"Нұр Отан" БАСТЫ БЕТ

Жүйелі жұмыс жалғаса береді

Written by Aray2005

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев партия облыстық филиалының төрағасы болып сайланды

Кеше «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облысқа екі күндік жұмыс сапарымен келді. Бауыржан Қыдырғалиұлының төрағалығымен Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи -этномәдени кешенінің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы өтті.
Басқосудың күн тәртібінде партия облыстық филиалының Саяси Кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, партия облыстық филиалының алдында тұрған мақсаттар мен міндеттері айқындалды. Конференцияны ашқан Бауыржан Қыдырғалиұлы бір ай бұрын ғана облыс басшылығына тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың аз ғана уақыт ішінде атқарған жұмысы толайым екенін атап өтті.
– Бұл сіз басқарып отырған бесінші облыс. Сондықтан бұл істе тәжірибеңіз жеткілікті. Күрмеуі қиын мәселелерді дер кезінде шеше білесіз. Ал біз де партия тарапынан барынша қолдау білдіруге дайынбыз.
Мен Жамбыл жеріне осыдан төрт жыл бұрын келіппін. Содан бері біраз өзгеріс орын алыпты. Көптеген салаларда ілгерілеу байқалады, әсіресе туризмнің әлеуеті артыпты. Бұрынғы облыс басшысы, партия облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов айналасы екі жылдың ішінде өңір игілігі үшін тынбай еңбек етті. Сондықтан партия атынан Асқар Исабекұлына үлкен алғыс білдіремін және Бердібек Сапарбаевты филиалдың жаңа төрағасы етіп сайлауды ұсынамын, – деді Б.Байбек.
Конференция делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
– Бұл бір жағынан айрықша мәртебе деп білемін. Ал ең бастысы – үлкен жауапкершілік, зор міндет. Асқар Мырзахметов біршама жобаларды жүзеге асырды. Оның кезінде өзге қалаларда баламасы жоқ «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ашылып, көпшіліктің игілігіне берілді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру пилоттық жобасы да сәтті іске асуда. Бұл жоба осымен тоқтап қалмай, жалғасын таба береді. Өйткені ең бастысы ол халықтың әл-ауқатын көтеріп, табысын еселеуге бағытталған бастама, – деді Б.Сапарбаев.
Жұмыс сапары аясында Б.Байбек бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.
– Партия Саяси Бюросының отырысында партия
Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс депутат­тарына партия мүшелері өңірлерді аралағанда үлкен қалалардан ғана қайтып кетпей, аудан, ауылдық елді мекендердің де тұрғындарымен жүздесіп, шалғайдағы елмен де етене жақын әңгімелесіп, мәселелерін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ асуды тапсырған, – деді Бауыржан Байбек.

Сапар барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Жуалы ауданында да болды. Бауыржан Байбек аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Бурный сүт компаниясы» зауытының цехында әйел кәсіпкерлермен жүздесті. Кездесуде партия Төрағасының бірінші орынбасары жергілікті кәсіпкерлерге мемлекеттің бизнес үшін жасап жатқан қолдаулары жайлы айтып өтіп, отандық бизнестің алға жылжуына, жалпы мемлекеттік саясаттың іске асуына іскер әйелдер қауымының да орасан үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Өз кезегінде көпбалалы ана әрі кәсіпкер Әсима Шүкеева партия Төрағасының бірінші орынбасарына өз кәсібі жайлы айтып берді. Ол 17 жыл бұрын кәсіпкерлікпен айналысуды бастаған екен. Қазір өз қаражаты есебінен ашқан балабақшада көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тамақпен қамтылған. Сондай-ақ ол Жуалы аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы екенін де тілге тиек етті.
– Бұл кісінің шаруасы көпке үлгі боларлық. Әйел болса да ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлік пен білім саласында да жемісті еңбек етіп жүр. Қаншама адамға жұмыс тауып беруде. Бұл – мемлекеттегі тұрақтылықтың, дамудың кепілі. Себебі кез келген дағдарысты жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жеңуге болады, – деген аймақ басшысы бүгінде өңірде 125 мың адам кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүргенін атап өтті. Олардың тең жартысы – қыз-келіншектер екен.
– Мен жуырда еліміздің бірқатар қалаларында болдым. Ауыл-аймақтарды да араладым. Жамбыл жеріндегі жұмыс сапарымды сіздердің елден, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының есімін алған ауылдан бастағанды жөн көрдім.
Сапар барысында жамбылдық әйелдердің жоғары белсенділігін байқадым. Тіпті көпбалалы аналардың өзі ретін тауып, бизнесін дөңгелетіп отыр. «Nur Otan» партиясы оларды қолдап отыруға әрқашанда дайын. Партияның бұл істе тиісті жобалары бар. Ал бүгін біз сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, проблемаларыңыздың шешімін табуға қолдау білдіргелі келіп отырмыз, – деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.
Кездесуде кәсіпкерлер бизнестің дамуына септігі тиер төменгі пайыздық несие, қайтарымсыз грантқа қол жеткізу бойынша өтініштерін айтты.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек «Бурное Солар – 1» және «Бурное Солар – 2» күн электр стансаларының жұмысымен де танысты.
Түс қайта Төрағаның бірінші орынбасары облыс орталығына ат ізін салып, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, «Жеңіс» саябағы сынды мәдени нысандарды аралап, онда зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен және этномәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп, келелі әңгіме құрды.
Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Баласағұн» музейінде өткен кездесуде қадірлі қонақ Тараз қаласының бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен әңгіме өрбітті. Бұл басқосуда да партия Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың партия алдына қойып отырған тапсырмалары мен бағыт-бағдары, «Nur Otan» партиясының, оның бастауыш партия ұйымдарының мемлекет дамуындағы рөлі сөз болып, елдік мүддеде тонның ішкі бауындай, бірлесе жұмыс істеу керектігі айтылды.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР