Жүйелі жұмыс жетістікке жетелейді

0 4

Барлық өркениетті мемлекет өзiнiң болашағын білімді де білікті өскелең ұрпағымен байланыстырады. Сол себепті де еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған кезеңнен бастап мемлекетімізді баянды болашаққа, кемел келешекке бастайтын жастарымызға үнемі қамқорлық танытып келеді.

Нәтижесінде бүгінгі таңда аймақта жастарға қатысты түйіні тарқатылуға тиіс мәселелер оң шешімін тауып, ел мүддесін асқақ ұстайтын дарыны мен қарымы келіскен жастар тәрбиелеу мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Бүгінгі таңда аудандағы жастар үлесі 24 014-ке жетіп, халық санының 22,8 пайызын құрап отыр. Барлық ауылдық округ жастармен жұмыс жүргізетін арнайы мамандармен қамтылған. Жастар ресурстық орталығында заңгер мен психолог маман кеңес беру алаңының жұмысын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін 4 998 жасқа түрлі бағытта кеңес берілді.
Жастар саясатын іске асыру барысында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында түрлі бағыттағы 605 іс-шара өтіп, 12 623 адам қамтылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шара­ларына 1 591 жас тартылса, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында былтыр 28 маманның әрқайсысы 277 800 теңге көтерме жәрдемақыға қол жеткізіп, 1 маман 4 миллион 167 мың теңге көлемінде тұрғын үй сатып алуға несие алды. Аудан бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарында 6 403 студент білім алып жатса, «Серпін» бағдарламасы бойынша өзге өңірлерге 33 жас оқуға түсті.
Биыл жастар арасында мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды ақпараттандыру мақсатында қайтарымсыз мемлекеттік грант алу бойынша жалпы саны 11 онлайн кеңес ұйымдастырылып, 561 жас қамтылды. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл жастары мен еріктілер тұрғын үй құрылысы жұмыстарына атсалысып, қаржылай да көмек көрсетті. «Қамқор» жобасы бойынша орталық қызметкерлері аудан еріктілерімен бірлесе үй жағдайында бетперде тігіп, азаматтар көп шоғырланатын нысандарға 1820 дана бетперде, арнайы жадынамалар таратылды.
Аудандық төтенше жағдайлар және жергілікті полиция бөлімдерімен бірлесіп, аудан аумағында өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша келісілген іс-шаралар бекітіліп, қазіргі таңда бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Ең бастысы, алдағы уақытта да бүгінде жолға қойылған жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, аудан жастары тындырымды тірлігінен, ілкімді ісінен ел дамуына өз үлестерін қоса береді.

Әсет ҚҰРМАНАЛИЕВ,
аудандық жастар ресурстық орталығының директоры
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.