Жамбыл адалдық алаңы

Жүргізуші куәлігін алып беруді кәсіпке айналдырған кімдер?

Written by Aray2005

Өркениеті озық елдердің алдыңғы қатарынан көрінуді мақсат тұтқан мемлекетіміздің бұдан да қарышты дамуына кедергі келтіріп тұрған келеңсіз бір жайт бар. Ол– сыбайлас жемқорлық. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттен құтылмайынша, іс оңға баспайтынын халық та, билік те жақсы түсінеді. Сол себепті мемлекетіміз онымен күресудің сан түрлі тәсілін қолданумен келеді. Десе де бұл жағымсыз әдеттен арылу үшін алдымен қоғам санасы өзгеруі қажет.

Рухани байлық құлдырап, алақан ысқылатқан ақшаның дегені болып тұрған мына заманда уланған қоғам санасын емдеу оңай емес. Десе де ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан жер-жерде «Адалдық алаңы» жобасы іске қосылғанына да біршама уақыт болды. Өз өңірімізде де ашылған «Жамбыл– адалдық алаңы» аясында жүзеге асырылып жатқан істер бүгінде өз жемісін беруде. Жаңа бастама аясында «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері бірлесе, яғни арнайы мониторингтік топ сыбайлас жемқорлық көріністері болуы мүмкін кез келген салада зерделеу жұмыстарын жүргізе бастады. Аталған департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Бекжан Кеңесбектің айтуынша, Тараз қаласы және аудандық полиция бөлімдері арқылы «Жүргізуші куәлігін алу» мемлекеттік қызметінің көрсетілу мәселелері бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесі қоғамда сыбайлас жемқорлық көрінісінің жоқ емес екенін аңғартқан.
Жалпы, облыста алғашқы жүргізуші куәліктерін беру Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихан бөлімі және Қордай, Шу, Меркі аудандарының полиция бөлімдері арқылы жүзеге асырылады. Көлік жүргізу құқығына ие болу үшін алдымен азаматтар алғашқы мәрте жүргізуші куәлігін алатын кезде теориялық және практикалық емтихандардан өтетіні белгілі. Мәселен, Шу ауданындағы тиісті мекемеге мемлекеттік қызметті алу үшін жүгіну барысында қызмет беруші тұлғалардың жұмыс орындарында жоқтығы анықталған. Сыртқы есікке «Тараз қаласына шығуына байланысты азаматтарды қабылдай алмайды» деген хабарлама ілініпті. Ал Меркі ауданында көлік құралдарын жүргізуді үйрететін 4 мекеменің бірі, жеке кәсіпкер «Калысбаев» автомектебінің жетекшісі Ерғали Қалысбаев пен Меркі аудандық полиция бөлімінің тіркеу-емтихан алу тобының аға инспекторы Жандос Қалысбаевтың жақын туысы екені белгілі болған. Сонымен қатар осы ауданда жүргізуші куәлігін алуға қол ұшын созатын заңсыз көмекшілердің бар екені айғақталған.
– Ағымдағы жылдың ақпан айында Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде «Жасырын тұтынушы» әдісімен бақылау жұмыстары жүргізіліп, заңсыз көмекшілердің бары анықталған болатын. Бұл бағытта тиісті шараларды қолдану үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментіне материалдар жолданды. Осылайша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шу аудандық полиция бөлімінің тіркеу-емтихан алу тобының қызметкерлері пара алу күдігімен әшкереленді. Үш ауданда да теориялық емтиханнан өту кезінде бейнебақылау мен қоғамдық бақылау тетігінің реттелмегені таңғалдырады. Практикалық емтихан бойынша сөз қозғасақ, аудандық полиция бөлімдерінің теңгерімдерінде автодромдар мен емтиханды тапсыруға арналған көліктер жоқ. Практикалық емтихандарды тапсыруды ұйымдастыру мақсатында аудандардағы автомектептердің автодромдары мен арнайы көліктерін жалға алу мақсатында екіжақты келісім­шарттар жасалған. Бірақ жалға алу құны тегін. Ал автомектептердің көліктерінде арнайы жабдықтар орнатылмаған. Автодромдардың белгіленген нормаларға сәйкес келмейтіні де көзге ұрып тұр. Аудандарда мемлекеттік қызметті алуға үміткерлер теориялық және практикалық емтихандардан тек қағаз жүзінде өтеді деп айтуға негіз бар. Өйткені осы жылдың 2 айында мемлекеттік қызметті алу үшін 414 азамат өтініш білдірсе, оның ішінде 174 азамат Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету, ал 240 азамат аталған аудандардың полиция бөлімдеріне жүгінген. Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөліміне жүгінген 174 азаматтың тек 31-і тиісті емтихандардан өтіп, жүргізуші куәлігін алса, аудандық полиция бөлімдеріне жүгінген 240 адамның 100 пайызға жуығы толықтай емтиханнан өтіп, қызмет көрсету нәтижесін алған. Демек, бұл аудандарда жүргізуші куәлігін алудың оңай жолдары бар деген сөз, – дейді ол.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров та Тараз қаласындағы техникалық байқау пункттері оператор­ларының жол-көлік оқиғасына ұшыраған жарамсыз автокөліктің орнына байқаудан жарамды деп өткен, яғни әлгі автокөліктің орнына дәл сондай маркалы, түсі де ұқсайтын автокөлікті ұсынатындығын және оған жарамсыз көлiк құралының нөмірін сала алатынын айтып отыр. Бұл жайттың анық-қанығына Тараз қаласындағы техникалық байқау пункттеріне «жасырын тұтыну» бойынша жүргізілген мониторинг барысында көз жеткізілген. Байқау операторлары механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн техникалық байқаудан өткізу барысында мiндеттi техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргiзу қағидаларының талаптарын 3500-4000 теңгеге бағалап, заңды өрескел бұзатыны мәлім болған. Ол туралы жасырын жазып алынған бірнеше дерекке қатысты бейнетаспа да бар екен.
– Жарамсыз көлiк құралдарын айналымға жіберуге рұқсат берудің адам өміріне зиян келтіретіні белгілі. Осыған орай заңнама талаптарын күшейтуге және техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыратын операторлардың лицензияларын алу бойынша жоғарғы органға ұсыныс беру туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ тиісті шешім қабылдау үшін бейнежазба уәкілетті органға да жолданды, – дейді Д.Омаров.
Арнайы мониторингтік топ мүшесі Исламбек Дастан жол белгілерінің орналасуындағы қолайсыздықтардың жол қауіпсіздігіне тигізетін әсері жайлы айтып берді. Тараз қаласының бірқатар көшелеріндегі жол белгілері қолайсыз жерлерде немесе қажет емес тұстарда орнатылғанын алға тартқан ол зерделеу барысында 11 факті анықталғанын сөз етті.
– Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы жанындағы Алдабергенов көшесі бойында көлік қоюға тыйым салынған. Бірақ сол көше бойында орналасқан өзге мекемелерді қоспағанда мемлекеттік кірістер басқармасына, «Абди» дүкеніне келетін адам қарасы көп. Аталған мекемелер маңындағы Алдабергенов және Қойгелді көшелері бойында паркинг тек 38 автокөлікке арналған. Осыған орай Тараз қаласының әкімдігіне жол белгілерін орнатуды қажет ететін орындарды анықтау үшін мониторинг жүргізу туралы ұсыныстар берілді, – дейді Исламбек Дастан.
Сондай-ақ ол Тараз қалалық теміржол бекетінің алдындағы алақандай автотұрақ лық толып, амал жоқтықтан көлігін сыртқа қойған жүргізушілерге аңдып жүріп айыппұл салатынын, бұл МАИ қызметкерлерінің онсыз да мемлекетке салық төлеп отырған азаматтарды қанау екенін ашына жеткізді.
Осы зерделеу қорытындысы бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Н.Календеров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Ә.Әшірбаев, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары С.Жүнісбеков, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Сейдазимов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов, Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Т.Мукушев, аталған уәкілетті органдардың қызметкерлері, арнайы мониторингтік топ мүшелері және адвокаттар алқасының қатысуымен жиын өткені есте. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев ашып жүргізген бұл басқосуда құқықтық тәртіп органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы талқыға салынып, жоғарыда аталған келеңсіздікке қатысты нақты шаралар қабылдау үшін тиісті орындарға ұсыныс жолданды. Жолданған ұсыныстар нәтижесі халықтың сенімін арттыруға және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің имиджін жақсартуға септігін тигізеді деген ойдамыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР