Елден хабар

Жүздіктен үздік — Дінмұхамбет

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырыла бастаған Президенттің кадрлық резерві жастар үшін баламасы жоқ жобаға айналды. Әрі резервке іріктеудің жасы 35-тен аспаған сан түрлі салада еңбек етіп жүрген қызметшілердің арасында жүргізілуінен-ақ бұл бастаманың Жастар жылымен үндесуін аңғаруға болады. Сәйкесінше жамбылдық жастар да бұл жобаға белсене қатысып, мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордағы қызметке тағайындау жасауда Президенттің жіті назарында болатын 300 жастан тұратын кадрлық құрамның сапын толықтыруға барын салды.

       Ресми мәліметтерге жүгінсек кіл мықтыдан шын мықты 300 маман іріктеліп алынатын Президенттің кадрлық резервіне 13 212 қазақстандық жас кандидат ретінде тіркелген. 5 кезеңнен тұратын жобаның алғашқы сынында 5745 жас өз мүмкіндігін саралап көрген екен. Мұндағы 902 үміткердің келесі кезеңге жолдама алуының өзі іріктеу сындарының күрделілігін көрсетеді. Үміткерлердің теориялық білімдері сыналар екінші кезеңнен 549 жас сұрыпталып шықты. Ал қарым-қабілетті тануда бірнеше сатыдан тұратын үшінші кезең қорытындысымен 400 үміткер Нұр-Сұлтан қаласында сарапшылық комиссия мүшелерімен сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Келер аптаның соңына қарай аяқталатын сұхбаттасу кезеңі кадрлық резервке іріктеудің соңғы сыны саналады. Мұнан соң өздерінің білім-білігін, қарым-қабілетін жан-жақты дәлелдеуге тырысқан жастар ҚР Президенті жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия отырысының шешімін күтеді.

Дәл осы отырыстың шешімінен сүйінші хабар күтіп жүрген жастың бірі жерлесіміз Дінмұхамбет Райымбеков.  Жалпы облыстан жобаға 130-қа жуық жамбылдық жас қатысқан болса олардың ішінен тек Дінмұхамбет Бахытұлы ғана ақтық мәреге дейін сүрінбей жетіп, сұхбаттасу кезеңіне жолдама алған 400 жастың қатарынан табылды.

–Мен қазіргі таңда Атырау облысындағы Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. Мамандығым инженер-құрылысшы. Өз қызметімде кен орнындағы мұнай өңдеу зауыттарының күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысамын. Президенттік кадрлық резерві жайындағы ақпаратты жаңалықтардан естідім де өз бағымды сынап көруге бекіндім. Алғашқы екі кезеңде онлайн тест тапсырып, теориялық қабілеттерімізді дәлелдеу талап етілді. Мұнан соң әлеуетті бағалау сынына жолдама алдық. 3 сатыдан тұратын бұл кезеңнің алғашқы тапсырмасы эссе жазу болды. Одан соң өз саламызды жетілдіру бойынша жоба қорғап шықтық. Ал үшінші тапсырма командалық ойын түрінде өрбіді. Осы орайда 3 кезеңдегі барлық сынақтардың онлайн-режимде өткізілгенін атап өту керек. Бұл жастарға негізгі қызметінен қол үзбестен өзіне ыңғайлы уақытта сынақтарды тапсыруға мүмкіндік берді. Біз тек сарапшылық комиссия мүшелерімен сұхбаттасу үшін ғана Нұр-Сұлтан қаласына бардық, –дейді жоба қатысушысы.

      «Ақыл жастан…» дейді дана қазақ. Бұл орайда Президенттің кадрлық резерві сынды бірегей жобалар арқылы жастардың мемлекеттік басқару ісіне келуі қуантады. Ал бұл резервтің бірнеше кезеңнен тұратын сындарынан сүрінбей өткен жастардан құралуы да сенімді нығайта түсері анық.

Жастар – елдің ертеңі. Дегенмен ол жастарға бүгіннен өзін көрсетуге, мемлекеттік биліктің сан түрлі тармағында басшылық қызметте  қабілетін бағамдап көруге мүмкіндік беру  де болашақтың қамы үшін жасалып жатқаны даусыз.

ПІКІР