"Шабыт"

Жүз жүрекке жүк болар өнер-білім, Бір жүрекке кетті екен сыйып қалай!

Written by Aray2005

Газетіміздің өткен санында «Абайды жырла, «ARAI»-да!» атты жаңа айдар һәм байқаудың басталғаны жөнінде жазған болатынбыз. Жастар жылы мен хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған байқауға облысымыздағы 14 пен 29 жас аралығындағы ақындық қабілеті бар кез келген өрен қатыса алады. Талап бойынша әрбір үміткер Абай Құнанбайұлына бір немесе бірнеше арнау өлеңдерін және өзі туралы мәліметті редакцияның электрондық поштасына (aray2008@mail.ru) жолдауы тиіс. Аталмыш байқауға алғашқылардың бірі болып Талас ауданы, Есей би ауылындағы «Қаратау» орта мектебінің 10-сынып оқушысы Балнұр Амангелді мен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Журналистика» мамандығының 2-курс студенті Ғайникен Райымбекова, «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің психологы, жас маман Марал Хантөре арнау өлеңін жолдады. 

Хәкім Абайға

Асқар шың биік, шоқ жұлдыз болған, қалың ой, біздің қазаққа,
Өлеңі жанды тербейтін әсем, толы ғой сырлы ғажапқа.
Құндылық ұлы, көркемдік қуат – айтылған қара сөздері,
Мұрағат шексіз қалдырған бұлай, фәниде ғалым аз артта.

Өр рухты дана,тау тұлға дара, мақтаныш болған Абайым,
Алашқа біткен батпандай баққа өзіңді мәңгі балайын.
Асыл істерге үйретуменен, жамандықтардан жерінтіп,
Орната білдің ізгілік пенен мейірім алтын сарайын.

Жеткізе білдің халқыңның кем тұс, осалын және зар-мұңын,
Байларды сынап, жағында болдың кедей мен кепшік, жарлының.
Маржан сөзіңмен тереңге нұсқап, бағдарды берді ойларың,
Сүюге баулып, бауырым деумен адамзат аттың барлығын.

Абайдың жырын оқыған сайын шабытым бойда тасынған,
Жетелеп үміт, алысқа бастап, тынысым терең ашылған.
Зере мен Ұлжан анаға айтар алғысы шексіз қазақтың,
Бергені үшін Абайдай бізге кемеңгер және асыл жан.

Сөз құнын ұққан, оқыса өлең сусаған жырға тояды,
Абайдың жыры – бұлақтай аққан, жоқ ешбір қосу, бояуы.
Ұмытпас ұрпақ артында барда қазақтай ұлы халықтың,
Өлең – сөз патша жалғасын тауып, қанатын кеңге жаяды.

Қазынам болдың сақтаған тұнық жалғасын тапқан талайдан,
Сөздерің семсер, нұр себер жанға болып жүр менің ар-айнам.
Негізін салып әдеби тілдің, әлемге күллі паш еткен,
Қазақты таныр өзгелер дәйім, ғұлама, хакім Абайдан.

Өмірде түрлі өтерміз белес, өзендей болған ағыстан,
Жүрек түкпірде сағымдай болған тарихты сақтап алыстан.
Тұтас бір дәуір тұратын ұлы тұлға бар, бірақ мәңгілік,
Әдебиет, өнер атасы болған, кемеңгер Абай данышпан!

Марал ХАНТӨРЕ

 

Кемел ой, көркем мінез кемеңгерім 

Абайдай ұл тудырған нағыз дана,
Тербеткен текті ұрпақты абыз дала.
Мен сенің топырағыңа тәу етемін,
Жыр арнау аздық етер жалғыз ғана.

Дана Абай, дарқан Абай, дара тұлғам,
Өн бойы өлмес жырдан жаратылған.
Құлыны Құнанбайдай текті атаның,
Ұлжандай ұлы кеуде ана туған.

Аялап ана жанын армандар мың,
Әкенің әз үміті жалғанды әр күн.
Баба түкті шашты Әзіз аян беріп,
Есімін қойған екен пайғамбардың.

Шыр етіп Шыңғыстаудың бөктерінде,
Жас шынар шыңды жарып көктедің де.
Мыңмен жалғыз алысып, арпалыстың,
Өмірдің асу бермес өткелінде.

Болар ұл шамын жағып дара үміттің,
Бұғауын ерте үзеді балалықтың.
Қалдырып Қарауылға құлын шағын,
Аттанды ауылына даналықтың .

Ұланкөк ұлы сөзге ұйып талай,
Арда ұлдың маңдайынан сүйіпті арай.
Жүз жүрекке жүк болар өнер-білім,
Бір жүрекке кетті екен сыйып қалай!

Ар емес пайда ойлаған пасықтардың,
Білемін жаныңды сан жасытқанын.
Қалың елің – қазақтың қамын жедің,
Қалғанша ақтық демің, қасық қаның.

Кемел ой, көркем мінез кемеңгерім,
Өртейді өзегімді өлеңдерің.
Жасын жыры жүректі тіліп түсер,
Қай жерім кем түседі сенен менің!

Ғайникен РАЙЫМБЕКОВА

 

Жетелейді ұрпақты тек өрлерге 

О,Абай, дана Абай, ұлы Абай,
Хикметің ұғынғанға құбыладай.
Кестелі, көркем жырың қазыналы,
Жүректе жарқырайды шұғыладай.

Бас иемін данышпан кемеңгерге,
Арнадың ұлағат сөз өрендерге.
Сіздің айтқан қара сөз, жыр моншағы,
Жетелейді ұрпақты тек өрлерге.
Рухыңның ұрпақпен ұғысуы,
Мәңгілікке мәлім тек құны, сыры.
Сіздің маржан мұраңыз бізге аманат,
Ұлылықтың көз жетпес ұлы шыңы!

Балнұр АМАНГЕЛДІ

ПІКІР