«Жүйрікті жүрісінен танитын адам ғана шабандоз атана алады»

0 30

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне айрықша тоқталғаны белгілі. Мемлекет басшысы жылқы жануарын қолға үйрету мен ат әбзелдерінің шығу тарихы ежелгі қазақ даласынан тамыр тартатынын баса айтты. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы ту ұстап, тұлпар мінген батырлар бейнесі де Ұлы дала халқына тиесілі екенін тілге тиек етті.
Расында да, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі жылқы малымен тығыз байланысты болған. Тіпті, ұлтымыздың әдет-ғұрыптары, сенім-нанымдарында да сәйгүліктің орны бөлек. Осы орайда, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Әулие-Ата» ұлттық спорт клубының директоры, атақты шабандоз Нұрдәулет Момыновпен кездесіп, Елбасының мақаласы мен клубтың тыныс-тіршілігін әңгіме арқауына айналдырған едік.

– Нұрдәулет Нәбиұлы, күні кеше ғана жарияланған Мемлекет басшысының мақаласынан атқа міну мәдениетіне ерекше басымдық берілгенін білесіз. Осы саланың маманы ретінде айтыңызшы, жалпы атқа міну мәдениеті дегеніміз не? Сіз оны қалай түсінесіз?
– Негізі атқа жақын адамның дүниесі бөлек болады. Жылқыға қонып, желіп отырсаң бейне бір өзіңе қанат біткендей әсер аласың. Ал көкпар тартып, бәйге аламанына түссең, тіпті жылқы малымен біте қайнасқаныңды түсінесің. Тұлпардың жүрек дүрсілі мен тынысын тыңдап, жүйріктің жүрісінен танитын адам ғана нағыз шабандоз атана алады. Егер тереңірек үңіліп қарайтын болсаң, қазақтың атқа міну мәдениеті керемет қой. Сәйгүлікті баптап, оған ауыздық, үзеңгі, таға тағып, ер-тоқым қондырудың өзі бір ғылым. Біз Аргентина мемлекетіне оқу-жаттығу жиындарына барғанда ондағылар атқа міну мәдениетімізге таңғалды. Себебі еліміздің шабандоздары аттың бауырын өкшемен қысатын болса, аргентиналықтар тіземен тік тұрып шабады. Бастапқыда мұндай әдіс көзге түрпідей көрінген. Алайда «Поло» ойынында тұлпарды тіземен қысу арқылы допты ұру ыңғайлы екеніне көзіміз жетті. Содан бұл әдісті біз де үйреніп алып, аргентиналықтардың өз әдістерін өздеріне қарсы қолдандық. Бұны көрген бапкерлері шабандоздарымыздың шеберлігіне тәнті болғандарын жасырмады. Жалпы, аргентиналықтар «Поло» ойынына келмес бұрын, ең алдымен үш жыл атқа мінуді үйренеді екен. Одан кейін қолына таяқшаны алып, ойын ережесін меңгереді. Ал біздің жігіттер ат құлағында ойнап, түрлі әдістер жасап, оларды қайран қалдырды. Жылқы жалында өскен қазақ халқының атқа міну мәдениеті осы деп білемін. Бұл біздің қанымызда бар қасиет.
– Атқа міну мәдениеті дегенде көз алдыңа бұл сөздің тәрбиелік мәні де келеді. Әсіресе, көкпар ойынында шабандоздар бір-бірін қамшымен ұрып немесе басқа да құйтырқы әрекеттер жасап жататыны жасырын емес. Бұл атқа міну мәдениетін көрсете ме?
– Әлгіндей әрекеттер бізге ата-бабамыздан жеткен. Жаугершілік заманында жаудың атын құлату немесе аттың үстінен адамды жерге алып ұру деген секілді тәсілдер ертеден қолданылған. Алдыңғы буын ағаларымыз осы әдістерді көкпар спортына алып келгеннен кейін кейінгілер де оны жатсынбады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай құйтырқы әрекеттерді қазір кез келген көкпаршы біледі. Бірақ бұл мәдениеттілікке жатпайды. Қарсыласыңа қарсы дөрекі ойнау қай спорт түрінде болмасын қолдау таппайтыны сөзсіз. Ал көкпар ойынында мұндай істер шабандоздан бұрын жылқы малына жасалған қиянат екені анық. Сондықтан аталмыш әдістерді қазір қолданбау жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Айыр қалпақты ағайындар биыл ат шаптырып, «Көшпенділер ойындарын» өткізгенде қырғыз-қазақ арасында кикілжің туғанын ел жақсы біледі. Сол кезде «атты қырғыздардан артық ешкім мықты баптай алмайды, көкпарды да асып тарта білмейді, сол себепті қазақтар қорқып қашып кетті» деген сынды әңгімелер де айтылды. Қазір екі ел арасындағы шабандоздардың қарым-қатынасы қандай?
– Ең алдымен ат баптау өнеріне келсек, біздің қырғыздардан кем түсіп тұрған еш жеріміз жоқ. Тіпті, Түркістан облысының атбегілері жаппай көкпар жылқыларын баптаудан бірінші орында тұр. Рас, көкпар аттарын баптауда қырғыздар қырағы шығар. Бірақ біз де олардан қалыс қалып жатқан жоқпыз. Оған қоса еліміздің оңтүстік өңірінде 2-3 мың атқа дейін қатысып жатқан жаппай көкпарлар ұйымдастырылуда. Мұндай көкпарлар Орта Азия елдерінің бірде-біреуінде өткізіліп жатқан жоқ. Сондықтан қырғыздар ат баптаудан немесе көкпар тартудан бізден бір табан биік тұр деп айту артық. Ол біреулердің жеке ойы ғана.
Енді қазақ-қырғыз көкпаршылары арасындағы кикілжіңге тоқталсақ, рас «Ұлы дала ойындарында» қазақ көкпаршыларына қатысты түрлі әңгімелер айтылды. Оны әркім әрқалай қабылдады. Бірақ біз жуырда Қырғызстан мемлекетінің Талас облысына барып, арнайы үлкен асқа қатысып қайттық. Бұл жолы шекарадан жеті жігіт өз аттарымызбен өтіп, аста көкпар тарттық. Айта кетейік, осылайша соңғы рет жамбылдық шабандоздар қырғыз жеріне 14 жыл бұрын барған екен. Сондықтан ондағылар бізді құшақ жая қарсы алды. Содан ас барысында қырғыздар өздерінің жеті мықты көкпаршысын қарсы қойып, төрт салымға бәйге тікті. Абырой болғанда жігіттеріміз төрт салымды да салып, қырғыздарды ойсырата ұтты. Одан кейін олар жаппай көкпарға көлік тігіп, бізді тағы сынады. «Нартәуекел» деп бұл аламанға да қатысып, темір тұлпарды ұтып алдық. Әбден ыза болған қырғыздар болмағаннан кейін тағы бір салымға 30 мың сом тікті. Ол салымды жеке өзім салып, жамбылдық көкпаршылардың мықтылығын көрсеттім. Әрине, көкпар да спорттың бір түрі болғаннан кейін ауыл ақсақалдары батасын беріп, жылқы сойдырып, күтіп шығарып салды. Және қырғыз көкпаршыларымен төс қағыстырып, бұрынғы реніш, өкпені ұмыттық. Осылайша еліміздің, облысымыздың абыройын бір асқақтатып қайттық.
– Бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық жаңалық екен. Осы орайда, облысымыздың ат спортына қайта оралып, ақсүйектер ойыны саналатын «Поло» спортын әңгіме өзегіне айналдырсақ. Бірер жыл бұрын өңірде жап-жақсы дамып келе жатқан шөген ойынының қазір кежегесі кейін тартып қалған жоқ па?
– Енді бар мәселе ақшаға келіп тіреледі ғой. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының тұсында шөген ойынына көп қаржы қаралып, аяқ алысы жақсы еді. Алайда биыл бұл спорт түрінен мүлде жарыстар ұйымдастырылмады. 7-8 шабандозымыз Англия мемлекетіне дейін барып, «Поло» ойынының қыр-сырын үйреніп келген еді, алайда оны әрі қарай дамытудың тетігі табылмады. Жоспар бойынша шөген ойынына өңірден арнайы алаң салу көзделген болатын. Қаржылық тапшылыққа байланысты бұл іс жүзеге аспады. Қазір тек Алматы облысында шөген ойынына арналған арнайы база бар. Онда шабандоздар қысы-жазы ат спортына машықтануда. Ал бізде қолайлы жағдайлар болмағандықтан, қыс бойы тек дене шынықтырумен шектелудеміз. Егер осы олқылықтың орны толса, Жамбылда шөгенді шебер ойнайтын шабандоздар жетерлік.
– Осы таңға дейін «Әулие-Ата» ат спорты клубы өз алдына дербес еді. Биылдан бастап атауларыңыз жаңарып, «Әулие-Ата» ұлттық спорт клубы болдыңыздар. Енді клубтың құрылымы қаншалықты өзгеріп, алдына қандай мақсат-міндеттер қойылып отыр?
– Иә, биыл клубтың атауы жаңартылып, құрамына көкпар спорты ғана емес, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, құсбегілік, асық ату және тоғызқұмалақ ойындары енді. Бәйге атын баптау қиын болғандықтан, ол мәселе әлі ашық күйінде тұр. Өңірдегі ұлттық спортқа жауапты мекеме болғаннан кейін біздің жұмысымыз шынында ауырлап кетті. Және зерделеп қарасам, кейбір спорт түрлерінен қанша жыл өтсе де әлі нәтиже жоқ екен. Сол себепті, қазір бапкерлер құрамын күшейтіп жатырмыз.
Рас, қазір жамбы ату спортынан жігіттеріміз жарап тұр. Биыл Оңтүстік Кореяда өткен әлем біріншілігінде Абзал Тұрлыбек және Елдос Баташ есімді екі бірдей спортшымыз чемпион атанып келді. Абзал тіпті 13 секундта бес нысананы дәл көздеп, әлем рекордын орнатты. Бұған дейін бірде-бір спортшы мұндай нәтиже көрсетпеген екен. Осы спортшыларымыз Иран мемлекетінде жамбы атудан жалауы желбіреген жарысқа да қатысып, үлкен олжамен оралды. Және спортшыларымыз келгеннен кейін қызық бір жайтты айтып берді. Иранның киелі орындарының бірінде туристерге 3D үлгідегі көзілдірік беріледі екен. Соны киген кезде көз алдыңа сол жерде болған көне шаһарлар мен ұрыс даласының көрінісі келетін көрінеді. Міне, осыны тамашалаған жігіттеріміз иллюзиялық бейнелердің арасынан «қазақ, қазақ» деген сөздерді естіп қалыпты. Содан бұл жайтты аудармашыдан сұраған кезде, ол: «Иран әскеріне ертеде қылыштасу мен садақ атуды қазақтар үйреткен. Бұл біздің тарихымызда бар дүние. Сол себепті тарихи көріністердің арасында қазақ туралы көп айтылады», – деп жауап беріпті. Бұны естігенде денеміз шымырлап, біздің де кеудемізді мақтаныш кернеді. Сонда көрдіңіз бе, қазақтың ертеден ат баптап, жауынгерлік әдіс-тәсілдерді білгені өзге елдің тарихында айтылып жүр. Осыдан-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қаншалықты ақиқаттың жатқанын аңғаруға болады.
Жаңарған клуб жұмысына қайта оралсақ, қазір жігіттеріміз аударыспақтан да мықты. Жақында Ақтөбе қаласында өткен Ашық ел біріншілігінде Нұржігіт Әмзеев есімді спортшымыз бас жүлде алып келді. Сондай-ақ 70 келіде Даулет Ережепбаев есімді саңлағымыз да биік белестерден көрініп жүр. Енді бізге тоғызқұмалақ, теңге ілу сынды спорт түрлерін дамыту қажет.
Ал клубтың негізгі күші саналатын көкпар спортына келсек, облыс құрамасы ересектер арасында еліміздің тоғыз дүркін чемпионы. Жастар құрамамыз бұл марапатқа бес мәрте ие болса, жасөспірімдеріміз екі дүркін ел чемпионы атанып үлгерді. Біз бұл жұмыстарға тоқмейілсімей, биыл «Абырой» есімді жаңа сәйгүлік сатып алдық. Қырғыз жерінде көзге көрінбей жүрген тұлпар Түркістан облысының «Намыскөк» атты атақты арғымағының өзін жекпе-жекте тізе бүктірді. Келешекте құрама сапын осындай жекпе-жек, шабуылшы, қорғаушы сынды мықты аттармен толықтырсақ деп отырмыз.
– Осы тұста көкпар ойынына қатысты «бауын тапса, байлауын таппай жүрген» бір мәселені қозғай кетсек. Жасыратыны жоқ, қазір салымды қазандыққа, әлде шеңберге салуға қатысты мамандар бір байламға келе алмай жатыр. Шабандоз ретінде ашығын айтыңызшы, көкпарды қайсысына ойнаған дұрыс?
– Бала кезден көкпарды қазандыққа ойнап келгендіктен маған ескі нұсқасы жаныма жақын. Қазір ел көкпарының ережесіне салымды шеңберге салу туралы өзгеріс енгізіп қойды. Бұл қауіпсіздік жағынан дұрыс шығар. Бірақ шабандоз салымды шеңберге тастағанда оның есеп, әлде есеп емес екенін түсінбей дал боламыз. Себебі серке шеңбердің шетіне тиіп қалса, салым есепке алынбайды. Ал оны қою шаңның арасынан бірден байқау қиын. Қазандыққа түскен салым бірден көзге көрінеді. Әрі қазандықпен көкпар тарту қызық және тартысты.
Бұл мәселені талқылау үшін жуырда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерінің өкілдері Бішкекте бас қосты. Бірақ бұл жиынның шешімі бізге әлі жеткен жоқ. Сондықтан сәл сабырлық сақтап, әліптің артын бағу керек болып тұр.
– Жыл басында «Әулие-Ата» ұлттық спорт клубы сенімгерлік басқаруға беріледі деген әңгіме айтылған еді. Қазір бұл шаруа не болып жатыр?
– Иә, жыл басында жоғарғы жақ жекеменшік басқаруға өтетіндігімізді ескертіп, біраз шабандоздарымыздың ұнжырғасы түсіп кеткен болатын. Себебі, сенімгерлік басқаруға біздің алдымызда өткен Астана мен Алматы қаласының клубтары қаржылық қиындықтарға тап болып, соңы шабандоздары жан-жаққа шашырап кетті. Шындығы керек, осының кебін біз де киеміз бе деп қатты уайымдадық. Алайда осыны жоғарғы жақта ескерді ме, әйтеуір атауымызды ұлттық спорт клубы деп ауыстырып, мемлекеттің қарауында қалдырды. Бұл біз үшін үлкен қуанышты, әрі дұрыс шешім болды.
– Алда қандай аламандар күтіп тұр?
– Келер жылы жастар арасында ел біріншілігі өтеді. Жастар арасында Азия біріншілігінде Тараз төрінде өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Ал ересектер арасындағы Сары құрлық бәсекесі Өзбекстан мемлекетінде жалауын желбіретеді. Міне, осы дүбірлі додаларға дайындық үстіндеміз. Және бірқатар шабандоздарымыз биыл тұңғыш рет Түркия мемлекетіне оқу-жаттығу жиындарына кетті. Міне, осы жампоздарымыз оралғаннан кейін алдағы аламандарға дайындықты пысықтап, ел, облыс намысын қолдан бермеуге күш саламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.