Әкесі мешіт ұстап, балаларға дәріс берген, ұлағаты мол діндар кісі болған деседі. Нұрекең де әкесінің жолымен жүріп, адалдық пен ізгіліктің ізін тастап, бұл дүниенің байлығына қызыққан емес. Қартайғанша қара жұмыстың қайнаған ортасынан табылды. Белі бүгілместен, қары талмастан, сағы сынбастан тер төкті. Ол қандай еңбек дейсіз ғой? Жұмысы күндіз-түні бір тынбайтын теміржол саласында жүкші болғанын көзіміз көрді. Вагондарға жүк тиеп, жүк түсіруден асқан қиямет бар ма? Зейнетке жеткенше бар ғұмырын Жамбыл стансасында өткізді. Осындай жұмысқа ердің ері ғана шыдайтын шығар.
Ол кезде кішкентай бала болсақ та, қарияның жылдың барлық мезгілінде жолсыз ашық даламен теміржолға төтелеп тартқанын көретін едік. «Мұнысы қалай?» деген сауалдар көрген сайын маза бермейтін. «Қарағым, бойымда қуатым бар. Оны жұмсамағанда не істеймін?» деп жауап бергені бар.
Жұмысқа үйден ас-ауқатын апарады. Асханадан тамақ ішпейді. Аш қалса да бас сұқпайды. Қайтарында отын арқалап қайтады. Күндегі әдеті осы. Жалықпайды, шаршамайды. Дұрысы шаршауды білмейді. Жұмысында да бес уақыт намазын қаза қылмай, отыз күн оразасын ұстап жүрді. Коммунистік партия үстемдік құрған сол бір заманда Нұрекең дін жолынан айнымады. Ешкім тайдыра алмады. Қымсынып, жасқанбады. Аузынан Алласын тастамай, күш-қуатын еселеп, қара нардың жүгін көтерді. Жұмыстан қалуды, тіпті кешігуді білмейтін, ауру-сырқаудан аулақ мұндай адалынан жаратылған адамның құрметке бөленбеуі мүмкін бе? Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Міне, Рамазан айын аяқтап, Ораза айт мерекесіне де келіп жеттік. Қасиетті айдың құрметі үшін бірін-бірі кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеліп, жүректері нұрланып, жандары шуақтана түскендері анық. Биыл үлкен дәмханаларда пандемия салдарынан ораза ұстағандарға ауызашар берілмесе де, жақын туыстар өз отбастарында шағын топпен бас қосып, ыстық ықыласпен ауыз ашқандары, дұға-тілектерін айтып, бір-біріне ізет білдіргендері кәміл. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттырып, дастарқандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтырғандай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлағандығын айта кеткен ләзім. Жаннат есіктері ашылатын бұл айда Алланың сүйікті құлдары жақсылық жасаумен жарысқа түсіп, қайырымдылық пен мейірімділіктің үлгісін көрсетті. Жүректері нұрланған шуақты шақтарын өткізді.
Алла Тағала ораза ұстаған пенделерінің күнә-кемшіліктерін кешіреді, оразада тілеген дұға-тілектерін кері қайтармайды. Қиямет күнінде жұмаққа ораза тұтқандар ғана кіреді, басқа ешбір адам кіре алмайды делінеді хадисте. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткендер, ең алдымен, адамзатқа қауіп төндіріп отырған қазіргі індеттің жер бетінен жойылуын, еліміздің өркендей беруін бір Алладан тілеп жалбарынды. Ораза айында тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болғай!

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.