Жамбыл жаңалықтары

Жүйелі жұмыс жемісін береді

Өңірде 24 883 гектар жер қайта айналымға енгізілмек

Облыстың жер қорын тиімді пайдалану арқылы өңірдің агросаладағы өнім көлемін еселеп арттырудың мүмкіндігі мол. Бұл орайда, бос жатқан жерлерді қайта айналымға қосуды мықтап қолға алған жөн. Ең бастысы, жерлерді пайдалану мониторингін түзуде, оның санатын анықтау ісіне жаңаша көзқарас қажет. Облыс әкімідігінде өткен жиында облыс басшысы Асқар Мырзахметов салалық басқарма басшыларының назарын аталмыш мәселелерге аударып, жерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмысты әлі де жетілдіре түсу жайына тоқталды.

Жалпы жер көлемі 14 миллион гектарға жуықтайтын облыста жер пайдалану ісінде шешімін күткен мәселелер жетерлік. Мәселен, тиісті мемлекеттік мекемелермен жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде аудандардағы бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында жер пайдаланудың нысаналы мақсаты негізсіз өзгертілген. Сондай-ақ, жергілікті билік тарапынан жер учаскелерін жекеменшікке беру, шаруа қожалықтары иелігіндегі жерлердің үлесін бөлу кезінде олқылықтар орын алған. Ал, Байзақ ауданында жерді өз бетінше иелену фактісі тіркелсе, Меркі ауданында жердің санаты негізсіз өзгертілгендігі белгілі болды. Саладағы түйткілдермен жақынырақ танысқан облыс әкімі мәселені шешуде жер пайдалануды реттейтін арнайы ереже қабылдауды ұсынды. Ол ережеге сай ауыл, аудан әкімдері жерді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстардың есебін береді. Одан бөлек, жердің нысаналы мақсатын өзгерткендерді жазалау шараларын қатайтып, мәселені жан-жақты зерделеу үшін арнайы жұмысшы топ құру жайы да айтылды. Аудандарда жер заңнамасын үйрету мақсатында көшпелі семинарлар ұйымдастыру да жоспарда бар. Ал, жердің нысаналы мақсатын өзгерту шаралары әлі де толыққанды нақтылауды қажет етеді. Жердің санатын бағалау бағытында атқарылатын жұмыстарды да бір арнаға түсіру қажет.

Сондай-ақ, жиын барысында бос жатқан жерлерді қайта айналымға тарту жайы сөз болды. Жалпы өңірде 24 883 гектар жерді қайта айналымға енгізу жоспарлануда. Алдағы 3 жыл ішінде өңірде бос жатқан жерлер толығымен қолданысқа беріледі. Бұл орайда, салалық басқарма басшылары жердің құнарын және санатын анықтап, жер көлемін ұлғайтуға ниетті шаруа қожалықтарымен жұмысты жолға қоюы керек.

Аудандарда индустриалды аймақ құруға мүмкіндік мол

Биыл облыс аумағында 4 индустриалды аймақ құру жұмыстары қолға алынды. Бұл орайда салалық басқармалар мен тиісті мекемелер аталмыш аймақтарға кәсіпкерлерді тарту, олардың сұранысқа ие өнім түрлерін шығару мүмкіндіктерін зерделеуі қажет. Облыс әкімдігінде өңірде индустриалды және аграрлы-индустриалды аймақтар құру бойынша өткен басқосуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

Тараз қаласының жергілікті тұрғындар арасында «Промзона» аталып кеткен бөлігінен индустриалды аймақ құру үшін 68 гектар жер бөлінген. Алайда, олардың тең жартысы жекеменшікке өтіп кеткен. Жер иелерінің кейбірі өз үлестерін сатуға келісім берсе, енді бірі оны жеке мақсатта пайдалануды жоспарлаған. Нәтижесінде, қала билігі 38,8 гектар алқапқа құны 2,5 миллиард теңге болатын индустриалды аймақ құруды жоспарлап отыр. Көрсетілген қаржының негізгі бөлігі аймаққа инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Алайда, аталмыш аймақты іске қосқанымен кәсіпкерлерді тарту жұмыстары нақтыланбаған. Демек, қыруар қаражат жұмсалған жобаның нарықтағы сұранысы зерделенбеген сыңайлы. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов салалық басқарма басшыларына индустриалды аймақтарды құруды қаржыландыру тетігін қарастыру, келешекте олардың аумағын кеңейту, өндірістік нысандарды дамыту жоспарлары мен ондағы салық бойынша берешек көлемін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ, өңірде сұранысы жоғары кәсіп түрімен айналысуға ниет білдірген өзге облыстардың кәсіпкерлеріне қолдау білдіру жайы да сөз болды. Сәйкесінше, индустриалды аймақ кәсіпкерлерінің өнімдерін сұранысқа ие ету, оларға түрлі жеңілдіктер жасау бағытында да бірқатар жұмыстарды қолға алу ұсынылды.

Аудандарда да индустриалды аймақтар құру бойынша жер көлемі нақтылынып, тиісті ұсыныстарға сай жұмыс басталған. Мәселен Талас ауданында индустриалды аймақ құруға 40 гектар жер бөлінген. Ондағы тиісті жұмыстарды жүргізудің жалпы құны 1 миллиард 27 миллион теңгеге бағаланып отыр. Аталмыш аймақтың 20 гектар жеріне кәсіпкерлер тарапынан сұраныс түскен. Ал, Сарысу ауданында 60 гектар жерге индустриалды аймақ құру жоспарланған. Алайда, аудан орталығынан шалғай орналасқан жер телімдеріне инфрақұрылым тарту қымбатқа түсетін сыңайлы. Сондықтан да, аудандағы индустриалды аймаққа арналған жерді Жаңатас қаласы аумағынан белгілеу ұсынылды. Шу ауданында да 25 гектар жерге индустриалды аймақ құру жоспарда бар. Сол секілді, Жамбыл, Қордай аудандарында да индустриалды, индустриалды-аграрлы аймақтар құруға мүмкіндік мол.

Облыс әкімі тиісті басқарма басшылары мен мекеме жетекшілерін өңірде индустриалды аймақ құрудың мүмкіндігі зерделенетін жиынның келесі басқосуына тыңғылықты дайындықпен келуге шақырды.

Ұтқыр ұсыныстардан ұтарымыз анық

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен және қаланың келбетін жетілдірудегі мүмкіндіктерімен танысты.

Әуелі Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта орналасқан «Сосновый бор» кешенінде болған өңір басшысы нысан иелеріне оны жаңғырту жобасын әзірлеуді тапсырды. Аталған жобаға сай мұнда фитоорталық ашып, нысанды «Балқарағай» деп атау ұсынылды. Кешен иелері көзге қораш көрінетін аумақтың қоршауларын мейлінше азайтып, жиекжолдың жаңа эскизін дайындау жұмыстарын қолға алатын болды.

«Тәжібай» базары аумағында облыс әкімі қаланы көгалдандыру, көгеріштендіру мақсатында ондағы 23 сотық жерді мемлекет меншігіне қайтару мүмкіндігін қарауды тапсырды. Таяу арада мұнда белең алған жабайы саудаға тосқауыл қойылып, керуен сарай типіндегі қонақ үйлер мен ортағасырлық үлгіде салынған шығыс моншасы бой көтермек.
Келесі кезекте Жамбыл Жабаев атындағы «Руханият» орталығына ат басын бұрған өңір басшысы орталықты ақынның музейі етіп жасақтауды тапсырды. Ал, «Руханият» орталығына жаңадан жеке ғимарат салу жоспарлануда.

Сапар кезінде Ы.Сүлейменов көшесі бойындағы саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің кескін-келбетін өзгертуге қатысты да ұсыныстар айтылып, оның аумағын көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарын жетілдіре түсу жайы да сөз болды.

Сондай-ақ, №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаңа типте салынып жатқан ғимараттарымен танысып, болашақта бұл үлгіні өңірде салынатын өзге де спорт нысандарында қолдану мүмкіндігіне назар аударды. Металды құрылымның көмегімен тез арада тұрғызылатын ғимараттардың құны да арзан. Дегенмен, олардың сыртқы және ішкі кескін-келбеттерін жетілдіре түсу жайы әлі де жан-жақты нақтылауды қажет етеді.

Тараз қаласының өндірістік аймағында орналасқан «Азмина Мрамор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысқан Асқар Исабекұлы кәсіпорын өнімін қала аумағындағы құрылыс нысандарында пайдалану қажет екендігін айтты. Серіктестік гүлзарлар мен субұрқақтарға арналған мәрмәр плиталардың түрлі формасын дайындауға тапсырыс қабылдауға әзір.
Қаланы аралау барысында облыс әкіміне шаһардың ел аузындағы «Хромзавод» аумағында бой көтерген жаңа ғимаратты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыстық департаментінің иелегіне беру жайы да қозғалды.

Сапар соңында орталық көшелердегі сауда-саттық нысандарының бей-берекет құрылысына шектеу қою, иесіз ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстарды мықтап қолға алу тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР