Қоғам

Жүйелі жұмыс жан жадыратады

Written by Aray2005

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған бес əәлеуметтік бастамасы аясында өңірде түрлі сала бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде баспана, студенттердің жатақханасы, елді мекендерді газдандыру және ауыл шаруашылығындағы түйіні тарқамаған мәселелер өз шешімдерін тауып келеді. Осы орайда «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен бес әлеуметтік бастаманың орындалуы бойынша облыстық тәжірибелік конференция өтті.

Басқосуда «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан бес әлеуметтік бастаманың елімізде іске асырылу барысына мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етіп, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерін анықтау және оның шешу жолдары бойынша мемлекеттік органдармен тиісті шаралар қабылданып отырғанына тоқталды.
Сондай-ақ жиында алғаш болып Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Дилья Сөгжанова бес әлеуметтік бастаманың бірінші бастамасы бойынша хабарлама жасап, бүгінгі күні облыс орталығында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша Ы.Сүлейменов көшесінің соңынан соғылған 15-ықшамауданда және «Арай-2» алқабында пәтерлер сатылып жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша 400-ге жуық тұрғын басыбайлы баспанасына қол жеткізіп үлгерген. Сондай-ақ сала маманы «Бақытты отбасы» кешенді бағдарламасы жасақталып, 300 азаматтың құжаты мақұлданғанын хабарлады. Өз кезегінде екінші бастама бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстарын жүргізу басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспанов атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, бұл бастамада жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ұсынылғанын атап өтті.
Конференцияда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі бойынша жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында облыста бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаевтар тиісінше әлеуметтік бастаманың 4,5-бағыты бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Сондай-ақ шараға қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР