«Жүзінен арай төгілген жан еді…»

0 320

Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстан және КСРО халық артисі,
Қазақстанның Еңбек Ері:

– Әкем майданнан оралмай, анам 23 жасында жесір қалды. Отбасымызда үш бала болдық. 1946 жылы балалар арасында эпидемия тарап, екі қарындасым індеттен кішкентай кездерінде көз жұмды. Үшеуміз де ауырғанбыз, пешенеме ұзақ өмір сүруді жазған болар, әйтеуір айығып, аяғыма тұрып кеттім. Әйтпесе ол кездің медицинасы тым әлсіз еді ғой.
Майдан уақытына тап келген балалықтың несін айтайын. Азаннан қара кешке дейін колхоздың жұмысы. Қырманнан астық қаптадық, мал бақтық, бейнеттен көз ашқан жоқпыз. Анам да сол колхоздың жұмысын істеп жүрген. Салт басты болған соң Ресейдің Новосибирскісіне 1 жылға ағаш кесуге жіберді. Келгеннен кейін Кентау қаласына барып жұмыс істеді. Анам Кентауда, мен ауылда болдым. Кейін колхоздың жұмысының ауыр екенін айтып, сол жаққа барғыштап жүрдім де, Кентауда қалып кеттім. Қайдам, жұмыс та ауыр шығар, шындап келгенде анамды сағынғаннан кеттім. Бұл 8-сыныпты бітірген кезім.
9-10-сыныптарды Кентауда бітірдім. Шешем наубайханада істейді. Жасы әлі қырыққа келмеген кезі болуы керек. Анам нан пісірген соң аздап қарын тойды. Жарты құрсақ боп жүруден құтылдық.
Мен жоғары сыныпта оқып жүргеннен бастап, анам айлығынан жырымдап ұн жинай бастады. Ол кезде астық қоймада қаптап тұру деген түсімізге де кірмейтін. Ақ ұнның нанын қолы жеткендер ғана жейтін. Мектеп бітіріп, қолыма аттестат тиген кезде қап та ұнға толған болатын. Досым, халық артисі Райымбек Сейтметов екеуміз бірге оқығанбыз. Оқуға жолпұл ету үшін екеуміз сол бір қап ұнды базарға саттық. Ол кезде қыр қазақтарына базарда тұру ерсі көрінетін. Үсті-басымыз ұн-ұн боп, базарда түрғанымызды сыныптас ұл-қыздар, ұстаздар көріп қоймасын деп ұяламыз. Бірақ әп-сәтте сатып жібердік. Бағасы қымбат па әлде берекелі болды ма, сол бір қап ұн Алматыға келгеніме, алғашқы уақыттағы қажеттіліктеріме әбден жарады.
Алматыға қалап келген оқуыма түсе алмай, консерваторияның жанынан «Актерлік өнер» факультеті ашылып, соған құжаттарымды тапсыруға тура келді. Шынымды айтсам, бұған дейін бойымда әртістік өнер жоқ еді. Әйтеуір, ауылға құр қайтпайын деген мақсат қой.
Әртістің оқуын анам ұнатпайтын. Алғаш естігенде «Не дейді, ойбай, тұқымымызда әртіс жоқ еді», деп біраз бұлқынды да «Мейлі, жерде қалмассың!» деп ықыласын, батасын берді. Содан кейін ол кісі Алматыда біржола қалғанымды қалады. Үлкен қалада өмір сүрсін дегені болуы керек. Оқуды бітіргенше артымнан тапқан-таянған қаражатын жіберіп тұрды. Оқып, білім алуым – ең алдымен анамның арқасы.
Оқу бітіріп, үйлі болғанда анам Алматыға қолыма келді. Ол кезде 43 жаста болатын. Алматыда менімен тағы 43 жыл өмір сүріп, 86 жасында қайтыс болды. Өз қолыммен шығарып салдым. Тірісінде анамнан қолымнан келген жақсылығымды аяғаным жоқ. Маған риза болды деп ойлаймын. Менің сомдаған кейіпкерлеріме, түскен киноларыма марқайып, қуанған сәттері көп болғанымен бақытты болып кетті ме, оны айта алмаймын. Себебін өздерің де білесіңдер, екі немересі Сағи мен Мәдиімнен ерте, мезгілсіз айырылды ғой. Екеуі де еркелеп, бауырында өсті. Жазғы демалыс кездерін ылғи анаммен ауылда өткізді. Олар мені «Аға» дейтін. Қазақы салт бойынша солай ғой бізде.
Анама тартқан сияқтымын. Келбетім де, мінезім де көп ұқсайды ғой деп ойлаймын. Әкемді көргендер «Әкеңе ұқсайсың» дейді. Соған қарағанда екеуі де бір-біріне ұқсас болған-ау деймін.
Бір жолы келіні Майра екеуі бірдей ауруханаға түсті. 8-наурыз күні болатын. Екеуін қатырайын дедім де, үйдегі тұрған екі бірдей хрусталь ыдысты жылтыр қағазға орап апардым. Бөлмеде бірге жатқан әйелдердің бәрі риза. Анама қарасам ыдыстарды танып тұр ғой, «Сындырып алмай, үйге апарып қой», деп жымияды.
Анаммен Алматыда бір шаңырақ астында өте тату өмір сүрдік. Үйдің толық қожайыны – өзі. Ауылдан келген еттің бәрін өзі реттеп, қазанның дәмін келтіретін. Бірде ауылдан біраз ет келген. Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметовтерді шақырып қонақ қылдық. Ол кезде қазіргідей тоңазытқыш жоқ. Қазанға салған еттен қалғанын балконға жайып қойғанбыз, азанда қарасақ ұрлап кетіпті. Енді қайттік? Әйелім Майра: «Ертең апам келсе не дейміз?» деп маған қарайды. Ойыма бір қулық келіп, «Үндеме, ертең өзім айтамын», дедім. Ертесіне анам келді, ет болса жоқ. Біраз уақыт бұрын інісі қайтыс болғанын жеткізерде қалай жеңілдетіп айтамын деп ойлап-ойлап келіп, бірдеңені айтқандай, «Пәленше қайтыс бопты» деп жеткізе салғаныма, «Адам мұндай қазаны жөндеп жеткізбей ме?!» деп ренжіген болатын. Сол оқиғаны еске алғандай, алдына ақырын отырып, түрімді байсалды кейіпке келтіріп, «Адамның өмірі біреуге ұзақ, біреуге қысқа. Ажал айтып келмейді!» деп сөзімді созбалаңдай бастап едім, «Не болды? Айтсайшы тез!» дегенде, «Жай, балкондағы етті ұрлап кетіпті», дей салдым. Анам: «Етің неге құрып кетпейді, мен біреу қайтыс болды ма деп зәрем кетті», деп отыра кетті.
Майра екеуі өте тату тұрған. Келіні қайтыс болғанда «Періште болып келіп, періште болып кеттің ау» деп жоқтап еді. Майра шетелге шыққан сайын апама сыйлық алу керек деп жүретін.
Мен үлкен шешейдің үйінде тәрбиелендім. Ол кісі әкемнің ағасының әйелі ғой. Шешем іссапарға кеткенде сол кісімен болдым. Ол кісі 5-6 бала туғанымен бәрі шетінеп кеткен. Содан ол кісі бізді тәрбиелеген ғой. Сондықтан мен апамды «Апа» деп атаған емеспін. Аты жоқ мен үшін. Ол кісі де менің атымды атамады. «Бала» дейтін. Кейде оңашада маған жақындап, емірене берсе үлкен шешеміз қызғанып, ыңғай бермейтін. Ауырып, демі шығарда енді бір естіп кетсінші деп «Апа» дедім. Сөйтіп едім, маған ала көзімен қарап, «Жоғарыда олар естіп, көріп тұр ғой», деді. Ана үлкен шешең ренжиді дегені ғой. Қолымда тұрғанда жеңгем ретінде қалжыңдай берем. Кейде жұмыстан кеш келгенде кереуеттен құлатып кетем. «Өй» дейді де қояды. Ұрысқан емес. Адамда арман таусылған ба. Кейде осы неге анамды құшақтап, еркелетпедім екен деп армандаймын.
Осы уақытта анам жиі түсіме кіреді. Тірі күніндегідей қорғаштап, қамқор болып жүреді. Алматыға алғаш келгенінде көрші кемпірлермен дос болып, бірге отырғаны, немерелерін жетелеп жүрген кездері көз алдымда тұрады. Кейіннен бәрі жан-жаққа кетіп, өзі жалғыз қалды. Оның үстіне 1993 жылы келіні Майра дүниеден озып, артынша 1999 жылы қос перзентімізден қапияда айырылып, үйде екеуміз ғана қалдық. Соның бәрі ана жүрекке қалай оңай соқсын.
Мен жұмыста болатынмын. Таңертең апам тың сияқты көрінген соң уайымдамай жиналысқа кетіп, қайта келгенімше қайтыс болыпты. Жарықтық анам соңғы рет демі шығарда саусағын көрсетіп, мені меңзепті.
Адам баласы үшін анасын құрметтеуден асқан мәртебе, ренжітуден асқан өкініш жоқ. Қандай уақыт болса да, қандай жағдай болса да аналарыңды құрметтеңдер, қарақтарым!

Leave A Reply

Your email address will not be published.