Жамбыл жаңалықтары

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – ЖЕТІСТІК ЖЕЛКЕНІ

Жыл басынан бері облыс өмірінің қай саласында болмасын жұмыстың жүйелене түскені жасырын емес. Құрылыс қарқын алып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер түзелді. Облыстық әкімдікте өтетін жиындардың форматы өзгерді. Басқосуларда басқарма басшылары мен мекеме жетекшілері жүргізіп отырған жұмыстарын құр баяндамай, саладағы кемшіліктерді көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсына бастады. Аудандардың тұрмыс-тіршілігімен танысу барысында да өңір басшысы ондағы көкейкесті мәселелерді нақты көрсетуге шақырды.

Жаңа әкім жұмысының нәтижесі қай кезде де жамбылдықтардың көз алдында. Ә дегеннен жаңашылдығын және табандылығын танытқан басшының бағалы бастамалары өңірдегі ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті өркендетуге кең жол ашып, көне шаһардың өзіндік сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталып отыр.

Экономика, бюджет
Жалпы, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласындағы өсім 16,5 пайызды құраса, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 4,2 пайызға тең. Ал, құрылыс саласындағы өсім 31 пайызға, бөлшек сауда 3,3 пайызға, байланыс саласында көрсетілген қызмет көлемі 4,6 пайызға артқан. Сондай-ақ, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,4 пайызға көтерілді. Өз кезегінде, өсім жолаушылар және жүк тасымалы саласында да байқалуда. Жыл басынан бері облыста 83 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ілгерілетуде ең әуелі бюджеттік процесті бір жүйеге келтіруге баса назар аударылды. Бұл орайда, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттырудың арнайы іс-шаралар жоспары (регламент) бекітілді. Өңірдің әлеуметтік саладағы негізгі мәселелерін шешу мақсатында орталық органдарға жалпы құны 50,2 миллиард теңгені құрайтын 36 жергілікті басымды бюджеттік инвестициялық жоба бойынша биылға 21,1 миллиард теңгеге бюджеттік өтінімдер жолданды. Сол арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үшінші бағытына сай 2 300 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға және жас­тар практикасына тартылмақ. Сонымен бірге, Меркі ауданында мүгедек балаларды оңалту орталығы ашылып, Қордай, Т.Рысқұлов және Талас аудандарындағы 16 медициналық мекеме газдандырылады. Қазына қаржысының негізгі бөлігі жергілікті жолдарды орташа және күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады.
Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар бойынша анықталған қажеттілікті бос тұрған ғимараттарды сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы шешу мәселесі қарастырылуда. Мүдделі органдармен бірлесе жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту қолға алынды. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдер көлемін өткен жылмен салыстырғанда кем дегенде 2 миллиард теңгеге өсіру жоспарлануда.

Облыс аумағында пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылармен кездесулер өткізіліп, оларға өз қызметін облыс аумағында заңдастыру талаптары қойылды. Сол арқылы жергілікті бюджетке қосымша 500 миллион теңге шамасында міндетті салықтық түсімдер түсетін болады.

Бұдан бөлек, облыс аумағында мемлекеттік меншіктегі 31, жекеменшіктегі 55 ғимараттың пайдаланылмай тұрғандығы анықталып, оларды өндірістік қажеттілікке жарату бойынша жоспар әзірлену үстінде.

Өнеркәсіп

Өңірдегі кәсіпорындардың дамуына тың серпін жасау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп талдау жүргізілді, арнайы карта әзірленді. Бұл жұмыстардың барысында 723 кәсіпорынның жұмысы зерделеніп, сауықтыруға жататын 32 кәсіпорын аймақтық картаға енгізілді. Сәйкесінше ол кәсіпорындарға мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында қаржылай және қаржылай емес қолдаулар көрсету шаралары дайындалды. Өндірістік нысандарды мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудандарда индустриалды аймақтарды құру мәселесі зерделенуде.
Шағын кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі 4,6 миллиард теңгеге жеткізілді.

Жергілікті билік тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау білдіру шараларына жете көңіл бөлінуде. Аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының ережесі бекітіліп, оған қоса штат саны ұлғаятын болды. Сол сияқты, инвесторларды қолдау орталығының да штаттық кестесі қайта қаралып, оның жұмысын жүйелеуге бюджеттен 4,6 миллион теңге бөлінді.

Энергетика

Аймақтарды дамыту бағытындағы жұмыстардың негізгі үлесі энергетика саласына түсетіндігі белгілі. Әулиеата өңірінде есепті кезеңде бұл сала бойынша 24 жоба қолға алынып, оның 11-інде нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Тараз қаласында 3 қосалқы электр стансасының құрылысы жүргізіледі. Сол арқылы облыс орталығына жаңадан қосылған тұрғын алаптар электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етілмек. Ал жылумен қамту ісінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылады.
Биыл Талас пен Сарысу аудандарында 9 елді мекен газдандырылмақ. Одан бөлек, маусым айында Т.Рысқұлов ауданындағы «Арай» тұрғын алабына газ жеткізу жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, облыстағы газдандырылған елді мекендердің үлесі 49 пайызға жеткізілмек. Жалпы, өңірде газдандырудың кешенді бағдарламасы дайындалу үстінде. Аталмыш бағдарлама аясында 2018-2025 жылдары облыстағы 173 елді мекен тұрғындары «көгілдір отынды» пайдаланатын болады.

Көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Биылдан бастап облыстық бюджет есебінен 20 үйді күрделі жөндеуге 945 миллион теңге қарастыру жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы

Өңір басшысы ауыл шаруашылығына ерекше назар аударып отыр. Ағымдағы жылдың I тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 21,5 миллиард теңгені құрады.
Әсіресе, егістік алқаптарын ұлғайтып, жер игеру тиімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Осылайша, биыл 650 мың гектарға дақыл егу жоспарланып, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19,7 мың гектарға ұлғайтылмақ.

Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қажетті ауылшаруашылық техникаларының сапалы дайындығы және жанар-жағар майдың уақытылы ұйымдастырылуы арқасында бүгінгі күні 115 510 гектардан астам жер жыртылып үлгерді. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда, биыл көктемгі егіс жұмыстарының 2 есеге дейін тездетілгенін байқатады.
Сондай-ақ, егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 800 миллион теңге қарастырылды. Шаруалардың тыңайтқышқа деген сұранысы өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге ұлғайды.

Қант корпорациясы тарапынан шалғай орналасқан аудандар үшін тәтті түбірге төленетін баға өсірілді.
Қазір облыста 11 тұқым шаруашылығы жұмыс атқаруда. Дегенмен, зерделеу барысы аймақты ішкі тұқыммен қамтамасыз ету үшін қосымша 8 тұқым шаруашылығын ашу қажеттігін анықтап отыр. Одан бөлек, өнім өндіруші шаруашылықтарға деген талап күшейтілді.

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын жолға қою мақсатында 2017 жылы облыста 37 ауыл шаруашылығы кооперативін ашу жоспарланса, бүгінгі күні 48 кооператив құрылды. Алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған кооперативтердің жұмысын ұтымды ұйымдастыру және жүктемелігін қамтамасыз ету үшін (өндіріс көлемін ұлғайту) олардың әрқайсысы бойынша нақты іс-шаралар жоспары дайындалды.

Жалпы, облыстың агроөнеркәсіп кешенін үдемелі даму сатысына көтеруге қатысты 7 бағытта салалық карталар әзірленді. Бұл карталарда 2018 жылдан 2021 жылға дейін нақты қол жеткізілетін көрсеткіштер және ол деңгейге жетудің нақты іс-шаралары қамтылды.

Ветеринария

Ветеринариялық пункттерді қызметтік үй-жаймен қамту мәселесін шешу мақсатында 21 ветеринариялық лазареттің (пункттің) құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салу қолға алынып, тиісті құжаттары ресімделуде. Сонымен қатар, бөлінген 159,3 миллион теңгеге 31 ғимарат сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Табиғатты қорғау

Жергілікті билік өз жұмысында жанға дауа, дертке шипа саналатын Жамбылдың тұмса табиғатын қорғау шараларына да басымдық бермек. Бұл орайда табиғатты қорғау саласында бірқатар жобалардың іске асырылатынын атап өткен жөн. Мәселен, Тараз қаласының сарқын суларын тазартатын кешен құрылысын салу үшін техникалық экономикалық негіздемеге 35 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек, өңірдегі экологиялық жағдайды бақылау үшін жылжымалы зертхана сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сай Байзақ ауданындағы 19 су қоймасы мен су бөгеті, Меркі ауданындағы 3 су қоймасы «Жамбыл Су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне алынды. Қазіргі таңда Талас ауданындағы 10 су қоймасы мен бөгетін аталған мекеменің теңгеріміне алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін су тасқынының алдын алуға каналдарды тазарту жұмыстарының өз уақытында жүргізілмеуі кері әсерін тигізіп келген-ді. Ендігі кезекте бұл мәселенің шешімін табуға механикалық отряд жұмылдырылады. «Талас-Аса» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында құрылып жатқан отрядтың материалдық-техникалық базасына облыстық бюджеттен 693,6 миллион теңге бөлінді. Механикалық отряд көмегімен облыстың коммуналдық меншігіндегі су шаруашылығы жүйелері, қоймалар мен су бөгеттеріне жедел, тиімді жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Табиғатты қорғау саласында орман өрттерінің алдын алудың маңызы зор. Сондықтан да, орманмен көмкерілген аумақты өрт шарпымауы қатаң бақылауға алынады. Ағымдағы жылы өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінің техникаларын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 186 миллион теңге қарастырылған.

Жылдар бойы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып келген «Қазфосфаттың» фосфогипсін кәдеге жарату бойынша да мекеме басшылығымен келісім жасалып, нақты шаралар қолға алынады.

Жер қатынастары

Жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша арнайы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, қолданыстан шығып кеткен 200 мың гектарға жуық егістік жерлерді қайта айналымға қосу бағытында облыс бойынша 1991-2016 жылдар аралығында 186 мың егістік жер ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстырылғандығы анықталды. Қазіргі таңда сол алқаптардың жарамды жерлерін ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша қайта егістікке ауыстыру үшін жоғарыда айтылған картаға түсірілді. Облыс бойынша, бірінші кезекте, 32 мың гектар жайылым жерді қайта егістікке ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, босалқы жер санатындағы 1,5 миллион гектардан астам жайылым жердің 753,4 мың гектары жайылымға жарамсыздығы анықталатын болды. Жер қатынастары саласында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бөлуге шектеу қойылды. Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін облыс аумағында толық қолданысқа енгізу жұмыстары қолға алынды.

Құрылыс, көлік саласы

Ағымдағы жылы құрылыс саласына 25,1 миллиард теңге бөлініп, оған 91 нысанның құрылысын жүргізу, 24 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және 118 ауылдық елді мекеннің жерасты су қорларын анықтау жоспарланған. Алайда бұрын жасалған, бекітілген 133 ЖСҚ құндары қайта қаралып, орта есеппен 18 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемделгелі отыр.

Облыстағы құрылыс саласының негізгі қарқыны автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуден көрінеді. Биылғы жылы өңірде 400 шақырым жолды орта жөндеу жоспарланған. Тарихи-мәдени орталықтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қолға алынуда. Ағымдағы жылы Жамбыл ауданындағы «Әулиебастау» туристік нысанына алып баратын жол орташа жөндеуден өтіп, Жуалы ауданындағы «Қаралма» таулы-сауықтыру кешені, «Баласағұн», «Шәушен» сынды туристік нысандарға жол салу жайы қарастырылып жатыр. Сәйкесінше, 3 жыл ішінде қалалық қоғамдық жолаушылар тасымалдау көліктері толығымен жаңартылмақ. Сонымен қатар, тұрақты қалалық автобус бағыттарында жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті мен сапасын арттыру мақсатында 50 автобусқа автоинформатор орнатылған.

Және де қалалық бағыттардағы автобустарды келешекте газға көшіру жоспарлануда. Қаладағы қоғамдық көлікпен көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында арнайы рейдтер ұйымдастырылып, талапқа сай емес 22 көлік тоқтатылды. Жұмыстар жалғасуда.

Архитектура

Облыс орталығының өзіндік сәулеттік келбетін қалыптастыруға айрықша ден қоятынын мәлім еткен аймақ басшысы Асқар Исабекұлы бұл бағыттағы жұмысты қала құрылысы кеңесін құрудан бастады. Кестеге сай 9 рет (апта сайын) бас қосқан кеңес мүшелері Тараз қаласындағы 41 мәдени-демалыс нысанының жобасын қарап шығып, оларды жаңғырту, жаңадан салу бойынша жұмыстың ауқымын межеледі. Кеңес шешімімен бүгінде Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен Желтоқсан, «Атшабар» гүлзарларын қайта жаңғыртудың жобалары әзірленді.

Саябақтарды қайта жаңғыртудан бөлек, Тараз қаласында «Салтанат сарайы», «Неке сарайы», «Өлкетану» мұражайы, Көркемсурет галереясы, Қолөнер шеберханасы, «Шахристан» этнотарихи кешенінің, Талас өзенінің бойында демалыс орнының құрылысы жоспарлануда.

Облыс орталығы көшелеріндегі ала-құла жарнамалардан арылып, олардың көркемдік деңгейін бақылауда ұстау мақсатында арнайы «Архитектуралық бюро» мекемесі ашылды.

Әлеуметтік сала

Облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын және әл-ауқатын арттыру – өзекті мәселе. Өйткені Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында аталмыш жайттарды дамыған елдер қатарына қосылу үшін шешілуі қажет маңызды міндеттер деп атап, алдыңғы қатарға қойып келеді. Асқар Исабекұлы да бұл саладағы түйткілдерді шешуге баса назар аударып отыр. Бұл мақсатта өңір басшысы жұмыспен қамту, әлеуметтік қызмет қөрсету мен көмектің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелеу бойынша нақты тапсырмалар берген еді. Нәтижесінде, сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру мақсатында облыста бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, облыс тұрғындарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2018 жылға арналған кешенді жоспары бекітілді. Аудандар мен Тараз қаласының қол жеткізуі тиіс ай сайынғы нақты көрсеткіштері межеленді. Жүйелі жұмыс өз нәтижесін беріп, үстіміздегі жылдың І тоқсанында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 6 565 адам қамтылды.

Жұмыссыздықпен күрес, нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да жоспарлы жұмыс бар. Оның аясында биылғы жылы техникалық және халыққа қызмет көрсету салаларына қатысты 47 мамандық бойынша 4 100 адам қысқа мерзімдік оқытудан өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл бағытта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» да өз шарапатын тигізуде. Әсіресе бағдарламаның 2-бағыты аясында ауыл тұрғындарына несие беруге барлығы 2,6 миллиард теңге және қалада шағын несие беруге республикалық бюджеттен 235,5 миллион теңге қаралатын болады.

Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында ағымдағы жылдың 1 қаң­тарынан бастап жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгені белгілі. Аталған әлеуметтік көмек көрсетуге облыста барлығы 3,5 миллиард теңге қаралған. Осы орайда қаражаттың шашауын шығармай, тиынына дейін тиісті мақсатта жұмсауды қадағалаудың мониторинг жүйесін енгізді.

А.Мырзахметовтің бастамасымен оңалту орталықтарының желісін дамыту және көрсетілетін оңалту шараларының сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынды. Оның аясында Сарысу, Байзақ, Жуалы мен Меркі аудандарында психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедек балаларға шағын үйлер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 120 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланып, оған тиісті қаржы бөлінді.

Еңбек қатынастары

Еңбек қатынастарындағы даулы мәселелер көп күттірмей шешілуі тиіс. Бұл – облыс әкімінің аталмыш бағыттағы ұстанып отырған негізгі принципі. Сол себепті өңір басшысының хаттамалық тапсырмасымен еңбек ұжымдарында еңбек дауларының алдын алу мақсатында «Ыстық нүкте» картасы әзірленді. Аталмыш картаға жұмысшыларына жалақы төлей алмай, қарыз болған және осы іспетті жағдай орын алу қаупі бар 7 кәсіпорын енгізілді. Нәтижесінде, «Talas Investment Company», «Мекен-жай Тараз», «Жамбылгипс», «ТаразТрансЭнерго» кәсіпорындарымен жұмыстар жүргізіліп, жалпы көлемі 21,5 миллион теңге жалақы қарыздары толық көлемде өтелді. Сондай-ақ, тізімдегі өзге компаниялардың жалақы қарыздары анықталып, міндетті нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылды.

Сол секілді облыс әкімі аймақта міндетті зейнетақысы жоқ жалдамалы жұмысшылардың жалпы санын анықтап, олардың еңбек қатынастарын заңдастыруды тапсырған еді. Тапсырмаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар үй-үйді аралау арқылы аталған санатта 63 828 азаматтың барын анықтап, олардың еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша жұмыстар жүргізді.

Білім беру

Қол жеткізген жетістікке тоқмейілсімей, жамбылдық жастардың білім деңгейін жаңа сатыға көтеруге көңіл аударылып отыр. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «2018-2020 жылдарға арналған цифрлық экономика үшін адами капиталды дамыту жөніндегі Жол картасына» сәйкес келер оқу жылының басында 7-11 сынып оқушыларына арналған облыстық мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланды. Лицейде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, логика, робототехника, ақпараттық технологиялар, дизайн және бағдарламалауды тереңдетіп оқыту мүмкіндіктері қарастырылуда. Мектептердің 30 пайызын робототехника кабинеттерімен жабдықтау мақсатында 353,4 миллион теңге қарастырылды.
Білім саласындағы бірқатар мемлекеттік қызмет түрлері автоматтық жүйеге өткізілмек.

Өңірлік деңгейде кәсіптік-техникалық білім берудегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жөнінде арнайы ереже әзірленіп, бекітілді. Ережеде аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің міндеттері, мемлекеттік тапсырыс иегерінің (грант иегері), кәсіпорын және орта арнаулы оқу орнының міндеттері айқындалды.

Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, аудандар мен Тараз қаласы әкімдері жеке қолдарымен ресімделген мәліметтері негізінде колледждерде мемлекеттік тапсырыстың орналастырылуы жүзеге асырылатын болады. Колледждердің мемлекеттік және ақылы түрде білім алушылар үлесіне, түлектердің соңғы 3 жыл көлемінде тұрақты жұмыспен қамтылуына, оқытушылардың сапалық құрамына және меншік нысанына қарамастан, колледждердің жобалық қуаттылығы мен материалдық-техникалық базасына талдау жасалып, олардың рейтингісі қалыптасуда.

Облыс көлемінде ауылшаруашылық және техникалық бағыттарда заманауи материалдық базамен қамтылған базалық екі колледж құру мақсатында Құлан ауыл шаруашылығы мен Жамбыл политехникалық жоғары колледждерін жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.

Денсаулық сақтау

Бұл салада бірінші кезекте назар аударатын мәселе – ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық қызмет. Осыған орай талдау жүргізіліп, нәтижесінде 82 елді мекенде бұл мәселенің өзектілігі анықталды. Ал бекітілген бюджетте небәрі 9 нысан жоспарланған. Мәселені тездетіп шешу үшін биыл қосымша 30 нысанның құрылысын шешу жолдары белгіленді.

Тілдерді дамыту

Қордай ауданы тұрғындарының Қасық ауылын Әлжан ананың есімімен қайта атау туралы ұсыныстары облыстық ономастикалық комиссияда оң шешімін тапты.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөнінде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Латын графикасына негізделген қазақ жазуын насихаттауға және жаңа әліпбиді түсіндіруге бағытталған 3 әлеуметтік жоба жарияланды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті ашылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандар мен Тараз қаласы әкімдері арасында тіл саясаты мен ономастика саласын дамыту бойынша келісімдер жасалып, нақты жұмыстар жүргізілуде.

Мәдениет

Өңірде халықтың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында бірқатар айтулы шаралар іске асырылуда. Асқар Исабекұлы бірінші кезекте тарихи ескерткіштерімізді жаңғырта отырып, мәдениетіміз бен тарихымыз тереңнен тамыр тартатындығын таныту бағытындағы жұмыстарды қолға алуға басымдық беріп отыр.

Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны – ортағасырлық Тараз қаласының айналасында көптеген қалалар мен қорғандар, қамалдар мен керуен сарайлары бар. Соларды саралай келе, бұрын көп зерттелмегендерін жаңғырту қолға алынды. Атап айтқанда, Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы ортағасырлық Бектөбе қалажұртында кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу көзделуде. Ескерткіштің болашақта туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіншілігі зор. Ол «Көне Тараз» археологиялық паркі, Қарахан, Айша бибі нысандарымен бірігіп, біртұтас туристік бағытты құрайтын болады. Ал, Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыстан енген 8 та­рихи-мәдени ескерткіштер айналасында нақты жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ, Қазақстанның жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына облысымыздан 27 ескерткіш ұсынылды.

Өңір тарихын ұлықтауға «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы сеп болмақ. Жоба аясында бағдарламаның мақсатына сәйкес «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталады. Жинақталған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» және кітап-альбомы дайындалады. Дайын болған карталар мен кітап-альбомдар баспадан шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы және галограммасы енгізіледі.
Қазіргі таңда Әулиеата өңірінің сериялы көптомдық әдеби энциклопедиясын шығару жоспарланып отыр. Аталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында ақылдастар алқасы мен арнайы топ жұмыс жүргізуде. Жоба аясында кітапқа керекті тың деректер алу үшін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылды. Сонымен қатар, Өзбекстан мен Қырғызстанның дерек көздерінен тарихи құжаттар жинақтау бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Көптомдық энциклопедияның алғашқы 5 томы биыл жарық көреді. Қалғаны 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады. Және де «Тараздан шыққан Таразилер» кітабын шығару қолға алынып отыр.

Келешекте ауылдық кітапханалар, клубтар коворкинг-орталықтарға айналмақ. Ауылдық кітапханалар жанынан ақпараттық орталықтар ашу мүмкіндігі қарастырылды. Қазіргі уақытта 29 кітапхана мобильді стандартқа көшуге дайын.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, Жамбыл облысы әкімі және «Қазақстан темір жолы» ҰК арасында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық іс-шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразия мәдени көпірі» атты Қазақстан-Италия көрмесі, Астананың 20 жылдығы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы және Ықылас Дүкенұлының 175 жылдығы өткізілмек.
Алдағы жылдары «Ежелгі Тараз» ашық аспан асты мұражайы кешенінің «Шахристан» бөлігінде ортағасырлық үлгідегі бірнеше мәдени нысан соғылатын болады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі басқа ғимаратқа көшіріледі. Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы «Жамбыл атындағы музей» болып ашылып, «Руханият» орталығына жаңа заманауи үлгідегі ғимарат соғу мәселесі қолға алынды. Жоғарыда айтылған жұмыстардың басым көпшілігі басталып кетті. Атқарылған және үстіміздегі жылы жүзеге асатын нақты істердің бәрі Елбасының Жолдауында айтылған қағидаларды жүзеге асыру, рухани байлығымызды асқақтатып, мәдениетімізді көтеріп, тарихымызды тануға, сананы жаңғыртуға жол ашатыны сөзсіз.

Туризм

Жуырда туристік саланы нығайту, оның дамуына қолайлы жағдайлар жасау, туризм саласындағы басым бағыттарды анықтау және оны дамыту, сондай-ақ туристік салада жаңа кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға жағдай жасау және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында жеке құрылым – облыстық туризм басқармасы құрылды.
Арнайы туристік аймақ құру мақсатында Жуалы ауданының Көксай шатқалында тау-шаңғы туристік базасын салу бойынша инвестициялық жоба әзірленіп, бүгінгі күнде оны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Жобаның негізгі мақсаты – сапалы жаңа инфрақұрылымы және ке­летін туристердің барлық талаптарын қанағат­тандыра алатын қызмет көрсету сервисі бар, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс базасын құру. Жобаға қажетті 150 гектар жер телімі бөлінді. Болашақ курорттың құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 28,5 миллион теңге қаржы бөлінді.

Спорт

Халықтың денсаулық сапасын жақсартуда бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Бұл ретте, облыста жүйелі жұмыстар атқарылып, бүгінде бұқаралық спортпен тұрақты айналысатындар саны 320 мыңнан астам адамға жетті. Бұдан бөлек, алдағы екі жыл ішінде бірқатар спорт нысандарының құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте сұранысқа ие спорт нысандарының қажеттілігі анықталды және салынатын спорт нысандарының құны ықшамдалып, тиімділігі қаралды.
Тараз қаласында жеңілатлетикалық манеж, гимнастикаға арналған спорт кешені, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланды. Облыс бойынша 37 спорттық алаңша салынбақ. Бұдан бөлек, демеушілер күшімен Тараз қаласында 13 спорттық алаңшаның құрылысы қосымша жүргізілетін болады.

Ішкі саясат

Облыста ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын, «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін түсіндіру бойынша тиісті шаралар өткізілуде.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша 78 кіші жоба жүзеге асуда. «Қазақстанның сакралды географиясы» тізіміне 8 тарихи орын енгізілді. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша облыс азаматтары туған жерлеріне демеушілік көмек негізінде елге қажетті нысандар салып беруде. Жалпы, жыл соңына дейін акция аясында меценаттар тарапынан құны 3,1 миллиард теңгеге 40-қа жуық әлеуметтік нысан ірге қалап, ел игілігіне берілуі жоспарлануда.

«Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша оқу орындарында «Рухани жаңғыру» кабинеттері ашылуда. Ағымдағы жылы 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы басылып шығарылатын болады.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облыстағы 8 жеңімпазын халыққа барынша насихаттау, қоғамдық жұмыстарға, іс-шараларға кеңінен тартып, олармен шеберлік-сыныптар өткізілуде. Жергілікті басылымдарда «Менің жолым», «100 жаңа есім» айдарларымен мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде роликтер көрсетілуде.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша жоғары оқу орындарында латын әліпбиін оқытатын арнайы кафедралар ашылып, «Латын әліпбиінің негіздері» арнайы оқыту курстары енгізілді. Латын әліпбиін үйрету мақсатында жергілікті телеарналарда «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» телебағдарламасын ашу жоспарлануда. Облыста мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, аймақтың дамуы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында оң имидж қалыптастыруда, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауға және шиеленіс тудыруы мүмкін өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешу жұмыстары маңызды болып отыр. Осы ретте ішкі саясат саласы бойынша тиісті міндеттер айқындалды.

Сонымен бірге, әлеуметтік шиеленісті болдырмау, тұрғындардың наразылық тудыруы мүмкін өзекті мәселелерін анықтау бақылауға алынып отыр.
Ағымдағы жылдың І тоқсанында қоғамдағы саяси ахуал бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, қоғамдық саяси ахуал тұрақтылығы 91,3 пайыз, мемлекеттік және жергілікті билікті қолдау деңгейі 96 пайызды құрайтыны анықталды. Осы мақсатта аудандар мен Тараз қаласы бойынша облыс тұрғындарына алаңдаушылық туғызатын түйткілді мәселелердің дерекқоры жасалынып, «Ыстық нүктелер» картасы құрылды. Аталған карта аясында мәселелерді шешу жолдарын айқындау үшін облыстық іс-шаралар жоспары дайындалды.

Өңірдегі өзекті мәселелерге және тұрмыстық проблемаларға жедел әрекет ету мақсатында арнайы «Қоғамдық бақылау» сайтын ашу жоспарлануда. Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен жүзеге асырылып, аталған интернет ресурс арқылы тұрғындар облыс әкімдігінің басқармаларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне және облыстық мәслихаттың депутаттарына сауалдарын жолдап, кері байланыс орнату тетігін қалыптастыру көзделуде.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған орталық ашу бойынша жұмыс аясында «Азаматтық орталықтың» қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобаға облыстық мәслихаттық бюджеттен 10 миллион теңге қарастырылды.
Атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде тұрғындарға жеткізіп отыру үшін арнайы «Баспасөз орталығы» ашылды, онда тұрақты брифингтер өткізілуде.

Жастар саясаты

Жастардың жай-күйі де жергілікті биліктің жіті назарында. Облыс әкімінің тапсырмасына сай салалық басқармалар мен мемлекеттік, коммерциялық мекемелер арасында өңір жастарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие беру бойынша келіссөздер жүргізілді. Осы келісім аясында ағымдағы жылы 12 003 жасты жұмыспен қамту межеленіп отыр. Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудан әкімдері өз жұмыстарында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметін жүйелеуге басымдық береді. Бұл орайда 839 жасты еңбек жасақтарының сапына жұмысқа тарту жоспарда бар.

Жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмыстардың да тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама аясында биыл облыс жастарының 53,5 пайызын бұқаралық спортқа тарту жоспарланған.
Жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын несиелендіру бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалымен келіссөздер жүргізілді.

Тараз қаласы

Жыл басында облысымызға әкім болып келген Асқар Мырзахметов, әсіресе, облыс айнасы — Тараз қаласының кескін-келбетіне баса назар аударды. Әрине, әуелгі жұмыстар қала құрылысы кеңестерін жүргізуден басталды. Аталған кеңес жұмысының нәтижесінде қалада нақты жұмыстар қолға алынып, бүгінде бірқатар құрылыстар қарқын алды. Асқар Исабекұлы игі істі Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғыртудан бастады. Айта кетерлігі, ондағы жаңғырту жұмыстары бір жақты көзқараспен жоспарланып, жасалынып жатқан жоқ. Жұмысты бастамастан бұрын шаһар тұрғындарының да пікірлері назарға алынып, ұтымды ұсыныстары ескерілді. Жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген осынау ілкімді істің арқасында қазір саябақ жаңаша кейіпке енуде. Ондағы басты ерекшелік — Ұлы Отан соғысына қатысты Тараз қаласының әр аумағында орналасқан ескерткіштердің барлығы батыр бабамыздың атындағы саябаққа орналастырылмақ. Мәселен, алдағы уақытта облыстық драма театрдың алдындағы Б.Момышұлының еңселі ескерткіші осында көшіріледі. Сондай-ақ қаланың орталығында орналасқан Ауғанстан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш те осы саябаққа әкелінбек. Бастысы, Былғары комбинат аумағындағы «Мәңгілік алау» осында орналасатын болады. Бұдан өзге, Б.Момышұлы және соғыс ардагерлеріне арналған мұражайдың («Даңқ» мемориалы) жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Яғни ол да осы саябақтың ішіне көрік бере отырып, саябақтың мазмұнын арттыра түсетіні анық. Аталған саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылады. Бүгінде олардың есімдерін анықтау, зерделеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде, бастапқыда айтылғандай 68 мың жауынгер емес, 100 мыңға жуық жауынгердің есімі анықталып отыр. Бұл – жұрт болып жұмылып жасай білген жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар, саябақ маңында орналасқан «Үшбұлақ» каналының жағасы абаттандырылып, тұрғындардың демалуына жағалау жасалынады. Тағы бір айта кететін жайт, саябақтың басты кіреберісі орналасқан І.Жансүгіров көшесіне тағы бір жолақ қосылып, көше кеңейтілді. Осы аталған көшемен Қ.Тұрысов көшесінің қиылысына қосымша бұрылыс бөлігі салынуда. Жамбылдықтар алдағы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесін осы саябақта атап өтпек. Сонымен қатар, саябақтың қарсы бетінде орналасқан «Еуразия» кинотеатры мемлекетке қайтарылып, онда жастар орталығы орналастырылмақ. Мұның өзі аталған саябақтың сәнін кіргізе түсетіні анық.

Қаладағы «Мамыр», ҚР Тұңғыш Президенті атындағы және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарға да жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Соңғы аталған саябақтағы Халық Қаһарманының ескерткіші ауыстырылып, орнына оның рухты бейнесі сомдалған жаңа ескерткіші қойылмақ және Желтоқсан оқиғасына арналған орталық ашылмақ. Әрине, ондағы жұмыстың барлы­ғы – қала тұрғындарының пікірімен санасып, іске асып жатқан шаруалар. Өйткені қашанда келісіп пішкен тонның келте болмайтыны белгілі. Сондықтан осы бағыттағы облыс әкімінің ұстанған бағыты көптің көңілінен шығуда. Бұдан өзге, мөлтек аудандардың ортасында орналасқан «Зербұлақ» көлінің де айдыны тазартылып, жағасы абаттандырылып, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалынып жатыр.
Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» скверін және Темір жол вокзалы алдындағы аллеяны қайта жаңғырту жұмыстары да күн тәртібінің кезек күттірмейтін мәселелерінің біріне айналып, жұмыс жанданып келеді.

Аймақта жаңа қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 бастама айқындалып отыр. Атап айтқанда, облыс орталығындағы 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнатылатын болады. Олар – Балуан Шолақ-Жібек Жолы, Жібек жолы-Самарқанд, Төле би-әл-Фараби, Абай-Ташкент, Төле би-Аққозиев көшелерінің қиылысы. «Аса» ықшамауданындағы 5 ауланы «ақылды жарықтандырумен» қамту, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру, жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру және жаңғырту сынды ілкімді істер іске аспақ. Сондай-ақ, «Қауіпсіз Тараз» жобасы аясында қалаға тағы қосымша 178 бейнебақылау камералары орнатылуда.

Тұрғын үй мәселесі де өз жалғасын тауып, жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта әрқайсысы 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілмек.
«Арай» тұрғын алабындағы 80 пәтерлі 1 тұрғын үй және «Бәйтерек» ықшамауданында 100 және 60 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылы бітеді. Және Сүлейменов көшесінің соңындағы алапта 205 жер телімінде жеке құрылысшылар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылысы жүргізілетін болады. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімінің қадағалауында.

Өңір басшысының облыс орталығына қатысты жоспарлары көптің көңілінен шығып отыр. Мәселен, бұрынғы «Шахристан» базарының орнынан этнотарихи кешен салу жоспарланып отыр. Ол жоспар бойынша аталған кешенде екі әкімшілік ғимарат бой көтермек. Оның бірі «Неке сарайы» болса, екіншісі 1500 келушіге арналған «Салтанат сарайы» болады. Талай дүлдүлдерді түлеткен біздің өңір үшін спортты қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді. Таяу арада «Жеңіл атлетика» манежінің құрылысы жоспарлануда. Айта кетерлігі, бұл жоспарлар бойынша бүгінгі күні инвестициялық ұсыныстар назарға алынып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Ашығын айту керек, Асқар Мырзахметов облысқа әкім болып келген бір тоқсан ішінде бірқатар ілкімді істер атқарылып, шаһар түрлене бастады. Бұл – тұрғындардың берген бағасы.
Қаладағы бағдаршамдар мен жол бойындағы аялдамалар бір типке келтіріліп, тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге негізгі көшелерде заманауи көше белгілерін орнату жұмыстары қолға алынды.

Қала көркіне әсемдік беру үшін гүлденіп тұратын ағаштар мен гүлзарлар отырғызу және субұрқақтарды жетілдіру жұмыстары басталды. Жаяу жүргіншілер жолы мен ықшам­аудандарда әмбебап спорт алаңшаларын соғу жұмыстары да жүргізілуде. Енді қаладағы көпірлер мен аялдамаларды қазіргі заман талабына сай етіп жасау жұмыстары жоспарланып отыр.
Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – қо­ғам­дық жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасы мен тиімділігі де зерделеніп, оны жақсарту бағытында да тиісті шаралар қабылдануда.
Бір сөзбен айтқанда, жүйелі жұмыс қашанда жемісті нәтиже береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР