Жүзу жарысының жүйрігі – Виктория

0 1

Су спортының бір түрі – су добы. Спортшы жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жүзуден бөлек, сүңгу, малту, су астымен жүзу, көркем жүзу секілді әдіс-тәсілден хабардар болуы керек. Осындай ерекшеліктерге ебі бар тараздық жас Виктория Каплун – шаһарымыздағы «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледждің студенті. Ол су добы спортынан халықаралық жарыстарда ел мерейін үстем еткен жастардың бірі.

Аталған оқу орнының «Бастауыш білім беру» мамандығының І курс білімгері Виктория Тараз қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №29 орта мектепте оқыпты. Ол спорттың доппен жүзу түрінен 9 жасынан бастап айналысқанын айтады.
– Жасым 15-те. 4-сынып оқып жүргенімде су добы спортының жаттықтырушылары үйірмеге қатысуыма болатынын айтты. Десе де оқушылардың ішінде жүзуден икемі бар балаларды ғана іріктеп алды. Мен аталған спортпен осылай шұғылдана бастадым. Жалпы суда жүзудің адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Осы арқылы жүзудің әдістерін тыңғылықты орындауға дағдылануға болады. Жүзген кезде қимыл-қозғалыстың әсерінен дененің барлық бұлшықеттері бірдей жұмыс істейді. Мұның өз денсаулығыңа және тұлғаңның сымбатты болуына тигізер әсері мол. Негізінен суда еркін жүзуді толық меңгергеннен кейін сынға түсуге болады. Себебі жай ғана жүзуге қарағанда су добында айтарлықтай кедергі болады. Осы кедергіні еңсеріп, жетістікке жетудің де түрлі тәсілдері бар, – дейді Виктория Каплун.
Оның алғашқы жаттықтырушысы – Константин Гремнев есімді білікті бапкер. Ол Викторияны 2017 жылдан бастап жаттықтырып келеді екен. Десе де, қазір бапкердің денсаулығына байланысты Наталья Ладо есімді жаңа жаттықтырушы тағайындалыпты.
– Үнді елінде өткен үлкен бір додада Қытай командасымен кездесіп, жеңіске жеткен біздің елдің спортшылары марапатталып жатқанда, Әнұран техникалық ақауларға байланысты өшіп қалғаны есте. Бірақ, біздің жастар аспай-саспай, сол жерде Әнұранды өз дауыстарымен айтып шыққан еді. Осы оқиға түрлі әлеуметтік желіде тарап, спортшыларға елдің білдірген ықыласы ерекше болды. Бұл жұртшылықтың оларға деген зор құрметі деп білемін. Ол спортшылар Тараз қаласының атынан сынға түскен жерлестеріміз, яғни олардың арасында Виктория да бар еді. Осындай еліміздің патриот жастары барда ел абыройы асқақтай беретініне сенімім зор, – дейді бапкері.
Виктория ұлттық құраманың командасы сапында Өзбекстан, Ресей, Үндістан мемлекеттерінде өткен әлемдік додаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ол Өзбекстанда ІІ орын, Үндістанда ІІІ орын иеленді. Ресейден де жақсы нәтижемен оралыпты. Алдағы уақытта жоспар бойынша жарыстың төртінші кезеңінде сынға түсуді көздеген жерлесімізге тек жеңіс тілейміз!

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.