Облыстық әкімдікте

Жүйелі жұмыс – жетістік кепілі

Written by Aray2005

Өткен жұмада облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен Асқар Исабекұлы Нұрлыкент ауылында орналасқан «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Дәл қазір көктемгі дала жұмыстарымен айналысып жатқандықтан аймақ басшысы серіктестік басшысымен егіс басында жолықты. Қазіргі таңда егістік алқабында күздік қара бидайды минералды тыңайтқыштармен үстемелеп қоректендіру, тырмалау жұмыстарын жүргізіп жатқан серіктестік жетекшісі Георг Кох аймақ басшысына жалпы агроқұрылым әлеуетін баяндады. 1997 жылы құрылған серіктестікте бүгінде 4 816 гектар жер бар екен. Оның 2 700 гектары егістік. Мұның ішінде 1 253 гектарына жаңбырлатып суғару қондырғысы орнатылған екен. Техникалық әлеуеті де сақадай сай «гамбургтіктер» мал шаруашылығымен де тұрақты айналысып келеді. 125 адамды жұмыспен қамтып, аудан экономикасына әжептәуір серпін беріп отырған серіктестік жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі осы ауылдағы ақпараттық орталықтың да тірлігін көрді.
Асқар Мырзахметовтің ауданға сапары барысында бүгінде өзекті болып отырған тұрғын үй мәселесінің түйіні тарқады. Атап айтар болсақ, №16 Жуалы колледжінің қаңырап бос тұрған жатақханасы биыл күрделі жөндеуден өтіп, аудан тұрғындарының игілігіне берілетін болды. Бұған дейін облыс әкімдігі білім басқармасының балансында тұрған 172 бөлмелік жатақхана ғимараттары жақын күндері аудан әкімдігінің меншігіне өтіп, күрделі жөндеу көрген соң тұрғын үй кезегінде тұрған жетімдер мен әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілмек. Шамамен 72 миллион теңге жұмсалатын қос ғимаратқа су, жылу, кәріз, электр желілері тартылуы тиіс.
Бұдан кейін Б.Момышұлы ауылындағы халыққа қызмет көрсету және аудандық жұмыспен қамту орталығында болған аймақ басшысы қос мекеменің жұмыс барысын көрді. Қызмет алып отырған тұрғындарды сөзге тартып, пікірін тыңдады. Мәселелеріне құлақ түрді.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы №1 мектеп-гимназияда өткен кездесуге жұрт көп жиналды. Ақсақалдар мәдени-көпшілік орындардың коммуникация мәселесін көтерсе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселелері жайлы да талқыланды. Ал аудандағы денсаулық сақтау саласының ардагері, осы қызметке 47 жыл ғұмырын арнаған Сейітхан Жұмашев аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы ретінде «Қаралма» тау шаңғысы кешені маңындағы Амангелді ауылына медпункт салу керектігін қозғады. Егер «Қаралмада» жарақат алып, денсаулығы сыр берсе дәл түбіндегі Амангелді ауылына науқасты жеткізуге болатынын, бірақ ол ауылдағы медпункт бұрынғы дүкеннің ғимаратында отырғанын жеткізген ардагер дәрігерге Асқар Исабекұлы нақты жауап берді.
– «Қаралма» тау шаңғысы кешенін халыққа жыл он екі ай қызмет көрсететін үлкен туристік орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Ол жаққа не керек екені түпкілікті зерделенген. Кешенге халық көп келетіні ескеріліп, медициналық пункт мәселесі де жоспарланған. Жалпы, былтыр облыс көлемінде 40 медициналық мекеме ғимаратын салдық. Биыл тағы 39 елді мекенге медпункт салуды ойластырып отырғанбыз. Бірақ кеңесе келе, көпке созбай-ақ 39-дан бөлек қалып отырған тағы 25 медпунктті де, яғни барлық 65 медициналық нысанды биыл салып бітіруді көздеп отырмыз, – деді А.Мырзахметов.
Сондай-ақ осы сапар барысында аймақ басшысы аудандық орталық ауруханаға тиесілі жер учаскесінде, Б.Момышұлы ауылындағы бос тұрған ғимаратта және Ақсай ауылдық округі Диқан ауылындағы орта мектепте болды. Аудан орталығындағы «Нұр-Ай Плаза» бизнес орталығында облыс басшысы жергілікті кәсіпкерлердің проблемаларын тыңдады. Кәсіпкерлермен кеңес түрінде өткен кездесуде «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев жоғары сұрыпты картоп тұқымын табудың қиындап кеткенін жеткізсе, «Жаңаталап» шаруа қожалығының басшысы Жарылқас Тәжіхан Күркіреусу өзенінен он бір жылдан бері тамшы су ала алмай отырғанын жеткізді. Түсінгеніміз, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесінде әдемі суреттелген өзен суын көрші қырғыз шаруалары бөгеп отырған көрінеді. Атқарушы билігі бұлақтың басын ашып қойғанымен, канал бойындағы шаруалар өз өкіметін тыңдамай, суды қолдан қысып отырғанына қынжылыс білдірді. Шаруаның мұңына құлақ асқан аймақ басшысы барлық сұрақтарға нақты жауап қайырды.
Жалпы, бұл кездесуде ауыл әкімдерінің жұмысына көп сын айтылды. Облыс әкімі орынбасарларының, аудан, қала және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс тиімділігін арттыру үшін жуырда арнайы қаулымен қабылданған жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмдері жөнінде нақтылап түсіндіріп өткен аймақ басшысы осы алгоритм әкімдерге жұмысты қалай істеу керек екенін соқырға таяқ ұстатқандай айшықтап бергенін жеткізді.
Жұмыс сапарының соңында А.Мырзахметов «Қаралма» тау шаңғысы сауықтыру базасында болып, мердігер компания басшыларынан құрылыс барысын сұрады. Қазір мұнда басты мердігер ретінде «Құрылыс ТЭД» және «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кешен нысандарының құрылысын жүргізуде. Олар бұйыртса биылғы тамыз айында нысанды пайдалануға береміз деп отыр.
Асқар Исабекұлының Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары «Шақпақ Дор Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Битум» зауытында аяқталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жай-күйі сараланып, пысықталған сапар қорытындысында аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктелді.

Жасұлан Сейілхан 

Жуалы ауданы

ПІКІР