Облыстық әкімдікте

Жүйелі жоспар – нақты нәтиже

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімдігінде VI шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХVIII сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіне сай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есебі тыңдалып, басқа да бірқатар мәселелер қаралды.

Осы жылдың бірінші жарты жылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын баяндаған Бердібек Машбекұлы жылдың алты айында 237,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 101,5 пайызды құрағанын, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 173,1 миллиард теңге болып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 100 пайыздық межені еңсергенін айтты. Сондай-ақ өз сөзінде өңір басшысы әлемді алаңдатқан індеттің алдын алу, адам шығынын болдырмау ең негізгі міндеттің бірі екенін тілге тиек етті.
– Бүгінде өңіріміздегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Дегенмен әлемде орын алып жатқан пандемия әсері елімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Облыста осы күнге дейін коронавирус жұқтырған 2999 науқас тіркелсе, оның 46 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай 7 адам қауіпті кеселдің құрбанына айналды. Індетпен күрес жүргізу мақсатында облыста құрылған штаб тұрғындар арасында вирус жұқтыру жағдайын азайту, өлім-жітімді болдырмау бағытында жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында науқастардың тіркелу жағдайы біршама төмендеді.
Аурухана мен емханалар жеткілікті деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл жұмыстар белді кәсіпкерлердің, атымтай жомарт азаматтар мен ірі-ірі компаниялардың көмек қолын созуы арқылы еңсерілді. Қиын-қыстау кезеңде бірлігіміздің бекемдігін білдірген қайырымды жандарға облыс басшылығы атынан зор алғыс білдіремін! Өйткені бірігіп тірлік ететін болсақ ғана қиындықты жеңе аламыз.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан жұрт БАҚ арқылы хабардар екені белгілі. Жағдай былтырғы жылмен және республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары. Осы жетістікке жету жолында барлықтарыңыздың қосқан үлестеріңіз зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Індет немесе қандайда бір дағдарыс орын алса да, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіші төмендемесін» деген тапсырма алған болатынбыз. Қазір осы тапсырма үдесінен шығып отырмыз. Соның ішінде өндіріс саласы 105, 1 пайызға өсті. Оны теңгеге шақсақ, бұл өңірде 237 миллиард теңгенің өнімі өндірілді деген сөз. Негізінен экономиканы дамыту үшін біз өз елімізді айтпағанда, шетелден де инвестиция тартуға мүдделіміз. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізудің арқасында өңір экономикасын дамыту үшін биыл сырттан құны 39 миллиард теңге болатын инвестиция тарттық. Биыл жыл соңына дейін құны 5,1 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 657 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынса, оның құны 1 триллион 100 миллиард теңгеге бағаланады. Десе де алдағы уақытта ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға күш салуымыз қажет. Әсіресе желден, күннен, судан баламалы энергия көздерін өндіру маңызды. Бұл бойынша қолға алынған 5 бірдей жоба жүзеге асырылғанда жалпы өңірдегі баламалы электр энергиясы 430 мегават болады. Бұл әрине аз емес. Әйтсе де табиғат берген мүмкіндікті пайдаланып, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың да ауқымын кеңейтеміз деген ниеттеміз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Ауыл шаруашылығы саласында 72 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Оның ішінде 69,1 миллиард теңге мал шаруашылығына тиесілі болса, қалғанына өсімдік шаруашылығы арқылы қол жеткізіліпті. Өңір басшысы өз сөзінде егінге орақ енді түсіп жатқанын айта келе, жыл аяғына дейін жиын-терін арқылы егін шаруашылығы саласында табыс айтарлықтай еселене түсетінін меңзеді. Ағымдағы жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін 22,8 миллиард теңге субсидия қарастырылыпты. Оның 13,1 миллиард теңгесі республикалық, қалғаны облыстық бюджет есебінен бөлінген. Бұл қаражаттың 7,9 миллиард теңгесі шілде айына дейін игеріліпті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілердің саны 68,7 мың бірлікті немесе 98,3 пайызды құраған. Наурыз айына дейін өндірілген өнім көлемі 75,1 миллиард теңге болса, 122,1 мың адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы іске қосылғалы бері өңірде жалпы сомасы 111,3 миллиард теңгені құрайтын 1892 жоба қолдау тауыпты. Құрылыс саласында да толайым тірлік бар. Бұл салада 60 миллиард теңгенің жұмысы атқарылғанын сөз ете келе Бердібек Машбекұлы:
– Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі 21,2 пайызға ұлғайып отыр. Бұл саладағы жұмыстар ары қарайда жалғаса береді. Бірақ құрылыс нысандарын сапалы салумен қатар, оны дер кезінде аяқтау негізгі мәселе болғандықтан, құрылыс нысандарының беріктігі барынша назарға алынған. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 250,7 мың шаршы метрді құрады. Жыл аяғына дейін оның көлемін 615 мың шаршы метрге жеткізуіміз керек. Президентіміздің берген тапсырмасының бірі – өңірдегі жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, экономикалық белсенді азаматтардың саны тиісті кезеңмен салыстырғанда 4,8 пайызды құрады. Сонымен қатар бағаның негізсіз көтерілмеуі де қоғам үшін өзекті мәселе.
Осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін Үкіметке арнайы тапсырма беріп, осы мақсатта отандық кәсіпорындарды дамыту ісі қолға алынған еді. Қазір біз құны 69 миллиард теңгені құрайтын 123 жобаны жүзеге асырудамыз, – деді.
Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы он ауданнан 11 пилоттық ауылдық округтегі 25 елді мекеннің тұрғындарын қамтыған. Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы құны 8 миллиард 503 миллион теңге болатын қаражат игеріліпті. Осының арқасында жұмыссыздар саны 1129-дан 589-ға дейін азайған. Жаңадан 589 жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар 32 пайызға кеміген. Жалпы облыста 66 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұрса, іске асырылып жатқан осы жобаның екінші кезеңі бойынша республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген жағдайда қосымша 20 кооператив құру көзделіп отыр екен. Сол кезде 3 631 адам келесі жылдың қорытындысы бойынша айына 45,6 мың теңгеден 162 мың теңгеге дейін тұрақты табыспен қамтамасыз етіліп, 2022 жылы бұл табыс 2 есеге ұлғайтылатын болады деп күтіледі. Сондай-ақ жоба бойынша 3 631 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, олардың міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді ел қатарлы төлеуге қабілеті артады. Ауылдық округтерде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,2 есеге немесе 2,8 миллиард теңгеден 6,1 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды деген болжам бар.
Бердібек Машбекұлы елді мекендерге ауызсу тартып, газдандыру, салықтық түсімдердің көлемі, еңбек нарығы мен тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы, білім, медицина, спорт, қоғамдық қауіпсіздік секілді тағы да басқа өзекті салаларда атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. Халық қалаулылары барлық салалардың жетістіктері жайындағы мәліметтермен жіті танысқаннан кейін, өңір экономикасындағы оңды өзгерістерге қанағаттанарлық деген баға берді. Кейбір аудандардан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары онлайн байланысқа шығып, облыс әкімінің орынбасарлары кабинетте отырмай, аудандарды аралап, тұрғындармен жүздесіп тұрса деген тілегін жеткізді. Осы жиынға төрағалық еткен облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаев індеттен қайтыс болғандардың жаназасын имамдардың қорғаныс киімінсіз шығаруы қауіпті екенін, қаралы үйге көңіл айтып, жаназаға жиналатындардың саны азаймай отырғанын айтып, мәйітханадан марқұмның денесі жақындарына арнайы капсулаға салынып берілсе, марқұмды тануы үшін таныстары мәйітханаға арнайы қорғаныс киімін киіп кірсе деген секілді бірқатар мәселелерді ортаға салды. Өз кезегінде облыс әкімі бұл мәселенің расында да өзекті екенін қуаттап, таяуда ғана бұл жөнінде облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысына барлық мәйітханалармен бірігіп жұмыс істеуі қажеттігі жөнінде және имамдарға да сақтық шараларын барынша ұстануды түсіндіру бойынша тиісті орынға арнайы тапсырма берілгенін атап өтті.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР