Жүйелі жұмыс жан жадыратады

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Өңір басшысы бұл жолы аудан халқын алаңдатқан ауыз су мәселесінен бастап, газ, жол, баспана және жаңа оқу жылына мектептердің даярлығын пысықтап, дәрігерлердің де жайын білді. Облыс орталығымен іргелес жатқан аудандағы ілкімді істерді зерделеп, бірқатар тапсырмалар берді.

Ең алдымен облыс әкімінің жұмыс сапары Шайқорық ауылында басталды. Мұнда өңір басшысы ауыз су мұнарасының жұмысымен танысты. Айта кетсек, бұған дейін ауыз су мәселесі ауыл халқының жанына батқан мәселенің біріне айналған-тұғын.
– «Шайқорық» су жүйесі бес елді мекенді қамтиды. 1290 абонент бар. Қазіргі жағдайда тұрғындардың 90 пайызы ауыз суға осы жүйе арқылы қол жеткізіп отыр. Әзірге су халыққа уақытпен, яғни сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін беріледі. Өйткені елді мекендер балансқа алынғанымен судың тарифі әлі алынған жоқ. Су қоймасы жуырда іске қосылды. Халықты наурыз айынан бастап ауыз суға қосылған. Мұндағы судың көлемі 1000 текше метрді құрайды, – дейді «ҚазСуШар» кәсіпорнының облыстық филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев.
Бердібек Машбекұлы құны 1,5 миллиард теңгеге жуықтайтын жаңа су жүйесі бола тұра жергілікті халықты тіршілік көзімен небәрі үш-ақ сағат қамтамасыз етуге болмайтынын, бұл төмен көрсеткіш екенін ескертіп, судың сапасын бақылауды, ол үшін жұмысты жүйелеп, тұрғындармен бірге істі ілгерілетуді тапсырды.
Ал ауылдық округ әкімі Бақыт Садырбаевтың айтуынша, елді мекенде 7 мыңнан аса тұрғын бар. Шайқорық ауылдық округінде 28 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 24 көшеге 237 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 4 көшеге 86 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күнге 7 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталған. Б.Сапарбаев жауаптыларға жолдың сапасын басты назарда ұстауды тапсырды.
Бүгінде ауылдық округ мәдениет үйі, пошта секілді әлеуметтік нысандармен қамтылған. 1974 жылдан бері талайға қара танытқан Шайқорық орта мектебіне осыдан үш жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауылдық округ әкімінің айтуынша мектепке су кіргізілген, кәріз жүйесі де қосылған. 640 орынға арналған білім ұясы қазір 1200 баланы оқытуға қауқарлы.
Алайда аталмыш мектепке бас сұққанда ауладағы спорт алаңшасының сұлбасы көзге оғаш көрінеді. Ашығын айтқанда мектеп ауласы қараусыз қалғандай әсер қалдырады. Облыс әкімі оқу жылына дайындықты пысықтауды, ауладағы абаттандыру жұмыстарын дереу қолға алуды тапсырды. Мектеп директоры Алма Жатқанбаеваның айтуынша, өткен оқу жылында 52 түлек бітірген мектептің табалдырығын биыл 125 бала аттамақ.
– Қашықтықтан оқуға дайындалып жатырмыз. Бастауыш, жоғарғы сыныптар да қашықтан оқытылады. Бірақ бірінші сыныпқа келетін бүлдіршіндердің ата-аналары онлайн оқуға ойланып отыр, – деген мектеп директоры мектептің асхана, акт залы, спорт залымен де таныстырып өтті.
– Мен білім басқармасына тапсырма бергенмін. Мүмкіндігіне қарай бірінші сыныптың балаларын дәстүрлі түрде оқыту керек. Бала мұғалімді, сыныпты, тақтаны сезінуі қажет. Қашықтан оқытылса іргетасы солай қаланып қалады. Сонымен қатар бұл мектептен 46 жылдан бері қаншама азамат түлеп ұшты. tulek.kz сайтында сол түлектердің барлығының мәліметі, жетістіктері болуы қажет және олармен байланыста болуларыңыз керек. Сондай-ақ ауланы абаттандырыңыздар. Жаңа оқу жылының басталуына да аз қалды. Соған үлкен дайындық жасалуы қажет, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін облыс әкімі Аса ауылындағы жаңадан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен жан-жақты танысты.
Жұмыс сапары барысында Бердібек Машбекұлы қайта жаңғыртудан өткен аудандық шығармашылық орталыққа бас сұқты. Бұл жерде де нысанның қасбетінде немесе сыртында өнер иелерінің кескіндері, өнер элементтері бейнеленуі қажет екенін атап өтті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, білім мен ғылымды дамыту индикаторына қол жеткізу мақсатында қолға алынған жоба аясында іске асқан орталық алты бағыт бойынша жұмыс жасайды. Онда техникалық, химия, биология, қолданбалы өнер, алғашқы медициналық көмек, аспазшы кондитерлік, автомоделдеу секілді қажетті салалар қамтылған. Орталық қазір Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының аумағында орналасқан. Осы ретте өңір басшысы мектеп-гимназиясына да ат басын бұрды. Аталған білім ұясының табалдырығын биыл 60 бала аттағалы отыр екен. Бұл тұста да Бердібек Машбекұлы 1-сынып оқушыларын дәстүрлі түрде оқытудың маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ мектептің қасбетін, ауласын жөндеуді тапсырды.
Білім саласындағы тыныс-тіршілікпен танысқан облыс әкімі денсаулық сақтау саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Аудандық емхана мен ауруханаға арнайы ат басын бұрып, ақ халатты абзал жандармен жүздесті.
Дәл қазір аудандық аурухананың провизорлық бөлімінде 28 науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан бір науқастың жағдайы да бірқалыпты. Бір жеті бұрын 60-тан аса адам провизорлық бөлімде, ал жан сақтау бөлімінде 4 адам өмір үшін күресіпті. Көңілге медет болатыны, ауданда соңғы екі аптада адам өлімі болмаған. Сонымен қатар ауруханада 3 өкпені жасанды желдеткіш аппараты бар екен. Облыс әкімі жансақтау бөлімінде қанша төсек болса, сонша ӨЖЖ аппараты болуы қажет екенін айтып, тамыз айында індетпен күресті күшейтуді, қазір ауруханада 115 төсек болса оның санын арттыруды тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі Қаракемер ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Айталық, бұрын-соңды бұл ауылда мәдениет үйі болмаған. Сондықтан бұл халықтың көптен күткен қуанышы. Алайда құрылысқа жауапты мердігер «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі торғайдың ұясындай жерге тоқсан адамды сыйдыруға болатынын айтып, қаракемерліктердің қуанышын су сепкендей басты.
– Екі мыңнан аса халыққа мұндай шағын мәдениет үйі салынып жатыр деген естіген елден ұят. Елге күлкілі болғанша мұндайды салмай-ақ қою керек. Концерт келді дейік, 100 адам да сыймайды ғой мына жерге. Бекерге ақшаны желге шашып жатырсыздар. Егер концерт келсе, ауыл халқы сыймайды. Содан кейін ешкімге рақметін айтпайды. Керісінше ренішін айтатын болады. Алдын ала ақылдаспайсыздар ма? Көлемін үлкейтетін едік қой, – деп облыс әкімі нысан құрылысының жобасын сын тезіне алды.
Көңілге қуаныш ұялатқан сол ауылдың жастары деп айтсақ артық болмас. Қаракемерде жастар арасында күрес, футбол жақсы дамып келе жатыр екен. Олардың арасында алды Азияға шыққан, үш жыл қатарынан ел чемпионы атанған жастар бар екен. Нақты уақытта отыз жас тұрақты түрде футболмен шұғылданады. Олар жазда ауыл сыртындағы футбол алаңшасында, қыста мектептің спортзалында жаттығады. Аладоп әңгіме болғанда Бекжан Мырзатай секілді мақтаныштарын да ауылдастары жасырмай жарыса айтты. Талапты жас мини футболдан да жастар арасында республиканың екі дүркін жеңімпазы атаныпты. 2003-2005 жылғы жасөспірімдер құрамасының сапында Францияға да жолдама алыпты. Дегенмен әлемдік пандемияға байланысты қазір шеберліктерін жергілікті жерде шыңдаумен шектелуге мәжбүр. Облыс әкімі осы ауылдан арнайы жабық спорт кешенін саламыз деп талантты жастардың төбесін көкке жеткізді. Ауыл ақсақалдары да облыс әкімінің арнайы келіп, ауылдың жайын білгеніне алғысын білдірді.
Жұмыс сапары барысында Бердібек Машбекұлы Тастөбе ауылының ауылішілік газ құбыры желілерінің құрылысымен де жіті танысты. «Газ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс монтаждау бөлімінің басшысы Ерлан Қасқарбаев биыл ауылдың ішіндегі жұмысты толық аяқтаймыз деп отыр. Еңбек, Рахат ауылдарындағы жұмыс толығымен аяқталыпты. Облыс басшысы жұмысты ілгерілету үшін тұрғындармен байланыста болудың маңыздылығын атап өтті. Яғни тұрғындар толығымен ауласына келіп тұрған газ құбырын үйіне кіргізсе көгілдір отынның игілігін көретін күннің де ауылы алыс емес.
Ал Көлқайнар ауылында 100 орындық орта мектеп ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер деп танылған нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Облыс әкімі күн суып кетпей жұмысты ертерек аяқтауды, білім нысанының қасбетіне ерекше мән беруді, сондай-ақ абаттандыру жұмыстарын да назардан шығармауды тапсырды.
Өңір басшысы аудандағы баспанамен қамту мәселесінің жайын да біліп қайтты. Бұл ретте жаңадан қазығы қағылып, іргетасы қаланған Аса ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан жұмыс жыл аяғында толығымен аяқталады. Тұрғын үй құрылыс жұмыстарына жүзге жуық жергілікті азамат тартылған.
Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысын зерделеген өңір басшысы оларды одан әрі ілгерілету үшін жауаптыларға жан-жақты тапсырмалар берді.

Нұржан Қадірәлі

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.