Жүйеде жаңашылдық көп

0 11

Қазақстандықтар жаңа жылдан бастап мемлекет тарапынан енгізілген халықты әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты біршама жаңашылдықтармен қауышып отыр. Ал оқырмандарды зейнетақы мөлшері мен жөргекпұлдың, көпбалалы отбасылар мен аналарға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға төленетін және өзге де жәрдемақы мен әлеуметтiк төлемдердің нақты қанша пайызға өскені қызықтыратыны анық. Осы орайда көптің көкейіндегі сұрақтардың жауабын білмек ниетте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Тараз қалалық бөлімнің басшысы Марат Үлековпен сұхбат ұйымдастырған едік.

– Марат Шыңғалыұлы, елімізде әлеуметтік төлемдер және зейнетақы мөлшері қанша есеге өсті және әлеуметтік қамсыздандыру көмегі кімдерге беріледі?
– Адам айықбас дертке шалдық­қанда, мүгедек болғанда, асырау­шы­сы­нан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздер бойынша немесе жасы­ның жетуіне байланысты зейнетке шық­қанда әлеуметтік жағынан қамсыз­дан­ды­ры­луына ҚР Заңына сәйкес кепілдік берілген. Тарқата айтқанда, әлеуметтік қамсыз­дандыру – қартайған және еңбек­ке қабілетсіз азаматтарға, сондай-ақ жағдайы жоқ немесе көпбалалы отбасыларға қаржылай қолдау және қызмет көрсету жүйесі. Бұл халықтың аталған санатқа жататындарының белгілі бір жағдайларда мемлекеттен материалдық игіліктер алуына берілетін мүмкіндік. Сонымен бірге азаматтардың мемлекет немесе өзге де субъектілер тарапынан өмір бойы үздіксіз беріліп отыратын ақшалай төлем, яғни зейнетақы алуы. Соның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы мөлшерлері биыл 1 қаңтардан бастап 7 пайызға артып отыр. Осы жолы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң жобасына сәйкес, зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғарғы табыс 46 еселенген айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрады. Яғни жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ең жоғарғы табыс 134 182 теңге болып белгіленді (462917). Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге. Соның арқасында ең төменгі зейнетақы және базалық зейнетақыны қосқанда ең төменгі зейнетақы төлемдері 61 796 теңгеге жетті.
Еңбек сіңірген жылдары үшін күш құрылымдарынан зейнетақы алушылардың зейнетақы төлем мөлшерлері де бұған дейін алып келген зейнетақы мөлшерлерінен 7 пайызға ұлғайды. Негізінен елімізде зейнетақы төлем жүйесі үш түрлі деңгейге бөлінеді. Соның бірі міндетті зейнетақы жинақтау қорынан төленетін зейнетақы болса, екіншісі ерікті және кәсіби зейнетақы төлемінен ақша аудару арқылы жүргізіледі. Үшіншісі – базалық зейнетақы. Соңғысы мемлекет есебінен төленетін зейнетақылық төлем. Бұл зейнетақы мөлшері «Республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес белгіленеді. Биыл қаңтарда базалық зейнетақы 18 524 теңге мөлшерінде белгіленді.
– Таразда қанша тұрғын бар, оның қаншасы зейнеткер, базалық зейнетақы кімдерге беріледі?
– Шаһарымызда 327 мың тұрғын бар болса, оның 45 751-і зейнеткер. Базалық зейнетақы кезінде зейнетақы қорына жарна аударғандарға да, аудармағандарға да беріледі. Мұны қосымша барлық зейнеткерлер, сондай-ақ өз жәрдемақыларына қосымша зейнеткерлік жасына жеткен мүгедектер алады. Зейнеткерлік жасына жеткен, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша немесе жасына байланысты жәрдемақы алушы тұлғалардың көрсетілген жәрдемақылар орнына базалық зейнетақыны алуына құқықтары бар. Осы аталған базалық зейнетақыны бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша жоғарыда атап өткен барлық зейнеткер алып отыр.
– Дүниеге нәресте келгенде біржолғы жәрдемақы бала санына қарай ұлғайып отыра ма, әлде барлығына бірдей көлемде төлене ме?
– Біріншіден, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда отбасының табысына қарамастан төленетін төлем. Бұл бойынша бұрын 38 АЕК мөлшерінде төленіп келсе, осы жылдан бастап жаңадан дүниеге келген нәресте үшін үш балаға дейін мемлекет тарапынан 110 847 теңге берілуде. Ал төрт және одан да көп баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бұған дейін 63 АЕК мөлшерінде болса, қазір төрт және оданда көп бала үшін 183 772 теңге беріледі. Отбасында егіз не үшем, төртем туса да мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Бұған біз бала мен ананы қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Әр баланың санына қарай ұлғайтылып отыратын жәрдемақы – ол нәрестенің бір жасқа дейінгі күтімі бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақы. Бұл да республикалық бюджет есебінен отбасының табысына қарамастан төленеді және ол осы жылдан бастап 5 пайызға артты. Тараз қаласында 1 979 бір жасқа толмаған бала бар. Қазір бірінші балаға 16 802 (5,76 АЕК), екінші балаға 19 865 (6,81 АЕК), үшінші балаға 22 899 (7,85 АЕК), төрт және одан көп нәрестелер үшін 25 962 теңге (8,9 АЕК) беріліп жатыр.
– Мүмкіндігі шектеулі баласын қарап отырған ата-ана үшін қандай өзгеріс бар?
– Мүгедек баланы тәрбиелеушілерге ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде төленеді. Бұл қаржы мүгедек балаға төленетін жәрдемақыға қарамастан беріледі. Жәрдемақы көлемі 2020 жылдың сәуірінде 45 736 теңгені құраған. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап аталған жәрдемақы мөлшері 5 пайызға артып, 48 023 теңгені құрады. Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын 18 жастан асқан адамдарға арналған жәрдемақының да мөлшері 5 пайызға артып, 48 023 теңгені құрады. «2021-2023 жылға арналған республикалық бюджет» туралы ҚР Заңына сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің көрсеткіші 32 668 теңгеден 34 302 теңгеге өзгерді. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшерлері 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты арттырылды. Тараз қаласында бұл өзгеріс мүгедектігі бойынша 13 380 жәрдемақы алушының барлық санаттарын, асыраушысынан айырылуына байланысты 4 180 жәрдемақы алушыны қамтып отыр.
– Міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты қандай өзгеріс енді?
– Бұл жүйе Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың екінші деңгейі ретінде 2005 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Сақтандырудың жұмыс істейтін азаматтар үшін үш түрі (еңбек ету қабілетін жоғалту, асыраушысынан айырылу және жұмыстан айырылу жағдайларынан сақтандыру) қарастырылған болатын. Бүгінгі күнде меншік түріне қарамастан, барлық өнеркәсіп пен мекемелер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өз жұмысшылары үшін еңбекақысынан 3,5 пайыз көлемінде есептеп, әлеуметтік салық есебінен жарналар төлеуде. Тараз қаласы бойынша аталған төлемді алушылардың саны – 7 255. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері де 5 пайызға артты. Ең төмен күнкөріс деңгей көрсеткіші (КД) былтыр 32 668 теңге, биылдан бастап 34 302 теңге болды. Жалпы мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік базалық жәрдемақылар адамның жасына, мүгедектігі жөніндегі тобына қарай әртүрлі мөлшерде төленеді. Асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік базалық жәрдемақыларда да осы тектес талаптар бойынша беріледі.
– Арнайы және арнаулы жәрдемақылар қанша пайызға өсті?
– Қазір Тараз қаласы бойынша 197 мемлекеттік арнайы жәрдемақы алушының мөлшері 5 пайызға ұлғайып отыр. Бұл бойынша айлық есептік көрсет­кіш (АЕК) мөлшері 2 778 теңгеден 2 917 теңгеге өзгерді. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың (нағыз жеңілдіктер орнына) мөлшерінің де өзгеруі АЕК-тің өсуіне байланысты. Мұны есептеу үшін АЕК мөлшері 2 917 теңге көлемінде белгіленді. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бойынша айлық есептік көрсеткіш осы жылы – 2 917 теңге болып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.