Жамбыл жаңалықтары

Жабайы базарлардың жай-күйі алаңдатады

Written by Aray2005

Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап, бірқатар құрылыс нысандарының тынысымен танысты. Бердібек Машбекұлы Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық жобалар мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру, карантиндік шектеу шараларын сақтау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын барлады.

Атап айтсақ аймақ басшысы облыс орталығындағы Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов және әл-Фараби көшелерінің, Қойгелді көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі жылу желілерін жөндеу жұмыстарын көрді. Желілердің ұзындығы 866 метрді құраса, мұнда мердігер «Агроспецстрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Аталған нысандарғда бұған дейін болған облыс әкімі құрылыс қарқынын арттырып, жұмысты бірнеше ауысыммен орындау бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінде құрылыс нысандарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Бердібек Сапарбаев ыстық сумен қамтамасыз етуді тезірек қалпына келтіру үшін нысандарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде пайдалануға беру керектігін баса айтты.
Бұдан соң облыс әкімі «Қаратау» ықшамауданындағы әмбебап спорт алаңында болды. Айта кету керек бұл спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен облыс әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған. Бердібек Сапарбаев алаңдарды аралап, ондағы тұрғындарды әңгімеге тартып, санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Осы шағын аудандағы учаскелік полиция инспекторымен бірге облыс әкімі жабайы сауда базарларының жай-күйін барлады. Бір ай бұрын аймақ басшысы сауда дүңгіршектерін орнатудың заңдылығын қарастыруды тапсырғанымен, қала билігі бұл мәселемен толықтай айналыспағандығы байқалады.
Облыс басшысы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа бұл мәселені тездетіп шешуді, сауда орындарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын барынша қадағалауды тапсырды.
Қаланы аралау барысында облыс әкімі «Тараз» ӘКК-нің азық-түлік өнімдері жеңілдетілген бағамен сатылатын бірқатар әлеуметтік павильондарға да ат басын бұрды. Бердібек Машбекұлы бағаларды тексеріп, сатушылармен әңгімелесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін атап өтті.
Сонымен қатар аймақ басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысына да ат ізін салды. Мұнда қазір жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары басталған. Құрылысшылар сарқырама соғу, жағалауды жабдықтау, кешен мен кесененің арасында тікелей жаяу жүргіншілер аллеясын салатын болады. Жобаның келесі кезеңінде көпестердің дүкендері қамтылатын ортағасырлық бекініс салу ісі жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР