Жағдайы төмен науқастарға тегін дәрілер таратылды

0 0

Коронавирустық инфекция салдарынан өңірімізде кейбір тұрғындардың тыныс алу қиындай түссе, енді екіншілері ауруын асқындырып бақилыққа бет түзеп жатыр. Бұл шындық. Осы күнге дейін «Сақтық шараларын ұстандық» деп келген жұртшылықтың кейбірі індет жан алқымнан алғанда шырылдап, дәрі-дәрмек іздеп дәріхана жағалауда. Алайда олардың барлығының бірдей дәрі-дәрмек алуға жағдайы келе бермейтіні тағы бар. Осы ретте қолында қаржысы бар азаматтар бұл мәселеге бей-жай қарамай, мұқтаж адамдарға көмектесіп, кеңпейілділік таныта бастады. Бұл еліміздегі «Біріксек бәрін жеңеміз!» деген бастаманың шынайы көрінісі екені даусыз.

Кеше Тараз қаласындағы «Ақбұлақ» ықшамауданында орналасқан «Әмір және Д» дәріханасында аталған дәріханалар желісі әкімшісі мен Тараз қаласы әкімдігі және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен мұқтаждарға тегін дәрі-дәрмек таратылып, облыстағы бірқатар емдеу мекемелеріне оттегі концентраторы берілді. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмек қорапшаларын өңірдегі жағдайы төмен, дәріге аса мұқтаж 1000 адамға тарату жоспарланғанын айтады.
– Оттегі концентрат алу үшін «Көкжиек — 2030» сүт зауыты 6 миллион теңге, дәрі-дәрмек үшін Жамбыл ауданында орналасқан «Суперфарм» формацефтикалық зауыты 5 миллион теңге берді. Бұл шарадан корпарация қызметкерлері де қалыс қалмай, 1,5 миллион теңге қаржы жинап, өз үлесін қосып отыр.«Суперфарм» фармацефтикалық зауыты 700, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 200 адамға жететін дәрі-дәрмек қорапшасына қаржы жинап берді. Бұдан бөлек өзге кәсіпкерлер қаржылай үлес қосуда. Бір дәрі-дәрмек салынған қорапшаның бағасы 12 мың теңгеден асады, – деді Олжас Есалханұлы.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, өңір басшысының тапсырмасымен арнайы қаулы бойынша оттегі концентраторы қажет деген ауруханалар мен ең керекті деген дәрі-дәрмектің тізімі жасалып, дәрі-дәрмек тізіміне асперин, парацетомол препараттарынан бастап екпе сұйықтықтарына дейін еніпті. Бұл қорапша бір адамның 7 күн бойы ем алуына есептелген. Ал оттегі концентраторының шетелден бүгінде 36 данасы жеткізілген. Хамит Саттарқұлұлы облыстағы әр медициналық ұйымда мобильдік топ жасақталғанын, олардың саны 214 екенін, олар ауру бойынша шағымданған тұрғындардың денсаулығын қарап, үй жағдайында ем алуы қажет деп танылған науқастың тұрмысы нашар болса, аталған дәрі-дәрмек қорапшасымен қамтылатынын айтты.
– Мына дәрі-дәрмек қорапша­ларындағы барлық препараттар өкпенің қабынуына қарсы қолдануға арналған. Мұны ауруы орташа және төмен науқастар пайдаланады. Жалпы коронавирусқа шалдыққан науқастар үшін ауруханада орын жеткілікті. 670 орынның 47,7 пайызында дертке шалдыққандар жатыр. Елдер аты жаман ауруды үйде емдеп жатыр деп ойлап қалмауы қажет. Олар ауруханада жатып, вирусқа қарсы ем алады. 1000 қорапша стационарлық жағдайда ем алатындарға берілетінін айтқым келеді, – деді ол.
Дәрі-дәрмектер мен оттегі концентраторын сатып алу үшін медицина мекемесі ретінде «Әмір және Д» дәріханалар желісі келісімшартқа отырған екен. Оның атқарушы директоры Ләззат Айтқұлова «Армед – 7F-5L» оттегі концентраторы Федерациясында өндірілгенін және емдеу ісінде отандық препараттармен Қытайда жасалғанын хабардар етті.
– Елімізде болып жатқан жағдай халыққа өте ауыр тиіп жатыр. Аты жаман індетке шалдығып өмірден озғандардың бірі ағайын-туысымыз болса, бірі жекжат-жұратымыз, ал енді бірі елге танымал қадірлі жандар. Бөтен ешкім жоқ. Осындайда бәріміз бірігіп, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ» қана індетке тосқауыл бола аламыз. Ізгі ниетпен біреуінің құны 500 мың теңге тұратын оттегі концентраторының 10 данасын сатып алу үшін жеке қаржымды аудардым. Бүгін соның біреуі облыстық ауруханаға, қалғаны Жуалы, Жамбыл, Талас, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарына жөнелтілді. Қазір игі іс жасағаным үшін көңілім жай тапқандай болып тұр. Өйткені науқастар үшін нақ осы аппараттың қажеттілігі жоғары. Менің сауапты ісім халқымызға аз да болса көмек болып, ауруға дем береді, мемлекетке жеңілдігін тигізеді деп сенемін, – дейді «Көкжиек — 2030» сүт зауытының бас директоры Әбдіғали Бегімбетов.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасынан кейін қайырымдылық жасауға ниеттенген қалталы азаматтардың қарасы көбейгенін, «Әмір және Д» дәріханалар желісі аппараттар мен препараттардың бастапқы құнына бір тиын қоспай, өндірушінің бағасымен жеткізіп бергенін айта келе қараша халыққа қол ұшын созған азаматтарға тұрғындар атынан алғыс білдірді.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.