«Жүрейікші, жүрек ауыртпай»

0 14

Кеше облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында қырғыз елінің белгілі драматургі Бексұлтан Жакиев жазған трагикомедия­ның тұсаукесері өтті.

«Жүрейікші, жүрек ауыртпай» трагикомедиясы сахнаға биыл дайындалған жаңа қойылым.
Қойылымның басты мақсаты – тағдыр тәлкегіне түскен қариялардың өмірін көрсету арқылы қазіргі замандағы адами құндылықтардың жоғалып бара жатқандығын ескерту. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бұл мәселе қоғамда белең алғаны өтірік емес. Есте жоқ ескі заманнан қазыналы қарияларын қадір тұтқан елімізде бұл күнде қарттар үйі де көбейді. Осыдан да үміт артқан бүгінгі күннің үлкенге құрметін аңғару қиын емес.
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Арсыз күлкің тыйылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда, – деп ақиық ақын Мұқағали жырлап кеткендей, бұл қойылымның көздегені де осынау құндылықтарға қоғам назарын аудару болды. Шығарма белгілі театртанушы, сыншы Әшірбек Сығайдың аудармасы бойынша, республикаға белгілі талантты режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың режиссерлігімен сахналанды.
Қойылымның суретшісі – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі, «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиеваның да еңбегі көпшіліктің көңілінен шықты. Әрбір өнер туындысы өмірдің өзінен алынса ғана шынайы болатыны белгілі. Сол секілді шым-шытырық шытырманнан тұратын тағдыр жолындағы шығармада езуге күлкі, көзге жас үйіретін сәттер де жетерлік. Десек те әрбір әзілде шындық, әрбір мұңда салмақты ой байқалды. Қойылымдағы қария мен оның ұлы, келіні, немере қызы, бәйбіше, сыпайы, күлегеш, соқыр кемпірлер мен саңырау шалдың образдарын да театрдың шығармашылық ұжымы шынайы сомдап шықты.
Қойылымды бастан-аяқ сілтідей тынып, кірпік қақпай тамашалаған көпшілік актерлердің өнеріне риясыз қошемет білдіріп, құрмет көрсетті.
Айта кетсек, қазыналы қариялардың тағдырын боямасыз, қаз-қалпында суреттеген қойылым облыстық қазақ драма театрында бүгін де сахналанатын болады.

Н.Серікханұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.